Тарих • 25 Шілде, 2021

Геральдика - мемлекеттік деңгейде мән беретін маңызды сала

2694 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ежелден қолданылып келе жатқан алуан түрлі нышандар мен рәміздер, геральдикалық белгілер мен таңбалар ХІ-ХІІ ғасырларда Батыс Еуропа елдерінде гербтерге айналды. Корольдер сарайларында гербтерді жасап, оның кімге тиесілі екенін анықтайтын, тіркейтін, жүйелейтін және геральдикалық белгілер мен түрлі бояу түстерін дайындайтын мамандарды «герольдтар» деп атаған. Кейін олар геральдика мәселелерімен айналысатын «Геральдия» мекемелеріне біріктірілген. 

Геральдика - мемлекеттік деңгейде мән беретін маңызды сала

Ресейде геральдика ұғымы ХVІІІ ғасырда пайда болды. 1722 жылы Петр I қалалық және жеке гербтерді тіркеп отыру үшін Сенаттың жанынан «Геральдмейстерлік кеңсе» құрды. Гербтерді әзірлеу ісі ретке келтіріліп,  ғасыр соңына қарай 500 қалалық герб жасалды. 1726 жылы Ресей Ғылым Академиясы жанынан «Геральдикалық кафедра» ашылды. Қалалық гербтерге губерниялық және уездік қамалдарды қосып бейнелеу дәстүрі енгізілді. 

1731 жылы қазақ халқы Ресейге бодан болғаннан кейін елімізде басқарудың жаңа мемлекеттік-әкімшілік жүйесі орнатылды. Бұл өз кезегінде патшалық гербтердің дамуына елеулі әсер етті. 1867-1868 жылдардағы, 1886-1891 жылдардағы әкімшілік-аумақтық реформалардың нәтижесінде қалалық және облыстық гербтер пайда болды.

Қазақ жеріндегі тұңғыш ресейлік герб – Петропавл қаласының гербі 1842 жылы 7 қыркүйекте ресми түрде қабылданды. Патшалық Ресей империясы  кезінде қазақ облыстары мен қалаларында бірыңғай патшалық герб үлгісі қолданылып келсе, Кеңес Одағы  тұсында өзге одақтас республикалар сияқты,  Қазақ КСР-нің гербі де КСРО гербінің көшірмесі ретінде жасалды.

Бүгінгі таңдағы Ресейдің «Геральдикалық кеңсесі» Ресей Федерациясы Президентінің жанынан құрылған және «Бас мемлекеттік герольдмейстер» лауазымы енгізілген. Бұл міндетті Геральдикалық кеңсе төрағасы атқарады. Ол Президентке есеп береді. Оның қызметіне геральдикалық белгілер талдамасын жасау, геральдика саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын кеңес жұмысын ұйымдастыру кіреді. Бұл – Ресей геральдика ғылымының Петр I патшадан бері үзілмей, дәстүрлі түрде жалғасып келе жатқан елеулі тәжірибесінің нәтижесі.

Ал Қазақстанда Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттандыру комитетінің Геральдика басқармасынан басқа, геральдика мәселелерімен айналысатын Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссия, сараптама кеңесі, геральдикалық зерттеу орталығы және ұлттық орталық бар.

Мен 2015 жылдан бері Мемлекеттік рәміздер бойынша өңірлердің ішкі саясат басқармаларына, мемлекеттік стандарттау және метрология комитеттеріне, сертификаттау мен стандарттау институттарына лекция-семинарлар өткізіп келемін. Жұмыс барысында дамыған мемлекеттердің геральдикалық қызметін зерттеп-зерделей келе және бірнеше жылғы  тәжірибем мен жүргізген лекция-семинарларымда жинақтаған материалдарыма талдау, сараптама жасай отырып, «Таңбалы тастан геральдикаға дейін...»  ғылыми-танымдық кітабымды жаздым. Бұл еңбегімде Қазақстан геральдикасын дамыту жолдары көрсетілген. Олар – Мемлекеттік рәміздер туралы заңнаманың бұзылуына жол бермеу және оларды қолдануға бақылауды күшейту (мәселен, Тудың түсі барлық жерде бірдей болуы т.б.); плагиатпен күрес жүргізу (егер плагиат шетелде жасалса, оған ҚР Сыртқы істер министрлігін араластыру); Мемлекеттік рәміздерді дайындау өндірісі стандарттан алшақ кетпеуі үшін оның дайындалу процесіне бақылау ұйымдастыру; техникалық сарапшы ретінде Мемлекеттік рәміздерді өндіруші кәсіпорын өкілдерімен шығармашылық байланыс орнату; Мемлекеттік рәміздерді насихаттауды қамтамасыз ететін арнаулы комиссия құру; Мемлекеттік рәміздерді өндіріп, сатумен айналысатын кәсіпорындарға прокуратура қызметкерлерімен бірлесіп, әр 3 ай сайын рейдтік тексерістер жүргізу; Мемлекеттік рәміздерді өндіруді лицензиялау арқылы тәртіп орнату; Мемлекеттік рәміздер бейнеленген кәдесый және «брендтік» бұйымдар шығару ісін жолға қою; Мемлекеттік рәміздерді баспасөз бен электронды бұқаралық ақпарат құралдарында, кітаптарда, көркем фильмдерде және басқаларда креативті түрде, IT технология мүмкіндіктерін кеңінен пайдалана отырып, белсенді насихаттау; жыл сайын балалар мен жасөспірімдер арасында әртүрлі деңгейде байқаулар өткізу және басқалар. Сонымен қатар Қазақстанда геральдистер даярлайтын арнайы жоғары оқу орны болмағандықтан, Ресейдің
М.Ломоносов атындағы мемлекеттік университетімен келісімшарт жасасу арқылы кәсіби мамандарды даярлау ісін жолға қою.

Әділін айту керек, геральдика саласындағы бірқатар мәселе өз шешімін тауып келеді. Мемлекеттік рәміздерді дайындау бойынша барлық лицензиатқа мониторинг жүргізіліп, бүгінге дейін Мемлекеттік Елтаңба мен Мемлекеттік Ту дайындауға 64 лицензия берілген. Оның ішінде 25 лицензиат қызметті жүзеге асырғанын растаған,  26 лицензиат тапсырыстың болмауы себебінен өз қызметін тоқтатқан, 6 лицензиат қызметінің тоқтатылғаны туралы ресми түрде хабардар етіп, құжаттарын қайтарып берген. Сонымен қатар 7 лицензиаттың заңды мекенжайын өзгерткені анықталған. Мұндай жағдайда оларға мониторинг жүргізу мүмкін емес. Бірақ бұл бағыттағы жұмыс Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп жалғастырылу үстінде.

Қазір Мәдениет және спорт министрлігі мен Сауда және интеграция министрлігі Мемлекеттік рәміздерді өндіруге қатысты өнімнің Қазақстанда жасалғаны туралы сертификаты және мастер-модельдері мен эталондық үлгісінің міндетті болуы жөніндегі талаптарды күшейтетін бұйрық әзірледі. Биылғы 14 мамырда Үкімет жанындағы Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімімен реттеушілік әсерді талдау мақұлданып, нормативтік құқықтық актінің жобасы белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдарға келісуге жіберілді. «Қазақстан Республикасында тексерулер мен профилактикалық бақылау мен қадағалау жүргізуге мораторий енгізу туралы» Президент Жарлығына сәйкес Мемлекеттік рәміздердің ресми өндірушілеріне жоспарлы тексерістер шағын бизнес субъектілерін тексеруге жарияланған мораторий аяқталғанда жүргізіледі. Бұл ел аумағында лицензияланбаған импорттық тауарларды (Мемлекеттік рәміздерді өндірушілердің өнімдерін) айналымнан жедел алып тастауға мүмкіндік береді.

2015 жылы Мәдениет және спорт министрлігінің тарапынан жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша 14 облыстың 9-ында, 3 мегаполистің 3-еуінде, 87 қаланың 33-інде жергілікті әкімнің немесе мәслихаттың шешімімен бекітілген ресми гербтер барлығы анықталды. Әйткенмен, бұл гербтердің барлығы да тиісті әкімдердің  қалауымен және олардың талғамдарына сай жасалған. Әкімдердің осылайша «өз бетімен түйе айдауына», біріншіден, әкімшілік-аумақтық гербтерге қатысты заңмен бекітілген арнайы нормалар мен ережелердің болмауы, екіншіден, жергілікті атқарушы биліктен мемлекеттік стильді бүге-шігесіне дейін бұлжытпай сақтау мен орындауды талап ететін бірегей тұжырымдаманың жоқтығы себеп болып отыр.

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға сәйкес, ауыл, кент, ауылдық округ, қала ішіндегі аудан, қала, облыс және республикалық мәртебеге ие қалалар гербін бекіту мәселесі – жергілікті атқарушы (әкімдік) және жергілікті өкілетті (мәслихат) органдардың құзыретіне жатады. Ал іс жүзінде жағдай басқаша. Мәселен, Павлодар, Ақтөбе, Орал, Талдықорған қалаларының гербтері жергілікті мәслихат шешімімен бекітілсе, Атырау, Риддер  қалаларының гербтері әкімнің шешімімен бекітілген. Приозерск, Қаражал қалалардың гербтері байқау комиссиясының ұйғарымымен қабылданған. Осыған орай, ауыл, кент, ауылдық округ, қала ішіндегі аудан, қала, облыс және республикалық мәртебеге ие қалалардың гербтерін бекіту ісі – жергілікті атқарушы органның (әкімдік) емес, өкілетті органның (мәслихат) құзыретіне берілгені жөн.

Өйткені бір қаланың мәслихаты бекіткен гербті екінші бір қаланың әкімдігінің жоққа шығару фактілері кездесіп қалып жатыр. Мысалы, 2015 жылы Павлодар қалалық мәслихаттың шешімімен қабылданған қала гербін 2016 жылы Семей қаласының әкімдігі «заңсыз» деп таныған. Сонда қалай? Бір-бірімен көршілес отырған екі облыс Қазақстан Республикасының заңнамасын екі түрлі түсінікпен пайдаланған болып отыр ма? Бұған қоса Шығыс Қазақстан облысындағы Өскемен, Риддер, Зырян қалаларының гербтері түсініксіз жағдайда бірінен соң бірі заңды күштерін жойған. Бұл гербтер еліміздің тәуелсіздігі жылдарында заман талабына сай жаңартылған еді. 

Таяуда Өскемен қаласының әкімдігі: «Қалада герб болуы заңмен реттелмегендіктен...» дегенді желеу етіп, оны логотипке ауыстыруға шешім қабылдапты. Мүлде күлкілі жағдай. Логотип дегеніміз – компаниялардың «сауда белгісі» емес пе? Оның үстіне «Қалада герб емес, логотип болуы керек» деген қағиданы қала әкімдігі қай нормативтік-құқықтық актіден алып отыр екен?! Герб пен логотиптің екі бөлек ұғым екенін геральдикадан аз да болса сауаты бар кісі білуге тиіс еді...

Әлбетте, әр қаланың өз гербі болуы – өскелең ұрпақтың туған қаласына деген мақтаныш сезімін оятады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында Семей қаласын «тарихи орталық» деп атады. Оған қуанып қалдық. Алайда Алаш Орда ту тіккен, Абай, Шәкәрім, Мұхтардай даналарымен мақтанатын киелі қаланың 30 жыл бойына бір гербке жарымай отырғаны көңілге қаяу салады...

Ең бастысы – зайырлы мемлекеттер өзінің Елтаңбасын, Туын, Гимнін ешкімге қорлатпайды. Заңмен де, идеологиямен де қорғайды. Осы орайда мені қынжылтатыны – бізде геральдика туралы заң бар да, идеология жоқ. Геральдикалық басқарма бар да, геральдист жоқ. Республикалық комиссияда да, сараптама кеңесі мен геральдикалық зерттеу орталығында да, ұлттық орталықта да бірде-бір геральдист маман жоқ. Бұған қоса Мәдениет және спорт министрлігінің жанындағы геральдикалық басқарма мен сараптама кеңесінің және геральдикалық орталықтың, сонымен қатар республикалық комиссия мен ұлттық орталықтың да еш заңдық не құқықтық функциялары жоқ. Мәселен, Сауда және интеграция министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігі Мемлекеттік рәміздерге қатысты өз функцияларын орындаумен ғана шектеледі де, әрі қарайғы жұмыс процесінде әрқайсысы бейтарап саясат ұстанады. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының Президенті немесе Парламенті жанынан аталған құзырлы министрліктер мен басқа да өкілетті органдардың жұмысын үйлестіріп, бағыт-бағдар беретін заңдық әрі құқықтық мәртебеге ие «Геральдикалық кеңсе» құру қажет деп ойлаймыз. Ол Президентке немесе Парламентке есеп беруге тиіс. Мұндай мемлекеттік құрылым алдыңғы қатарлы елдердің бәрінде бар, бізде де болуы керек.

Айдын РЫСБЕКҰЛЫ,

Мәдениет және спорт министрлігі Мемлекеттік рәміздер және геральдикалық белгілер мәселелері жөніндегі сараптама кеңесінің геральдист-сарапшысы