Сайлау • 26 Шілде, 2021

Ел үміті ақталса игі

157 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Зеренді ауданына қарасты Шағалалы ауылындағы №507 учаскеге ауыл әкімдігінен үміткер ретінде Болат Дүйсенов, Қайрат Байдулин, Мұрат Нұрсәуле тіркелген екен. Болат Дүйсенов бұған дейін осы округтің әкімі қызметін атқарған.

Ел үміті ақталса игі

Сайлау учаскесі ауылдағы ауыл шаруашылығы колледжінің ғимаратына орналасқан. Бірінші қабаттағы кең де жарық, ке­лім­ді-кетімді кісілердің дауыс бе­руі­не қолайлы бөлмеде сай­­лау комиссиясының төр­аға­сы Нұрлан Кәрімовты жолық­тыр­дық. Сағат онға дейін 646 сай­лау­шының 59-ы дауыс беріп­ті.   

– Сайлаушылардың белсен­ді­лігі төмен емес пе? – деп сұра­дық біз.

– Ауыл адамдары малдарын жайлап, қойын қосып, сиырын сауып бір-ақ келеді, – деді сайлау комиссиясының төрағасы.

Учаскеде 95 жастағы Генна­дий Малахов есімді қарт адамды жолықтырдық.

– Ел Президентінің осы бас­та­масы көңілге қонымды, – дей­ді Геннадий Иванович. – Кеңес заманында совхоз-техникум болып тұрған кезімізде жұмыссыз жүр­ген бір адамды таба алмау­шы едік, қазір жастардың кө­бі қол қусырып қарап отыр. Жұ­­мыс­сыздықтың әсерінен келең­сіз оқиғалар да болып жатады. Ел сайлаған әкім алдымен осы мәселеге көңіл бөлсе дер едім.

Сайлау учаскесіне тіркелген 24 адам денсаулықтарына байланысты үйлерінде дауыс бер­мекші. Расында да сай­лау­шы­лар легі сағат оннан аса кө­бейе бастады.  Солардың бірі – Марат Омаровтың айтуына қарағанда, округтегі ең басты мәселе – жа­йы­лым мен шабындық.  Төрт тү­­лік­тің сүмесімен күн көріп отыр­­ған халыққа осындай тү­йін­ді мәселелердің шешілгені керек.

№506 сайлау комиссиясы ауылдағы орта мектепке орналасыпты. Мұнда 692 сайлаушы тіркелген, 7 адам үйінде дауыс береді. Сағат оннан аса елу адамның дауыс бергендігі белгілі болды.

–Біздің сайлаушыларымыз алыста тұрады. Мәселен, өзеннің арғы бетіндегі Нұрлы­көш үш шақырым жерде, Совет көшесінің шетіндегі аумақ та осы учаскеге тіркелген. Ол үй­­лер де біршама қашықта. Сай­­лау­шылар сондықтан бөге­ліп жатқан болуы мүмкін, – дей­­ді сайлау комиссиясының төр­ағасы Булат Бимағамбетов. – Ха­лықтың бәрі күні бұрын құ­лақтандырылған.

Мұндағы сайлаушылармен де жүздесіп, ауылдағы ше­ші­мін таппаған өткір мәсе­ле­лер туралы сұрап білдік. Осы округ тұрғыны Шайзада Нұрболаттың айтуынша, тұр­ғын­дарды жер және жол мәселе­сі толғандырады. Халқы қалап сайлаған округтің жаңа әкімі осы мәселелерді оңынан шешіп берсе, ауылдың айдарынан жел есері анық.   

Жұрт өздері сайлаған әкім­нің жауапкершілікпен жұмыс істейтіндігіне сенімді. Жалғыз Шағалалы ауылында ғана емес, облыстың 95 сайлау округіне 318 кандидат ұсынылып, үміт оты лаулап тұр.

Облыстағы сайлау учас­келерінде 436 байқаушы жұмыс іс­теуде. Байқаушылардың об­лыс­тық штабының жетекшісі Ер­лан Закирьяновтың айтуынша, сағат 11-ге дейін 20385 сайлау­шы дауыс беріп үлгерген. Бұл барлық сайлаушылардың 20,12 пайызы.

– Біз әрбір сағат сайын бай­қау­шылардан ақпарат алып отыр­мыз. Тұтастай алған­да, нау­қан заң шеңберінде өткі­зілуде, – дейді Ерлан Закирьянов.

Тұңғыш рет ұйым­дасты­рыл­ған саяси науқаннан жұрт үл­кен үміт күтіп отыр. Өздері сай­лаған әкімдер жергілікті жер­лердің ұзақ уақыттан бері қордаланып қалған мәселе­лерін шешіп берсе, ел бесігі – ауылдың ажары кі­ріп қалмақ. Ел үміті ақталса игі.

 

Ақмола облысы