TOKYO2020 • 25 Шілде, 2021

Токиода тұғырымыз биік болғай!

393 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Токио Олимпиадасының алауы тұтанды-ау ақыры. Төрткүл дүниені коронавирус жайлап, олимпиаданы өткізу бір жылға шегерілді. Әйтсе де алқымнан алған індет дүбірлі сайыстарды жанкүйерлердің тікелей тамашалауына мүмкіндік берген жоқ.

Токиода тұғырымыз биік болғай!

Жапонның мойындағаны – жаһанның мойындағаны

Жаһан жұртшылығы асыға күткен төртжылдықтың басты бәсекесінің ашылу салтанаты өткен жұма күні Токио төрінде жүзеге асты. 68 мың көрерменге арналған стадиондағы трибуналарда арнайы шақырылған қонақтар қатарында Жапония императорынан бастап, 15 мемлекеттің басшысы мен үкімет басшылары, ХОК және Ұлттық Олимпиада комитеттерінің 950-ге жуық өкілі жайғасты.

Айтпақшы, осы жолы Олимпиада антының мәтініне де өзгеріс енді. Жаңа нұсқада ынтымақтастыққа, теңдікке және кемсітушілікке жол бермеуге баса назар аударылды. Токиодағы ойындар «Дәл осы сәтте біз қашықтықтар мен шекараларға қарамастан, біргеміз және бізді көп нәрсе біріктіреді» деген ұранмен өтіп жатыр.

ХХХІІ Олимпиаданың ашылу салтанаты коронавирус пандемиясына байланысты жеңілдетілген форматта өтті. Алдымен LED экраннан То­кионың Олимпиаданы өткізуде Мадрид пен Ыстанбұл қалаларымен бәсеке барысында қалай жеңіп алғанын, халқының ерекше қуанған сәтін көрсетті. Жапонияның танымал тұлғалары өз елінің туын алып ілгеннен кейін, тағы бірнеше қойылым, шоулар орындалды. Одан кейін спортшыларға кезек берілді.

Ашылу салтанатында алдымен Грекиядан келген спортшылар топ бастап шықты. Грекиялық спортшылардың көш бастап шығуы тұңғыш Олимпиада өткен ел ретінде дәстүрге айналғалы қашан. Одан кейін әлемнің әр қиырына тарыдай шашыраған спортшылардан құралған босқындар құрамасы шықты. Сосын құрама командалар легі жапон әліпбиімен әрі қарай жалғасып жүре берді. 206 мемлекеттің 6000 атлеті қатысқан салтанатты шеруде Қазақстан 41-ші болып алаңға қарай бет алды. Қазақстан Туын боксшы Қамшыбек Қоңқабаев пен жеңіл атлет Ольга Рыпакова ұстап шықты. Биылғы Олимпиаданың бір ерекшелігі, әрбір мемлекеттің туын ұстап шығу мәртебесі екі спортшыға – бір жігіт пен бір бойжеткенге жүктелді.

Салтанатты жиын қазақстандықтарға ерекше көңіл күй сыйлады. Көк туды көкке желбіреткен Ольга Рыпакованың ерекше үлгіде тігілген көйлегі мен ұлттық нақыштағы әшекейлері Олимпиаданы тамашалап отырған қалың көрермен тарапынан үлкен қызығушылық туғызды. Тіпті салтанатты жиыннан соң, «Ханшайым» деп атаған Ольга Рыпаковаға жапон фанаттары бірнеше аниме жасап та үлгерді. Қоржынында Олимпиаданың барлық жүлдесі бар жерлесіміз төртінші Олимпиадада көйлегімен ерекше көзге түсті. Ақпарат құралдарында қазақтың ұлттық нақыштағы киімі тек жапон жұртын ғана емес, Шығыс Азия елдерінің жүрегін жаулағаны айтылуда. Басқалай айтқанда, жапонның мойындағаны жаһанның мойындағанымен пара-пар емес пе!

Халықаралық Олимпиада комитетінің төрағасы Томас Бах пен Олимпиаданы ұйымдастыру комитетінің төрайымы Сейко Хасимото сөзінен соң Олимпиада туы көкке көтерілді. Жапонның тарихы, ұлттық билерін тамашалап болғаннан кейін спорттық нысандардың қалай салынғаны, онда қандай спорт түрлерінен жарыс өтетіні LED экраннан көрсетілді.

...Көптен күткен алау да алаңға жеткізілді. Бірнеше адамнан эстафета арқылы өткен алау ең соңында «Үлкен дулыға» турнирінің төрт дүркін жеңімпазы теннисші Наоми Осаканың қолына тиіп, ол Олимпиада алауын жақты және өзі бұл оның өміріндегі ең үлкен спорттық жетістік екенін айтты.

Алғашқы күннің алғашқы медалі

Елдос Сметов. Елінің абыройын аспандатып жүрген оғыланмен 17 шілде күні бір ұшақта Токиоға бірге келген едік. Елдоспен қатар отырып әңгімелесудің сәті түскен-ді. Сонда ол Олимпия ойындарын бес жыл күткенін, арадағы үзіліске қарамастан, жаттығуын тоқтатпауға барын салғанын, екінші Олимпиадасында марқұм, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің асыл арманын Токиода орындауға барын салатынын айтқан еді. Біз де оның мақсатына жетуіне тілекші болдық. Бірақ жерлесіміз биік тұғыр сатысына сынық сүйем қалғанда сүрінді. Елдостан басым түскен жапондық Наохиса Такато финалда Тайван спортшысы Юн-Вэй Янды аса қиналмай жеңіп, Олимпиада чемпионы атанды.

Жарыс барысында Елдос Сметов алғашқы екі қарсыласы түркиялық Михрач Аккуш пен оңтүстіккореялық спортшы Ким Вон Джинді «иппон» әдісімен жеңіп, жартылай финалға шыққан болатын. Ал жартылай финалда татами иесі, жапондық Наохиса Такатоға жол берді. Елдос12 минут бойы жанын салып белдесті. Golden Score кезеңінде Елдос әлемнің үш дүркін чемпионымен тең дәрежеде күресті. Әйткенмен, оның қарсыласы «вазари» ұпайын еншілеп қана финалға өтті. Жұрт Елдостың белдесуіне тәнті болып, 2 минуттай шапалақ ұрып тұрды. Кейін сарапшылар аталған белдесуді финалға бергісіз деп бағалаған-ды. Ал кіші финалда Нидерланд өкілі Торние Цакаджоеге қарсы шыққан жерлесіміз қосымша уақытта «вазари» ұпайымен басым түсіп, қола медальға ие болды. Жеңіске жеткеннен кейін Елдос көз жасына ерік берді. Еңбегі еш кетпеді. Алтынға лайық азамат!

Жеңіліс пен жеңіс қатар өрілген күн

Олимпиаданың алғашқы күнінде Елдос Сметовпен қатар медальға үмітті деген бірнеше спортшымыз жарыс жолына шықты. Соның бірі дзюдодан Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Галбадрах Отгонцэцэг алғашқы айналымда ұтылып қалды. 48 кило салмақ дәрежесінде белдескен ол бірінші кезеңде қытайлық Ли Янаньнан жеңіліс тапты. Ал Алексей Луценко бастаған Қазақстан велошабандоздары артқан үмітті ақтай алмады. Қазақстандықтар сапынан ең жоғары нәтижені Алексей Луценко тіркеді. Ол жеңімпаздан 6 минут 21 секундқа артта қалып, 21-орын иеленді. Дмитрий Груздев пен Вадим Пронский тіпті жарыс жолынан шығып қалды.

Есесіне, боксшы Серік Теміржанов алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті. 57 кило салмақ дәрежесінде сынға түскен жерлесіміз венгриялық Роланд Галошты 5:0 есебімен жеңді.

Теннистен Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина алғашқы айналымда аустралиялық Саманта Стосурмен кездесіп, 6:4, 6:2 есебімен жеңіске жетсе, ерлер арасында Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бубликке жеребе жолдас болмады. Бірден әлемнің екінші ракеткасы, ресейлік Даниил Медведевке қарсы шыққан Бублик 4:6, 6:7 есебімен қарсыласына жол берді. Енді Александр Бублик Токио ойындарын жұптық сында жалғастырады. Сондай-ақ Зарина Диас та Олимпиаданы ерте аяқтады. Швейцариядағы турнирде жүрген жерінен аттай қалап алдырған Зарина сенімді ақтай алмады. Чехиялық Барбора Крейчиковамен кездескен қазақстандық теннисші екінші сетте жарақатына байланысты кездесуді тоқтатуға мәжбүр болды.

100 метрге брасс әдісімен жүзуден сынға түскен Дмитрий Баландин жартылай финалға өте алған жоқ. Бесінші топта жарысқан Дмитрий 59,75 секундты көрсетіп, алтыншы орын алды. Ал қорытынды хаттамада Баландин 17-ші сатыға тұрақтады. Тағы бір қазақстандық спортшы Олимпиаданы ерте аяқтады. Анастасия Лаврова үстел теннисінен бірінші кездесуде-ақ испаниялық Мария Сяодан 4:1 есебімен жеңіліп қалды.

Спорттық гимнастикадан жалғыз өзі жеті жолдама жеңіп алған Милад Карими іріктеу сынында үш жаттығу бойынша финалға өтті. Ол гимнастикалық кермедегі жаттығу бойынша іріктеуде 14,766 ұпай жинап, екінші нәтиже көрсетті. Алдағы уақытта да дәл осы спорт түрінен Миладтан нәтиже күтеміз. Жерлесіміз еркін жаттығуда сегізінші орын иеленсе, көпсайыс бойынша 20-орынға тұрақтап финалға жолдама алды.

Сон сенімді шегелей түсті

Токио Олимпиадасының екінші күнінде Қазақстан қоржыны медальмен толықты. Зілтемірші Игорь Сон Олимпиаданың қола жүлдегері атанды. Қазақстандық зілтемірші 61 килоға дейінгі салмақта сынға түсті. Игорь жұлқа көтеруде 131 килоны бағындырса, серпе көтеруде 163 килоны еңсерді. Сөйтіп Сон сенімді шегелей түсті.

«Қалай уайымдағанымды сөзбен жеткізе алмаймын. Шыны керек, Токиоға дейін мұндай салмақ көтерген емеспін. Демек, бұл менің ірі жарыстарда көрсеткен ең жақсы нәтижем. Жаттығу залында қарсыластарды бақылап отырдық. Басты қарсыласым зілтемірді қисайтып алған кезде де уайымымнан арыла қоймадым. Бәрі болуы мүмкін ғой. Мен жұлқа көтеруден жақсымын, десе де, серпе көтеруде біраз қиындық бар. Ал төрешілер есептемей қойған екі мүмкіндікке келер болсақ, екеуінде де шынтағымның қозғалғаны кері әсер етті. Барлығы таза болуы керек. Маған қолдау көрсеткендердің бәріне алғыс айтамын. Алға, Қазақстан!», деді Сон Олимпия ойындарынан алған әсерлерімен бөлісіп.

Бұл күні 66 килоға дейінгі салмақта сынға түскен дзюдошымыз Ерлан Серікжанов әзербайжандық Орхан Сафаровтан басым түсіп, жарысты сәтті бастады. Алайда отандасымыз екінші айналымда әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропа чемпионы Мануэль Ломбардодан айласын асыра алмады.

Теннистен сынға түсіп жатқан Михаил Кукушкин бірінші кезеңде аргентиналық Федерико Кориямен кездесіп, 7:6, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Ал медаль алады-ау деген тағы бір үмітіміз Юлия Путинцева мен Ярослава Шведова неге екені белгісіз жарысты жалғастырудан бас тартты. Бірінші айналымда аргентиналық Надия Подороскамен кортқа шыққан Путинцева алғашқы сетте қарсыласына 6:7 есебімен жол берді. Ал екінші сетте 3:1 есебімен алда келе жатып, жарысты жалғастырудан бас тартты. Ал Шведова болса хорват Айла Томляновичтен оза алмады. Бірінші партияда 5:7 есебімен жеңілген жерлесіміз екінші сетте 2:3 есебімен жеңіліп жатып, жарысты әрі қарай жалғастырудан бас тартты.

Шпагамен семсерлесуден Руслан Құрбанов алғашқы айналымда италиялық Марко Фихерадан (15:7) басым түскенімен, келесі айналымда ол жапониялық Ямада Масарудан 8:15 есебімен жеңіліс тапты.

Нысана көздеуден Юрий Юрков Олимпиаданың іріктеу кезеңінен өте алған жоқ. Слаломды есуден іріктеу кезеңі аяқталып, қазақстандық Александр Куликов жартылай финалға жолдама алды. Іріктеу кезеңінің нәтижесі бойынша 108,12 көрсеткішімен 15-орынға тұрақтаған Куликов жартылай финалға өткен 15 спортшының қатарына енді. Үстел теннисінен ерлер арасындағы бәсекеге түскен Кирилл Герасименко екінші айналымнан сәтті өтті. Қазақстан командасының үздігі чехиялық Любомир Янчаржикпен кездесіп, 4:2 есебімен жеңіске жетті.

100 метрге шалқалай жүзуден сайысқа түскен Диана Назарова өз тобында ең соңғы орын алды. Сондай-ақ бокстан 63 кило салмақта жұдырықтастан Зәкір Сафиуллин алғашқы айналымда Перу өкілі Леодан Пезо Сабояны 5:0 есебімен ұтып, Токио Олимпиадасының 1/8 айналымына жолдама алды.