Жаңашылдыққа жол ашқан жаңа үрдіске біз де үлесімізді қосуды көздедік. Біздің мақсатымыз – сайлаудың ашық, әділ өтуін қадағалау.
Атырау қаласы мен алты аудандағы 18 ауылдық округтің әкімі лауазымы үшін 52 үміткер додаға түсті. Әкім сайлауы 36 сайлау учаскесінде өтті. Қоғамдық бірлестіктің 150-ге жуық байқаушысы сайлау учаскелеріне таңғы сағат 6:00-ден бастап барды. Сайлау үдерісін қадағалау кезінде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заң талабын бұзушылық тіркелген жоқ.
Сайлау учаскелерінде дауыс беру санитарлық нормаларға сәйкес ұйымдастырылды. Ауыл тұрғындарының бұл сайлауға қызығушылық танытып, белсенділікпен дауыс бергенінен билік пен бұқара арасындағы байланыстың нығаятынын байқадық. Әр тұрғын дауыс беруге келіп, өз таңдауын жасады. Осылайша, сайлаушылар еліміздің демократиялық жолмен өркендеуіне үлесін қосты.
Ал ауыл әкімдері туралы айтатын болсақ, енді олар өз міндетіне жауапкершілікпен қарайтын болады. Өйткені әкім ауыл тұрғындарының көп дауысын жинау үшін сайлауалды бағдарламасын ұсынды. Сайлаушылардың сенімін ақтауға тырысатын әкім өзі ұсынған бағдарламаның нақты іске асуына мүдделік танытады.
Дәурен СЕЙІТҚАЛИЕВ,
«Партиялық емес байқау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының жетекшісі
Атырау облысы