Ел Президенті «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында: «Саяси реформа бір күннің немесе бір жылдың шаруасы емес. Мұны ел іргесін шайқалтпай, береке-бірлігін бұзбай, байыппен және біртіндеп іске асыруымыз керек», деп қадай айтқанындай, алғашқы болып өңірлердегі 730 аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ тұрғындары жергілікті сайлау учаскелеріне ұйымшылдықпен келіп, өздерінің конституциялық құқығын іске асырды. Олардың елді мекен басшысын тікелей сайлап қана қоймай, оны баламалы негізде таңдауына мүмкіндік берілді. Мұның өзі өңірлердегі саяси белсенділікті елеулі түрде арттырып, халықтың Мемлекет басшысының саяси реформаларының бірі һәм бірегейі болып саналатын демократиялық даму жолындағы маңызы зор қадамды жан-жақты қолдап отырғандығын көрсетті. Әкімдікке кандидат болып тіркелген 2297 үміткердің 1419-ы немесе 61,8 пайызы өзін өзі ұсынған, ал 878-і (38,2 пайыз) еліміздегі барлық 6 саяси партия ұсынған азаматтар екендігі – соның айғағы.
Ауыл әкімдері сайлауының әділ өтуіне мүдделі азаматтар, қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялардың өкілдері дауыс беру үдерісіне байқаушылар ретінде қатысып, сайлау заңнамасы талаптарының бұлжытпай сақталуын қадағалады.
Бұл еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі бетбұрысты белес екендігі сөзсіз.