Қоғам • 24 Шілде, 2021

Босқындар мәселесімен ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі айналысатын болады

566 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ІІМ еңбек көші-қоны мен босқындар мәселесін ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тапсырады, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Босқындар мәселесімен ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі айналысатын болады

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі әлемде еңбек көші-қоны жаһандық сипатқа ие болып, ел дамуының экономикалық және әлеуметтік деңгейімен тікелей байланысты екенін бірнеше рет атап өтті.

Осыған байланысты Ішкі істер министрлігінен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне көші-қон процестерін реттеуге және еңбек көші-қонына байланысты көші-қон саласындағы функциялардың үштен бірінен астамы тапсырылатын болады.

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» жарлыққа 19 шілдеде қол қойды.

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ІІМ ведомствоаралық үйлестірумен, көші-қон процестерін реттеу және мониторингілеу саласындағы шаралар жүйесін әзірлеумен, босқын мәртебесін берумен, сондай-ақ көшіп келушілерге рұқсаттар берумен айналыспайды. Бұндай өзгерістер құқық қорғау жүйесін реформалау және ішкі істер органдарын оларға тән емес функциялардан босату шеңберінде енгізілді.

Көші-қон саласындағы функцияларды азаматтық ведомствоға беру көші-қон заңнамасының сақталуын және азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған. Осылайша, ішкі істер министрлігі Көші-қон саласындағы мемлекеттік басқару жүйесін оңтайландыру үшін біздің ел қабылдаған бағытты толығымен ұстанады.

Заңсыз көші-қонның, заңсыз көшіп келушілердің реадмиссиясының жолын кесу, Қазақстан Республикасынан кетуге және елге келуге визалар беру, сондай-ақ халықты және азаматтықты құжаттандыру жөніндегі өкілеттіктер ІІМ қарамағында қалады.