Аймақтар • 25 Шілде, 2021

Әкімдер сайлауы: Т.Рысқұлов ауданында 98 жастағы қария таңдауын жасап, батасын берді

503 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, бүгін елімізде алғаш рет ауыл әкімдерінің сайлауы өтуде. Саяси науқанға Жамбыл облысынан 38 ауылдық округ бойынша 122 кандидат ұсынылып, 116 кандидат тіркелген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әкімдер сайлауы: Т.Рысқұлов ауданында 98 жастағы қария таңдауын жасап, батасын берді

Сайлау Т.Рысқұлов ауданында да жоғары деңгейде өтуде. Ауданның Абай, Тереңөзек, Жаңатұрмыс, Қорағаты, Қарақыстақ, Ақыртөбе, Қайыңды және Өрнек ауылдық округтерінде 16 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Нәтижесінде ауданда 8 ауылдық округтің әкімі сайланатын болады.

Ауыл тұрғындары да саяси науқанға белсене қатысуда. Мәселен, Қарақыстақ ауылының тұрғыны, кәмелет жасына биыл толған Шәкәрім Әбдімәлікұлы алғаш рет ауыл әкімдерінің сайлауында №349 сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады. Сондай-ақ, ауыл әкімдерінің жаңа форматтағы сайлауына Абай ауылдық округіндегі №346 сайлау учаскесінде комиссия төрағасы, ардагер Рысбек Секербеков пен өзге ұлт өкілі Нагима Бекпанова да дауыс берсе, Жаңатұрмыс ауылының 98 жастағы тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Шалданбай Шаңбаев өз таңдауын жасаумен қатар, үміткерлерге ақ батасын да берді.

Ұйымдастырушылар тарапынан сайлау учаскесіне ең бірінші келіп дауыс бергендерге, тұңғыш рет таңдау жасағандарға, сайлау күні туғандарға және жасы ең үлкен сайлаушыларға арнайы сыйлықтар берілді.

Жалпы, сайлауда Т.Рысқұлов ауданы бойынша әр ауылдық округтен 3 кандидаттан барлығы 24 кандидат бақ сынауда. Оның ішінде 9 кандидат өзін-өзі ұсыну жолымен сайлауға түссе, 7 кандидат Nur Otan партиясынан және 8 кандидат «Ақ жол» партиясынан ұсынылған. Аудандағы барлық 16 сайлау учаскесінде санитарлық талаптар толығымен сақталған.

Сонымен қатар, Т.Рысқұлов ауданында сайлау өтіп жатқан 8 ауылдық округте 12866 дауыс беруші бар. Бұл сайлау науқанына 60 сенімді өкіл тіркелген.

Сондай-ақ, 92 учаскелік және аудандық сайлау комиссиясының 7 мүшесі бар. Ауданның «Партиялық емес бақылау орталығы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің тәуелсіз байқаушылары да сайлау барысын қадағалауда.

Жаңатұрмыс ауылдық округіндегі №351 сайлау учаскесінің «Партиялық емес байқаушысы» Феруза Ақбұзауова сайлаудың жоғары деңгейде өтіп жатқанын, сайлауға халықтың белсенді түрде қатысып отырғанын айтты.