Аймақтар • 23 Шілде, 2021

Заңсыз ойын бизнесімен айналысқандар ұсталды

138 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысында заңсыз ойын бизнесімен айналысқандар қамалды, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Заңсыз ойын бизнесімен айналысқандар ұсталды

Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Жібек жолы – Жетісай тас жолында орналасқан Сарыағаш қаласының ғимараттарының бірінде таңғы сағат 4.00-де жұмыс істеген букмекерлік кеңсені анықтады.

Тексеріс барысында кеңсе ғимаратында құмар ойындар өткізілгені белгілі болды. Оқиға орнына аудандық бөлімнің жедел-тергеу тобы шақырылды. Ойын мекемесінде оператор болып Сарыағаш ауданының тұрғыны, жас әйел жұмыс істеген.

Тінту кезінде жедел уәкілдер екі ойын автоматын, бес жүйелік блок пен кассалық машинаны тәркіледі. Алынған заттай дәлелдемелерге сараптама тағайындалды.

Аталған факті ҚР ҚК-нің 307-бабы «Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру» бойынша СДТБТ-де тіркелді. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталуда.

Одан бөлек, букмекерлік кеңсенің карантиндік шектеу шараларына қарамастан келушілерді қабылдаған қызметкерлеріне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу» бойынша материалдар жинап, заңды шешім қабылдау үшін аудандық СЭС-ке жіберілді.