Сайлау • 26 Шілде, 2021

Санитарлық талаптар сақталды

447 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Атырау қаласы мен алты аудандағы 18 ауыл әкімінің сайлауы 41 елді мекендегі 36 сайлау учаскесінде өтті. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Айманакумов берген мәліметке сүйенсек, сайлауда 52 үміткер бақ сынады.

Санитарлық талаптар сақталды

– Ауыл әкімінің сайлауына саяси партиялардан (Nur Otan – 15, «Ауыл» ХДПП – 5, АDAL саяси партиясы – 2, ҚХП – 2) 24 үміткер ұсынылды. Өзін өзі ұсынған үміткерлер саны – 28.  Үш округте 2 (Атырау қала­сының Қайыршахты, Құрман­ғазы ауданының Сафон, Теңіз ауылдық округтері), 1 округте  (Махамбет ауданының Сарай­шық ауылдық округі) 4, ал 14 округте 3 үміткерден тіркелді. Сайлау бюллетеньдері жалпы сайлаушылар санының бір пайы­зына  артығымен дайындалып, сайлау округтеріне, учаскелерге жеткізілді, – дейді Азамат Ай­манакумов.

Оның айтуынша, сайлаушылар тізіміне 44 305 сайлаушы енгізілген. Сайлау учаскелері құрылмаған 12 елді мекенде дауыс беруді ұйым­дастыру мәселесі шешімін тап­қан. Ең шалғайдағы сайлау учас­келері Құрманғазы ауданының орта­лығынан 180 шақырым қашық­тықтағы Асан ауылдық округінде орналасқан.

Атырау қаласына таяу орна­ласқан Дамбы ауылында әкім сайлауына жеті үміткер ұсы­ныл­ған­ымен, оның үшеуі ғана тір­­кеу­ден өтті. Сол үшеудің біріне 1 891 сай­лаушы таңдау жаса­ды. Осын­дағы Амангелді атын­­да­ғы мек­тепке орналасқан №68 сай­­лау учаскесіндегі сайлау комис­сия­сының хатшысы Мереке Тайровтың мәліметінше, бұл ауылда 3 600-ден астам тұрғын бар.

– Сайлау учаскесі таңғы сағат 7:00-де ашылды. Сайлау учаскесі ашыл­ған сәтте алғашқы болып ауыл­дың 45 жастағы тұрғыны Альберт Машқалиев өзі таңдаған үміткерге дауыс берді, – дейді Мереке Тайров.

Ауылдағы сайлау учаскесін­де сайлаушылардың жасырын дауыс беруі үшін бес кабина орнаты­лыпты. Ал мүмкіндігі шектеу­лі жан­дарға арналған тағы бір каби­на жабдықталған. Мұнда арақа­шықтықты сақтау жөніндегі нұсқау­лықтар ілінген. Сайлау учаскесінің кіреберісінде сайлаушылардың дене қызуы өлшенді. Содан соң сайлаушылар Ashyq жүйесіндегі QR код арқылы өтті. Сайлаушылар дауыс берген соң басқа есік арқылы сыртқа шықты.

– Біз сайлау учаскесіне келе алмайтын, мүмкіндігі шектеулі немесе егде жастағы тұрғын­дар үшін арнайы өкілді үйіне жіберіп, дауыс беруіне мүмкіндік жасадық. Сондай сайлаушылардан 36 өтініш түсті. Түскі сағат 12-ге дейін тұр­ғын­дардан түскен өтініштер  жинақ­талып, жылжымалы дауыс беру шаралары ұйымдастырылды, – дейді М.Тайров.

Бұл ауылда дауыс беруге отбасымен келгендер де бар. Солардың қатарындағы мектеп мұғалімі Бота­гөз Мадағаева жұбайымен, ата-енесі­мен бірге таңдауын жасады. 

– Мектепте мұғалім болып жұмыс істеймін. Осында тұра­тын болғандықтан, ауылдың бола­шағына бейжай қарай алмаймыз. Ауылымыз өркендеп, тұрғындардың әл-ауқаты жақ­сарғанын қалаймыз. Біздің ауылда белсенді жастар көп. Олар ашық алаңда әртүрлі спорт­тық турнир ұйымдастарып, жас буынның, әсіресе мектеп оқу­шы­ларының  саламатты өмір салтын ұстануына атсалысып жүр. Жас волонтерлер қайырымдылық акцияларын өткізіп, тұрмысы төмен отбасыларға баспана мен азық-түлік себетін сыйлап келеді. Ауыл әкімі қазақтың қайы­рым­дылық қағидасын өнегелі ісі­мен дәлелдеп жүрген  осын­­дай белсенді жастарға қолдау білдірсе, тұрғындардың ауызбір­шілігі нығайып, жаман әдеттен арылған болар еді, – деп өз пікірін білдірді Ботагөз Мадағаева.

Медицина саласында жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан Мақпал Темірованың пікірін­ше, ауыл адамдарының байыр­ғы кәсі­бі­нің қатарында егін егу мен төрт түлік өсіру бар. Алай­да егін шаруа­шылығын дамыту­ға судың жетіс­пей­тіні қолбайлау болып отыр. Ауыл әкімі осы мәселеге ден қойса, ауыл­дан көшу тоқтап, жастар ара­сын­­дағы жұмыссыздықты азай­туға ық­палы тиеді. Ал балабақша қыз­мет­кері Айман Мұсаеваны бала­лар ой­най­тын алаңның жоқты­ғы алаңда­тады. Дегенмен осы мәсе­ленің үміт­керлер­дің бағдарлама­сынан көрініс тапқаны үміт отын маздатып отыр.

 

Атырау облысы