Сайлау • 26 Шілде, 2021

Саяси іс-шара мерекелік сипатта өтті

408 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында 79 сайлау учаскесі жұмыс істеп, 31 ауылдық округтің әкімін сайлау өткізілді. Біз Теректі ауданындағы 4 ауылда болған сайлау барысымен таныстық.

Саяси іс-шара мерекелік  сипатта өтті

Аудандағы ең үлкен елді мекен – Подстепной ауылдық округі аумағында 10 370 адам тұ­рады. 6 712 сайлаушы округ аумағ­ындағы 5 сайлау учас­ке­сін­­де дауыс берді. Біз ауылдық мәде­ниет үйінде орналасқан №384 сайлау учаскесіне таңер­теңгі 10.00. сағат шамасында бар­­дық. Мәдениет үйі алдын­да ұйым­­дастырылған ауыл шаруа­шы­лы­ғы жәрмеңкесі, алыстан есті­летін қазақы әуендер бүгінгі іс-ша­раға мерекелік сипат беріп тұрды.

«2 197 сайлаушы бар тізімде, қазіргі уақытта бірінші рет болып жатқан сайлау ғой, келіп жат­қан кісілердің көңіл-күйі жақ­сы. Үлкен кісілер мейрам сияқ­ты келіп, бізді құттықтап жа­тыр. Кенттің өзінде 3 сайлау бө­­лім­­шесі бар. Халыққа риза­мыз, ка­ран­тиндік талаптарды тү­сі­ніп, сақ­тық шараларын сақ­та­ған. Біз­дің сайлау учаскесі бо­йын­­ша екі сағаттың ішінде тір­кел­­ген сай­лаушылардың 12 па­йызы да­уыс берді», дейді №384 учаскелік сайлау комис­сия­­сы­ның төрағасы Гүлайым Сағындыққызы.

Біз көлік тіреген келесі мекен – Ақсуат ауылы болды. Округте жалпы саны 2 967 адам тұрады. Округ құрамына орталықтан бөлек, Магистральное, Пойма, Әйтиев секілді шағын ауылдар кіреді. Облыс орталығына жақын, топырағы құнарлы, сулы-нулы жерде орналасқандықтан, халықтың әл-ауқаты жақсы екені сезіліп тұр. Округте еңбекке жарамды 1 355 адамның 1 277-сі жұ­мыспен қамтылған. Округ аума­ғында өнімі көршілес шетел­дерге де шығарылатын атақ­ты күн­бағыс майы зауыты жұмыс істеп тұр. Ауылда 5 заңды тұлға, 12 жеке кәсіпкер, 11 шаруа қожа­лығы бар екен.

«Ауылда тіркелген 734 сайлаушымыз бар. Қазіргі жағдайға қарағанда халықтың белсенділігі жаман емес», деді №352 сайлау учаскесінің төрағасы Ержан Құрманов.

Бір қызығы, Ақсуат ауылы­ның тізгінін ұстауға ниет білдір­ген екі үміткер де бұрын бұл ауыл­да тұрмаған, сырттан келген азаматтар екен. Пандемияның өршуіне байланысты сайлауалды үгіт-насихат кезеңінде үміт­керлер жиын өткізе алмапты. Көп іс-шара әлеуметтік желілер арқылы өткен. Округті аралап, ауыл ақсақалдарымен, белсенді топтармен кездескен кейбір үміткер елдің есінде қалыпты.

«Осы Пойма ауылында 1996 жылдан бері тұрамын. Бүгінгі сайлау ұйымшылдықпен өтіп жатқан сияқты. Екі кандидаттың біреуін жақсы танимын. Ауылды аралап, келіп жүргенде әңгімесін тыңдап едім. Қолынан іс келе­тін, лайықты жігіт сияқты. Дауы­сымды соған бердім», дейді 71 жастағы Қаби Бектенов.

Байқағанымыз, округ аума­ғында ұялы байланыс, мобиль­ді интернет сапасы жақсарту­ды қажетсініп тұр екен. Магист­раль­­ный мен Әйтиев ауылдары­на кіреберіс жолдарға жөндеу қажет. Естуімізше, бұл екі ауыл­дың кіреберіс жолын жөндеуге қа­жетті 140 млн теңгеге бюд­жет­тік өтінім жолданған көрі­неді. Пойма ауылындағы бастауыш мектеп ғимараты да көзге қораштау көрінді. Мұның бәрін ел таңдаған ауыл әкімі аудан басшыларының алдына қойып, мәселені оңынан шешсе керек.

– Жергілікті уақытпен түскі сағат 11.00.-де Батыс Қазақ­стан об­лысы бо­йынша сайлаушы­лар­дың 29 пайызы дауыс берді, – деп хабарлады Батыс Қазақ­стан облыстық сайлау комис­сиясы­ның төрағасы Ғайса Қапақов.

Өңірдегі 31 ауылдық округ әкімінің орнына барлығы 81 кандидат тіркелген болатын. Соның ішінде 39 кандидатты партиялар ұсынса, 42-сі – өзін өзі ұсынған азаматтар екен.

«Сайлау барысында 11 адам ойынан айнып, өз кандидатурасын алып тастады. Бүгін сағат 7-де сайлау өтуі тиіс 79 бөлімше есігі айқара ашылды, 488 комиссия мүшесі карантин талаптарын сақтап, халыққа өз таңдауын жасауға көмек көрсетіп жатыр. Сайлау учаскелерінде 184 адам байқаушы болып тіркелген. Оның 79-ы – кандидаттардың сенімді өкілі болса, 62 адам – қоғамдық ұйымдардан, 43 адам – саяси партиялар тарапынан жіберілген байқаушылар», деді Ғайса Қапақов.

Күндізгі сағат 11-дегі мәлімет бойын­ша Ақжайық ауданында – сайлау­шы­лардың 16 пайызы, Бөкейорда ауданында – 29 пайыз, Бөрліде – 23, Бәйтерек ауданында – 34, Жаңақалада – 33, Қазталов ауданында – 39, Қара­төбеде – 34, Сырымда – 41, Теректі ауданында – сайлаушылардың 27 пайызы дауыс берген. Жалпы облыс бойынша – 29 пайыз сайлаушы таңдауын жасаған.

Айта кетейік, сайлау учаске­леріндегі қоғамдық тәртіп пен каран­­тиндік талаптардың сақта­луын қадағалап, 130-дай полиция қызметкері кезекшілік жаса­ды. Батыс Қазақстан облыс­тық санитарлық-эпидемио­ло­гиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев пен облыстық Полиция де­пар­­­та­менті жергілікті поли­ция қызметі басқармасы басты­ғы­ның орынбасары, поли­ция под­по­лковнигі Ернар Сұлтан­ғалиевтің айтуынша, сайлау кезінде заңбұзушылық оқиға тіркелмеген.

 

Батыс Қазақстан  облысы