23 Шілде, 2021

Қашықтан ұрланған қаражат. Атыраудағы емханадан 70 млн теңгені жымқырғандар сотталды

412 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қитұрқылықтың сан алуан түрін меңгергендер қаржыны қашықтан ұрлауға көшті. Соның бір дәлелі – Атыраудағы №1 емхананың есепшотынан 70 млн теңгенің жымқырылуы. Күдіктілер мұнайлы өңірден емес, Жетісу төріндегі Талдықорған қаласынан тамыр тартқаны анықталды.

Қашықтан ұрланған қаражат. Атыраудағы емханадан 70 млн теңгені жымқырғандар сотталды

Басынан бастап баяндасақ, ел-жұрттың коронавирус панде­миясының қаупінен шайлығып, кейбірі туыстарынан айырылып жатқан былтырғы қазанда емхананың есепшотынан 70 млн теңгенің ұрланғаны белгілі болды. Сол кезде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы­ның міндетін атқарушы болып та­ғайындалған Асхан Байдуәлиев емхананың есепшотындағы 70 млн теңгенің электронды түрде ұрланғанын айтқан еді.

«Бақсақ бақа екен» демекші, 2019 жылғы 25 желтоқсанда Д.Т. деген азамат кәсіпкерлік қыз­метпен айналысу үшін Алматы облысының Талдықорған қала­сында «Lab service plus 1» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігін тіркетіпті. Содан кейін А.А. есімді азаматпен және сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде анықталмаған белгісіз тұлғалармен алдын ала сөз байласады. Сөйтіп былтырғы 13 шілдеде Алматы қаласындағы банктен шот ашып, банкоматтық карточка мен онлайн банкинг кілтін алған.

Сол жылғы 3 тамызда белгі­сіз тұлғалар сағат 16:00-17:00 ара­лығында Атыраудағы №1 қалалық емхананың қаржы-ша­руа­шылық қызметінің ақпаратына заңсыз қол жеткізеді. Емхананың қаржылық есеп-қисабын аударып-төңкеріп қана қоймай, бухгалтерияның қашықтықтан ақпараттық қол жет­кізу жүйесіне рұқсатсыз кі­реді. Осылайша, емхана үшін жал­ған төлемдер жасап, №1 Аты­рау қалалық емханасының есеп­шотынан «Lab service plus 1» ЖШС-нің есепшотына және Д.Т.-ның жеке шотына коронавирус індетіне қарсы күреске бөлін­ген қаражат есебінен 70 млн теңге­ні аударған. Ал А.А. өңі түгіл, үш ұйықтаса түсіне кірмеген қо­мақты қаржыны қолма-қол шешіп алып, емханаға мүліктік зор зиян келтірген.

Жақында осы қылмыстық іс қаралып, Атырау қаласының №2 сотының үкімімен Д.Т. мен А.А. Қылмыстық кодекстің 188-бабының 4-бөлігі, 3) тарма­ғы­мен (Ұрлық, яғни алдын ала адам­дар тобымен сөз байласу ар­қылы, аса ірі мөлшерде, ақпа­рат­тық жүйеге заңсыз кіру жолы­мен, бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру) кінәлі деп танылды. Алайда сот жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде А.А.-ның бұ­рын сотталмағанын, асырауында төрт жас баласының барын, айыбын мойындап, шын ниетпен өкінгенін, қылмыстық құқық бұзушылықты әшкере­леу­ге белсенді түрде ықпал етіп, қыл­мыспен келтірілген мүліктік зиян­ды ішінара өтегенін ескерді. Сон­дай-ақ Д.Т.-ның да бұрын сотталмағаны, асырауында жас баласының бары қаперге алынды.

Сот қылмыстық құқық бұзу­­шылықтың сипаты мен қо­ғам­ға қауіптілік дәрежесін еске­ріп, Қылмыстық кодекстің 55-бабы­ның 2-бөлігімен Д.Т-ға 6 жыл 6 ай, ал А.А-ға 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

 

Атырау облысы