Аймақтар • 23 Шілде, 2021

15 жастағы жасөспірім досын судан құтқарды

563 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданына қарасты Қарауылтөбе ауылында тұратын Асылан Орахаев Жайық өзеніне суға кетіп бара жатқан досы Шыңғысты құтқарып қалыпты. Оқиғаны кездейсоқ көріп қалған ауыл тұрғыны болмаса, жасөспірімнің бұл ерлігін ешкім білмес еді, деп хабарлайды Egemen.kz.

15 жастағы жасөспірім досын судан құтқарды

Оқиға 19 шілде күні кешкі сағат 19.00 шамасында болған.

«Кешкі сағат 6-ның шамасы еді. Баламның достары Шыңғыс пен Жантуған келіп, Асыланды суға шомылуға ертіп кетті. Әдеттегідей тереңге бармауын ескертіп, жібердім. Сол күні кеште үйге келгенде балам көп сөйлемей, тұйық отырды. Бірақ ештеңе айтқан жоқ. Болған жағдайды ата-аналардың whatsapp тобындағы аудиожазбадан ертеңіне бір-ақ білдім», дейді Асыланның анасы Баршагүл.

Жайық өзеніндегі драмаға толы оқиғаға сол маңда серуендеп жүрген ауыл тұрғыны Динара Шамұратқызы кездейсоқ куә болған.

«Қызым Ақмаржан екеуміз Жайықта шомылып жүргенбіз. Ауыл жақтан үш бала келіп, бізден алысырақ жерде олар да суға түсе бастады. Асылан мен Жантуған – тоғызыншы сынып бітірген, ал Шыңғыс – бір сынып төмен оқитын бала. Бір кезде бір баланың көмек сұраған даусы шықты. Басында балалар ойнап жүрген шығар деп мән бермедік. Дауыс тағы шыққанда қарасақ, Шыңғыс өзеннің ортасында суға батып-шығып жүр екен. Сол кезде Асылан жүзіп барып, Шыңғысты құтқаруға талпынды. Екеуі су ортасында біресе суға батып кетеді, біресе су бетіне шығып, арпалысып жатыр. Бірнеше минуттан кейін Асылан Шыңғысты әрең дегенде су жағасына алып шықты. Су жұтып, әлсіреп қалған Шыңғыс өз-өзіне келген соң үшеуі ауылға беттеді. Асыланның батырлығына осылай куә болдым», дейді Динара.

Үш дос оқыс оқиғадан қатты шошып қалса керек. Өзен жағасынан ауылға дейін үнсіз келіпті. «Тереңге бармаңдар!» деген үлкендердің ескертпесін бұзғанын ешкім білмеуі үшін болған жайтты құпия қалдырған екен. Бірақ кездейсоқ куәгердің себебімен Асыланның ерлігі жария болды.

«Баламды ажалдан құтқарған Асыланға оның ата-анасына алғысым шексіз. Дені сау болып, аман өссін! Асыланның болашақта еліне адал қызмет ететін азамат болатынына сенімдімін!», дейді Шыңғыс Манарбекұлының анасы М.Көмешова.

«Біз Асылан оқитын мектептен, ауылдық округ әкімдігінен тиісті қағаздарды сұратып жатырмыз. Батыр бозбала департаменттің алғыс хатымен марапатталады», дейді Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс қызметкері Анель Мұқанова.

Батыс Қазақстан облысының су айдындарында жыл басынан бері 22 адам суға кетіп қайтыс болған, оның 8-і – кәмелетке толмағандар.