Сайлау • 23 Шілде, 2021

Ауыл болашағы әкіміне байланысты

339 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ауыл болашағы жақсы­лық­қа ұйытқы бола білетін, хал­қын ілкімді істерге бас­тап, баянды шаруаға ба­ғыт­тайтын ауылдық округ әкімдеріне байланысты екен­дігі әлімсақтан бел­гілі. Сондықтан да жұрттың ақ­жа­рыл­қап күннен үміті зор.

Ауыл болашағы әкіміне байланысты

Мәншүк ауылы – етек-жеңі кең пішілген елді мекен. Ауыл ша­руа­шылығына ар­налған 25868 гектар жер бар, 12 ұжымдық ша­руашылық жұ­мыс істейді. Бір серіктестік пен 5 жеке кәсіп­кер ауылдас­тарына жұмыс тауып беріп, нәпақаларын айырып отыр. Ауылдағы 955 тұрғынның 455-і дауыс бермек.

Ауыл әкімі болып сайланудан ауылдық округтің бұрынғы әкімі Ғани Исаев үмітті. Ауыл әкімі болып тұрған кезінде бір­шама шаруаның басын қа­йы­рыпты. Жас мамандарға ар­­налған бес пәтер­лік жатақ­хана, балабақша, ауыл клубы мен мектебін жылумен қам­тама­сыз ететін қазандық са­­лын­ған. Ауыл мектебі күрделі жөн­деу­ден өткізілген. Тұр­ғын­дар қазір жа­санды жа­мыл­ғы жабыл­ған футбол алаңы мен кең де жа­рық дәм­хананың игі­лігін көріп жүр.

Парламент Мәжілісінің депу­таты, Nur Otan партиясы де­путаттық фракциясының мү­шесі Мәди Елубаев ауыл әкі­міне үміткермен кезде­сіп, бір­неше әлеуметтік-тұр­мыс­тық ны­сан­ды бірге ара­лап көрді. Жер­гілікті әкім­ді сай­лауға байланыс­ты ұйым­дас­тырылған жиынға қа­ты­сып, саяси науқанның мән-ма­ңы­зын түсіндіріп берді.

Кездесу барысында ауыл­дағы шағын және орта кәсіп­керлікті дамыту мәселелері егжей-тегжейлі сөз болды. Мәжіліс депутаты алдағы сай­лаудың мәні туралы ауыл тұр­ғындарына таратып айта келіп, Nur Otan  партиясының елдің әлеуметтік жағдайының жақсаруына аянбай атсалысып жатқандығына тоқталды. Әсіресе ел экономикасының дамуына айрықша көңіл бөлініп отыр. Жаңа жұмыс орындарын ашу, жұмысшылардың ең­бекақыларының толымды болуы, бәсекеге қабілетті отан­дық өнімді көбейту, жаңа өн­діріс орындарын ашу мә­се­ле­лері – партия алға қой­ған мін­д­еттер. Жетекші партия­ның де­меуімен әркімнің мүм­кін­­дігіне орай алдынан ақ жол ашы­лып, кеңістігі кеңейе­тін­дігі тілге тиек етілді. Содан ке­­йін ауыл әкімдігінен үміткер Ға­ни Қуантайұлы сайлауалды бағ­­дар­ламасымен таныстырды.

Ауыл тұрғындары өз  таң­дауын жасауға ықыласты. Олар туып-өскен елді мекендерінің алдағы тағдырын кімге сеніп тап­сыратынын енді өздері ше­шетіндігіне қуанышты.

 

Ақмола облысы,

Целиноград ауданы