Шілденің 13-14-і күндері Ауғанстанның Бадахшан өңірінің Вахон уезіне қарасты Андемин елді мекенінен бас сауғалаған 345 қырғыз этносының өкілі Тәжікстан шекарасын кесіп өтті. Өздерімен бірге 4 мың басқа жуық малын алып өткен қырғыз ағайындарды ресми Бішкек көшіріп алатынын және тарихи отандарында оларға үй-жай мен жайылымдық жерді де қарастыратынын мәлімдеген.
Дегенмен Кабул тарапының кепілдік береміз деген жауабына басымдық берген Душанбе шекарадан өткен қырғыздарды қайтадан ауған жеріне кері асырды. Бұл шешімге жол-жөнекей екі нәрестесінен айырылған қырғыздардың қайғысы да әсер етпеді. 347 адам болып шекара кесіп, тарихи отанына оралуды көксеген қырғыздар Тәжікстанның Мургаб ауданына қарасты Кизил-Работ елді мекенінің маңында ауған тарапына тапсырылып, Вахон уезіне жеткізілді.
Ташкентте өткен Оңтүстік және Орталық Азия елдерінің халықаралық конференциясының қағаберіс сәттерінде қырғыз билігінің өкілдері қандас босқындарды қайтарып алу мәселесі бойынша келіссөздер жүргізген. Одан нәтиже болмаса керек. Себебі 16 шілде күні Бішкектегі Тәжікстан елшісі Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрлігіне шақырылғанымен де көтерілген мәселе жауапсыз қалған. Осылайша, 50-ден астам адам қаза тауып, ондаған адам жараланған қырғыз-тәжік жанжалына жылымық болар мүмкіндік мүлт жіберілген сияқты.
Одан бөлек XV-XVI ғасырларда Памир тауларының биік шыңдарын мекендеп, бүгінде тек мал шаруашылығымен ғана күнелтіп отырған ауған жеріндегі қырғыз ағайындар соғыс өрті мен жоқшылыққа қайта оралды. Вахан уезін мекендеп отырған қырғыз этносының бұл тобының саны бүгінде 700-2000 адам шамасында. Ауған елінің солтүстік-шығысындағы биік таулы өлкеге көшіп келген қырғыздар дәстүрлі көшпелі өмір салтын сақтап қалған. Бір кездегі кеңес билігінің идеологиялық ықпалына да түспеген ауғанстандық қырғыздар ислам дінін берік ұстанған.
Сарапшылардың айтуынша, олардың кейде радикалдық бағытқа ауытқып кететін тұстары да бар көрінеді. Аталған тақырыпты көтеріп отырған кей басылымдардың мәлімдеуінше, шекара кесіп өткен этностық қырғыздарды ауған билігі талибандармен соғысып жатқан тұста өз биліктері мен әскерін қауқарлы етіп көрсету мақсатында кері қайтаруы мүмкін. Алайда қолда бар мәліметтерге сүйенсек, 20 шілде күні Кабулдағы президент сарайына зымыран түскен. Шынайы соғыстан бөлек, ақпараттық соғысты да жақсы меңгерген талибандықтар қазір бүкіл елді басып алғандарын жариялау үстінде.
Ауғанстандағы қырғыз этносының тарихына келсек, академик А.Бернштам: «XVII ғасырда қырғыздар Памирге билік жүргізді. 1653 жылы Қара-Тегін мен Гисарды алды және Балхқа дейін жетті», деп жазған. Араға бір ғасыр салып қоқандықтар Үлкен Памирден қырғыздарды ығыстырып шығарады. ХХ ғасырдың басында Рахманқұл бастаған қырғыздар Мургаб аңғары арқылы Памир тауларына өтіп кетеді.
Осылайша, адам саны сол тұста 10 мыңға жеткен қырғыздар хандық билікті ұйымдастырып, ауған жерінің Үлкен және Кіші Памир маңдарын мекендейді. Бертін келе елдегі саяси тұрақсыздықтың салдарынан адам саны азая бастаған қырғыздар Түркия мен Пәкістанға жаппай қоныс аударған.
Бұл ретте қодас өсірумен айналысатын ауғанстандық қырғыздарға қарапайым медицина қызметі де қолжетімді еместігін айта кету керек. Ана мен бала өлімі жиі кездесетіндіктен, қазір әйелдердің үлесі ерлермен салыстырғанда 40 пайызға да жетпейді. Аталған көрсеткіш ауғанстандық қырғыздардың демографиялық көрсеткіштеріне теріс әсер етіп, әлеуметтік теңсіздік туғызып отыр.
Мәселен, малы көп, әл-ауқаты жоғары байлар полигамды некеге көптеп тұрса, тұрмыс-тіршілігі төмен жігіттер қалыңмалға беретін 100-ге жуық қойды табу үшін жылдар бойы тер төгуге мәжбүр. Бұл мәселеге қырғыз билігі 2000-жылдардың соңында ғана назар аударып, арнайы заң қабылдап, «қайырылман» мәртебесін бекіткен-ді. Оған себеп те жоқ емес, қазір шетелдерде жарты миллионға жуық этностық қырғыз болса, 20 мыңға жуығы тәжік және ауған жерінен тарихи отандарына қайта көшіп келген.
2012 жылы ауғанстандық қырғыздардың ақсақалдары қырғыз билігімен кездесіп, елге қайту жайын талқылағанымен, мәселе нақты шешімін таппаған. Соның салдарынан қырғызтәжік қарым-қатынасы тағы да шиеленісіп, әлі шешілмеген шекара мәселесі одан әрі ушыға түсуі мүмкін дейді сарапшылар.
Бұған себеп те жоқ емес. Тәжік тарапы шекарадан өткен ауғанстандық қырғыздарды кері қайтару туралы шешімдерін қырғыз билігіне ресми түрде хабарламай, айтқан өтінішін де жауапсыз қалдырған. Қырғыз бұқаралық ақпарат құралдарын шолып шыққанымызда, ауған жеріне қайтарылған этностық қырғыздарға қатысты жағымсыз пікірлер жиі байқалды.
Босқындарды «гуманизм қағидаттарына» сүйене отырып қабылдадық деген Тәжікстанның мемлекеттік қауіпсіздік комитеті 3,5 килоға жуық есірткі затын тапқандарын мәлімдегенімен, бұл жөнінде толық ақпарат бермеген. 1991 жылдан бері Қырғызстанға оралуды көздеп, тарихи отандарына жетуді мақсат тұтқан ауғанстандық қырғыздардың кезекті сапары сәтсіз аяқталды. Әзірге Душанбе тарапы ресми баспасөз релизінен басқа хабар таратпады. Екі ел арасында дау тудырған мәселе аяқсыз қалмайтын секілді.
Тәжікстанмен арадағы шекара дауынан толық хабардар болып отыруды жөн көрсе керек, жуырда ғана облыстардағы Үкіметтің өкілетті уәкілдерін президенттік деңгейге ауыстырған Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Тәжікстанмен шектесетін Баткен облысына шекара қызметінен келген кәсіби маман, полковник Әбдікәрім Әлімбаевты тағайындады.
Олжас БЕРКІНБАЕВ,
Орталық Азия бойынша шолушы