«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жақында Үкіметке бизнестің қатаң карантиндегі жұмыс алгоритмін ұсынған еді. Кейін Мемлекет басшысының қатысуымен өткен кеңейтілген кеңесте Ұлттық палатаның бірқатар ұсынысы қабылданған болатын.
Жалпы Палата Ashyq жобасы арқылы анықталып жатқан фактілердің азаймай отырғанын айтып келеді. Олардың мәліметінше, бүгінге дейін Ashyq-қа 18 014 нысан қосылған. Жоба аясында адал қызмет атқармай отырған, яғни келушілердің мәртебесін тексермей өткізген 1588 бизнес субъекті жобадан алынып тасталған. Әрине, қазіргідей пандемия кезінде бұл – бизнес өкілдеріне айтарлықтай соққы. Өйткені Бас санитарлық дәрігердің қаулысы бойынша, тек жүйеге қосылған кәсіпкерлік нысандары ғана жұмысын әрі қарай жалғастыра алады. Сондықтан ҰКП кәсіпкерлерге Ashyq жобасының тиімділігін күнделікті түсіндіріп, бизнесті адал атқаруға шақырып келеді.
Сырттай қарағанда Ashyq жүйесіне тіркелу оңай сияқты көрінеді. Бағамдасақ, кәсіпкерлік нысандарын жүйеге қосу ұзаққа созылатын, бюрократиялық кедергілерге әкелетін процесс көрінеді. Мұны бастан кешкен кейбір кәсіпкер Палатаға жеткізіп, мәселені шешіп беруді сұраған екен. Осыдан кейін «Атамекен» басшылығы Мемлекет басшысына шығып, бизнес субъектілерін Ashyq жобасын пайдаланатындардың қатарына қосу талаптарын оңайлатуды сұраған.
«Атамекен» ҰКП ұсыныстарын Мемлекет басшысы назардан тыс қалдырмады. «Бұл жүйенің операторы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы болғанына қарамастан, объектілерді тізімге қосу талаптарын оңайлатуды қайта қарау қажет. Мемлекет Ashyq және өзге де цифрлы құралдарды пайдаланатын бизнес нысандарын қолдауға тиіс. Екінші жағынан, мұндай мониторинг шараларын елемейтін кәсіпкерлерді қатаң жазалау керек. Бұл мәселе әкімдердің ерекше бақылауында болуы керек. Сонымен қатар соңғы уақытта вирус жұқтырғандармен байланыста болғандар, яғни қоғамдық орындарға баратын «қызыл» және «сары» мәртебесі бар адамдар саны артып жатыр», деген еді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы вирусқа қарсы жаппай иммунитет қалыптастыруға кәсіпкерлер де белсенді атсалысу керектігін ескертті. «Вакциналау мәселесінде отандық бизнестің ымырашылдық ұстанымы өте маңызды. Өйткені ұжымдық иммунитетке қол жеткізбестей бизнеске қойылған санитарлық шектеу шараларын толығымен алып тастау мүмкін емес. Біз барлық құрал, соның ішінде әлеуметтік желілер арқылы вакцинаның маңызын айтып, елдің санасына сенім ұялата білуіміз керек. Батыстың кейбір дамыған елінде сендіру әдістері мәжбүрлеу шараларына ауысты. Тек ірі еңбек ұжымдарының қызметімен байланысты ерекше жағдайларды қоспағанда, біз мұндай шараларды қабылдамаймыз», деді Президент.