Медицина • 23 Шілде, 2021

Жекеменшік клиникалар көбейді

514 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Медициналық сақтандыру жүйесі халыққа көрсетілетін сапалы медициналық қызметтің қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталған. Жүйе енгізілгелі бері пандемия жағдайындағы кедергілерге қарамастан біраз жұмыс атқарылып жатыр. Айталық, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасып, елге қызмет көрсетіп жатқан жекеменшік клиникалардың қатары артуда.

Жекеменшік клиникалар көбейді

Бұл жөнінде Әлеуметтік меди­циналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұр­лыбек Қабдықапаров жан-жақты мәлімет берді.

«2021 жылға арналған сатып алу жоспары бойынша елордада тұр­ғындарға медициналық көмек көрсету үшін 17,2 млрд теңге, оның ішінде тегін кепіл­дендірілген медициналық көмек көлемі аясында 9,2 млрд теңге, ал меди­циналық сақтандыру паке­тіндегі медициналық қызмет­терге 8 млрд теңге қарасты­рыл­­ған. Қазіргі уақытта қор Нұр-­Сұлтан қаласы бойынша 108 медициналық қызмет жет­кізу­шімен шарт жасалған, оның 71-і – жекеменшік клиникалар. Жыл өткен сайын тұрғын халыққа ме­дициналық қызмет көрсететін жекеменшік қызмет жеткізушілер үлесі артуда. Бұл пациенттің үздік клиниканы таңдауына мүмкіндік береді», деді Н.Қабдықапаров.

Міндетті әлеуметтік медици­налық сақтандыру жүйесі ен­гі­зіл­гелі бері сұраныс­қа­ ие КТ,­ МРТ, жоғары техноло­гия­­­лық медициналық қызмет­тер, консуль­тациялық-диагнос­тика­лық қызметтер, гор­мондар, витаминдер көр­сет­кіштерін анық­тайтын зерт­ха­налық тексерулер, оңалту қызметтері, бұрын варикоз ауруларында ақылы түрде ғана жасалатын ультрадыбыстық аблация, инъекциялық склеротерапия, жүрек қан тамыры ауру­ларын анықтайтын корона­раграфиялық зерттеулер секілді медициналық көмектерді қазіргі уақытта МӘМС жүйесі енгізілгелі барлық азамат тегін жасата алады. Медициналық сақтандыру аясында көрсетілетін құны қымбат медициналық қыз­меттер: ангиохирургия, офтальмология, кардиохирургия, нейрохирургия, травматология-ортопедия бағы­тында пациенттерге жасалып жат­қан оталар саны, сон­дай-ақ ЭКО процедуралар саны артты.

Бұрын пациенттерге 45 сырқат түрлері бойынша дәрілік препараттар қолжетімді болса, қазір 138 сырқат түрлері бо­йынша дәрілік препараттарды тегін алуға болады. Сондай-ақ МӘМС жүйесін енгізгелі бері медициналық оңал­ту шараларын қаржыландыру артқанын да айта кету керек. 2021 жылы медициналық оңалту ша­ра­ларын қаржыландыру 2019 жылмен салыстырғанда 7,5 млрд теңгеге дейін өскен.

Әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы 2021 жылы оңалту қызметтерін көрсе­тетін 45 медицина ұйымымен келісімшарт жасады. Олардың ішінде: жекеменшік – 20, мем­лекеттік – 22, республикалық 3 медицина ұйымы бар. Жыл ба­сы­­нан бері елордада 3,23 млрд теңгеден аса сомаға (оның ішінде күндізгі стационарларда – 35 584, тәуліктік стационарларда – 131 924) оңалту қызметтері көрсетілді. Амбулаториялық-ем­ханалық дең­гейде 204 млн тең­ге сомасына 252 001 қызмет көр­сетілді. Коро­навирус пандемия­сы оңалтудың қаншалықты маңызды екенін және бұл бастама қаншалықты уақы­тылы жүзеге асырылғанын көрсетті. Денсаулық сақтау ми­нистр­лігінің №170 бұйрығымен бекі­тілген медициналық қызмет түрлерінің тізімі бар. Оны Ден­саулық сақтау министрлігі мен Қордың ресми сайтынан қарауға болады.

Сонымен қатар Н.Рысқалиұлы 1 шілдедегі жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарының 82,5%-ы, яғни 991 653 елордалық сақтандырылғанын, ал 17,5%-ы, 211 мыңнан аса қала тұрғыны сақ­тан­дырылмай, МӘМС жүйе­сі­нен тыс қалып отырғанын мәлім­деді.

«Осы жерде айта кету керек, сақ­тандырылмаған азаматтар арасында Үкімет Қаулысына сәй­кес сақтандыру төлемдерінен босатылған ШОБ қызметкерлері де болуы мүмкін. Нұр-Сұлтан қаласында барлығы 33 585 ШОБ субъектісі бар. 2021 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша, олардың ішінде 2 853 субъект ақпараттық жүйеде жұмыскерлер тізімін әлі жаңартпаған. Осы­лайша мұндай кәсіпорын жұмыс­керлері МӘМС жүйесінен тыс қалуы мүмкін. Сондықтан ша­ғын және орта бизнес өкілдері азаматтардың жеңілдікке ие санатына жататын өз жұмыскерлері  туралы деректі (ЖСН) msb.fms.kz сайтына енгізу қажет. ШОБ жұмыскерлері қарыз болып, артынша оны жою қажеттігі туындамас үшін, олар туралы деректі Saqtandyry ақпараттық жүйесіне енгізу мерзімі 2021 жылдың
1 қазанына дейін ұзартылды», деді қор филиалының директоры.

Негізінен, мүмкіндігіне қа­рай ай сайын жарна төлеп отыр­ған тиімді. Мысалы, дербес төлеу­ші ретінде немесе бірыңғай жиын­тық төлем арқылы тұрақты түрде жарна аударып отырса, МӘМС жүйесіндегі медициналық қыз­меттің бәрі қолжетімді болады. Тіпті жұмыссыз қалса, ресми органдарға тіркелгені жөн, бұл кезде 15 санат тобына кіреді.

«Қысқаша түсіндіре кетсем, жұмыс істейтін азаматтарға Жұ­­мыс беруші еңбекақы төлеу қорынан қызметкер табысының 2% көлемінде аударады. Со­нымен қатар жұмыс беруші аударымына қоса, жалдамалы жұмыскерлердің жалақысынан 2% мөлшерінде жарна ұстап қорға аударады. Бірақ ай сайын жарна ұсталатын табыс көлемі 10 ең төменгі жа­лақыдан (немесе 425 мың тең­геден) аспауы тиіс. Яғни ай сайынғы жарна мөлшері 8 500 теңгеден жоғары болмауы керек. Жеке кәсіпкерлер бұрынғыша 1,4 ең төменгі жалақының 5%-ын, яғни 2 975 теңге төлейді. Сонымен қатар бізде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар деген санат бар. Олар бұрынғыша 1 ең төменгі жалақының 5 пайызын, яғни 2 125 теңге төлейді. Себебі биыл ең төменгі жалақы мөлшері өзгерген жоқ. Бірыңғай жиынтық төлем төлеуші 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жарна аударады. Биыл АЕК мөлшері өзгерді. Сондықтан бұл санат ірі қалаларда 2 917 теңге төлейді, ауылдық жер­лерде 0,5 айлық есептік көрсет­кіш көлемінде – 1 458 теңге төлейді. Қаржының 40%-ы – Меди­циналық сақтандыру қоры­на, 30%-ы – Бірыңғай жинақ­таушы зейнетақы қорына, 20%-ы Әлеу­меттік сақтандыру қоры­на ауда­рылады, 10% табыс салығы ретінде ұсталады. Егер азамат­тардың мәртебесі 2021 жылы сақтандырылмаған болып шық­са, алдыңғы 12 айдың төлем­дерін тексеруі қажет», деді Н.Қабды­қапаров.

Елордалықтар 2021 жыл бас­талғалы бері, яғни қаңтар-маусым айларында медициналық сақтандыру үшін 19,7 млрд теңге жарна аударған, ал маусым айында МӘМС үшін 3,5 млрд теңгеден аса жарна түскен.