Облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Әлия Дуанбаеваның айтуынша, сайлауға барлығы 147 үміткер түскен. Аймақтағы барлық сайлау учаскесінде Орталық сайлау комиссиясының нұсқаулығына сай дауыс беру кабинеттері жасақталып, кандидаттар туралы мәліметтер, комиссия құрамы, сот, прокуратура органдарының телефон нөмірлері көрсетілген қажетті ақпараттық стендтер, дауыс беру кабинетіне енген соң сайлаушының өзін-өзі қалай ұстауы керектігіне дейін тәптіштеп түсіндірілген ережелер ілінген. Сайлау учаскелерінде коронавирусқа қарсы санитарлық сақтық шараларының жан-жақты қарастырылғанын да айта кеткен жөн.
Біз тарихи маңызы ерекше саяси науқанның барысын көзбен көріп, сайлаушылармен тілдесіп көру мақсатында таңғы сағат жетіден кете облыс орталығына жақын орналасқан Қостанай ауданына қарасты Садчиков ауылдық округіне бардық. Мұнда 1 640 сайлаушы тұрады. Ауылдық округ әкімі сайлауына үш кандидат түсіп отыр. Үміткерлердің екеуі өзін өзі ұсынған. Ал біреуі – «Ақ жол» демократиялық партиясының өкілі.
Сайлау учаскесі ауылдық мектепке орналасқан екен. Есік алдында қаңтарылған көліктер, кіресілі-шығасылы сайлаушылар көп. Құжаттарымызды көрсетіп, ішке еніп, сайлау учаскесінің төрағасы Александр Рябичевке жолықтық.
– Таңғы сағат алтыдан бастап жұмысқа кірістік. Сейфті ашып, комиссия мүшелеріне сайлау бюллетеньдерін үлестіріп бердік. Олар бюллетеньдерді тағы бір санап алды. Байқаушылар мен сенімді тұлғалар тіркеліп болған соң, 6:30-да сайлаушы бюллетень салатын жәшіктерге мөр бастық. Сағат тура жетіні соққанда, еліміздің Гимні орындалып, сайлау учаскесін аштық. Санитарлық нормаға сәйкес бұл сайлауға 4 байқаушы қатысып отыр. Ауыл тұрғындары сайлауға белсенді қатысып жатыр. Қазір сағат 7:40-ты көрсетіп тұр, осы уақыт аралығында 50-ден астам сайлаушы дауыс беріп үлгерді, – деді Александр Яковлевич.
Сайлау барысында қандай да бір заңға қайшы дүниелердің, кемшіліктердің болмағанын байқаушылар да айтып отыр.
– Сайлау учаскесі белгіленген уақытта ашылды. Кіреберісте дәрігерлер кезекшілік етіп тұр, ол әр дауыс берушінің дене қызуын өлшеп, тексеріп өткізеді. Сайлаушылар тарапынан да, сайлауды ұйымдастырушылар тарапынан да ешбір заң бұзу әрекеті болған жоқ, – деді «Партиялық емес бақылау орталығының» өкілі Аңсаған Жүрсінов.
– Сайлау учаскесі ашылғалы осында жүрмін. Облыстың бас санитарлық дәрігері шығарған қаулының талап-ережелері толық сақталуда. Сайлаушылар кіреберісте қолдарын антисептикпен тазалап кіруде, сондай-ақ барлық дауыс берушілерге жеке қорғаныш заттары – бетперде, медициналық қолғап, тіпті қаламға дейін беріліп жатыр. Одан кейін жеке куәлігін көрсеткен дауыс берушіге бюллетень беріліп, сайлаушылар өзі таңдаған кандидатқа дауыстарын беріп жатыр. Ешбір заң бұзушылық орын алған жоқ, сайлау ел заңнамасына сәйкес өтіп жатыр, – деді сайлау барысын бақылап отырған «Ақ жол» партиясының өкілі Галина Дудина.
Садчиков ауылының тұрғыны Алтын Ержанова сайлау барысын үміткерлердің бірінің сенімді адамы ретінде бақылап отыр екен.
– Сайлау заң талаптарына сай өтіп жатыр. Тұрғындар көп келіп жатыр. Бұл науқанның басты мақсаты бәріне түсінікті. Бүгін ауыл халқы өзі жақсы білетін, іскер, тәжірибелі азаматты таңдауға тиіс деп ойлаймын. Болашақ әкіміміз ауылымыздың бүгіні мен ертеңін тең ойлап, барлық күш-жігерін салып, осы елдің көркеюіне, тұрғындардың өмір сапасының жақсаруына, жұмыс орындарының көптеп ашылуына бар күш-жігерін жұмсайды деген сенімдемін, – деді байқаушы.
Сайлау учаскесіне ерте келгендіктен, ауылдық округ бойынша ең бірінші дауыс берген тұрғынмен тілдесудің сәті түсті. Үш баланың анасы Светлана Черепанова өзі таңдау жасаған үміткерге сенетінін жеткізді.
– Мен бүгін сайлауға ең бірінші болып келдім. Дәл 7:00-де осы жерде болып, өз таңдауымды жасадым. Төрағаның қолынан сыйлық алдым. Жалпы, біздің ауылымыз үшін бұл сайлаудың маңызы зор. Өйткені бұған дейін ауыл әкімін аудандық мәслихат сайлайтын. Енді халық өзі сайлаған соң, осы ауылды жақсы білетін, жанашыр, жергілікті азамат әкім болатын шығар деген үміттеміз. Мысалы, менің үш балам бар, бірақ ауылда мектеп жанындағы балалар орталығы жұмыс істеп тұрғанымен, әлі күнге дейін жеке балабақша жоқ. Болашақ әкім осы мәселені шешуге күш салады деген үміттемін, – деді С.Черепанова.
Қостанай облысы