TOKYO2020 • 25 Шілде, 2021

Елдос Сметов: Финалға бергісіз белдесу болды

649 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Токио Олимпиадасында Қазақстан қоржынына алғашқы жүлдені салған дзюдошы Елдос Сметов жарыс аяқталған соң «Egemen Qazaqstan» тілшісіне сұхбат берген еді.

Елдос Сметов: Финалға бергісіз белдесу болды

Фото: Жеңіс Ысқабай, Olympic.kz

– Қуанышты сезімдемін. Бірақ мен Олимпиадаға алтын медаль үшін келіп едім. Бұйырғаны осы болды. Әйтсе де өкінбеймін. Себебі жартылай финалдағы белдесу финалға бергісіз болды. Такато өте мықты балуан. Бірбірімізді жақсы білеміз. Өздеріңіз көргендей, шабуыл жасаймын деп, «қақпанға» түсіп қалдым...

– Енді осында басқа спортшыларға қолдау көрсететін боларсың?

– Олимпиаданы ұйымдастыру комитетінің ережесі бойынша жарысты аяқтағаннан кейін мен 48 сағатта Жапониядан шығып кетуім керек. Өкінішке қарай, Олимпиада қалашығында жігіттерге қолдау көрсете алмаймын.

– Газет оқырмандарына, жанкүйерлеріңе қандай тілек айтасың?

– Маған қолдау көрсеткен бапкерлеріме, ағаларыма мың алғыс айтамын. «Отан отбасынан басталады» дейді ғой. Менің жанашырым – отбасыма да, халқыма да, барлығына мың алғыс. Олимпиаданың алғашқы күні жаман болмады деп ойлаймын. Олимпиадада Қазақстанның Көк туы желбіреп, Әнұранымыз шырқала берсін дегім келеді.

– Алдағы жоспарың қандай?

– Қазір маған демалыс керек. Емделіп, қатарға қосылсам, Париж Олимпиадасы туралы ойлануға болады. Сайысқа түсетін жігіттерге сәттілік тілеймін. Мен бағындырмаған биік белестерді бағындырсын.

– Ал егер де бағындыра алмай қалса, не болмақ? Жақсылық Үшкемпіровтің арманы тағы да орындалмай қалайын деп тұр ғой...

– Егер де жігіттер алтын медальсыз қайтса, онда белді буып келесі Олимпиадаға баруға дайынмын.