Аймақтар • 26 Шілде, 2021

Газдың құны – көптің мұңы

23 рет көрсетілді

Қарағанды облысын газдандыру жобасы 2035 жылға дейін есептелген. Облыс орталығы бойынша 30 мыңға жуық үйді қамтитын 16 іске қосу кешенін салу жоспарда бар. Теміртауда сегіз, Жезқазғанда алты іске қосу кешені қарастырылған. Шахтинск қаласы, Жаңаарқа және Осакаров аудандарын газдандыру бойынша жобалар әзірленді. Қаражал, Жәйрем кенті, Бұқар жырау және Шет аудандары үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Ал биыл Саран қаласында газ құбырының құрылысы басталмақшы.

Таяуда Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келген ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Дарбаев өңірдегі газдандыру жөніндегі жобаны іске асыру жұмыстарының барысымен танысты.

Жалпы қазіргі уақытта құрылысы жүргізіліп жатқан «Сарыарқа» магис­тральды газ құбырынан көгілдір отынды Қарағанды, Жезқазған және Теміртау қала­ларындағы үш мыңға жуық тұтыну­шы алады. Ал бұл саладағы соңғы жаңа­лықтың бірі – салынған газ желілері қыз­мет көрсететін компанияның сенімді бас­қаруына өтеді. Ал бұл шаруа іске асқан­нан кейін тарифті бекітуге өтінім беріледі.

Жұмыс сапары барысында Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы газ тарату пункттерінде, сон­дай-ақ көгілдір отын қазірдің өзінде жеке үйлерге жеткізілген облыс орталы­ғындағы Михайловка шағын ауданында болды.

Осы аудандағы Западный көшесінде тұратын зейнеткер Аман Әбжанов газ­дың келгенін асыға күтіп жүргенін жет­кізді.

– Әрине, газ болғаны жақсы. Біз отбасымызбен осы үйде 20 жылға жуық тұрамыз, көмірмен жылытамыз. Қыста бес-алты тонна көмір сатып аламыз. Газ тиімдірек болар еді. Бірақ қазандықты қою үшін үйдің ішіне құбыр тарту айтарлықтай шығындарды талап етеді. Біз мұны бөліп-бөліп төлейміз деп үміт­тенеміз, – дейді ол.

Облыстық энергетика және ТКШ бас­қармасының басшысы Ұлантай Үсе­новтің айтуынша, бүгінде Қара­ған­ды, Теміртау және Жезқазған қала­ла­рында алғашқы іске қосу кешен­дері аяқталыпты. Үш қаладағы үш мың­ға жуық абонент үйлеріне газ же­лі­лері тартылған. Қазіргі уақытта екін­ші ке­зектің құрылыс жұмыстары жүр­гізілуде.

Алдағы уақытта Жезқазған мен Те­міртаудағы газ желілерін сенімгерлік бас­қаруға қабылдаған «ҚазТрансГаз Ай­­мақ» АҚ қызмет көрсету ком­па­ния­сы жұмысқа кіріседі. Көп ұзамай Қарағандыда да тапсыру үдерісі аяқ­талады. Компанияның абоненттік бөлімі ашылған, газ қосқысы келетіндер ол жерде техникалық шарттарды ала алады.

Табиғи монополияларды реттеу ко­митетінің төрағасы Асан Дар­баев бүгінге дейін көп шаруаның тынды­рыл­ғанын атап өтті.

– Тамыз айында біздің департаментке тарифті бекітуге өтінім беріледі деп күтеміз. Алдын ала көпшілік тыңдаулар өтеді. Барлық тараптардың мүдделері ескеріледі. Қазан айының басына дейін облыс бойынша газдың түпкілікті құ­ны анықталады деп ойлаймын, – деп мә­лімдеді ол.

Бүгінге дейін үйлерін көмірмен жылытып келген Арқа төсіндегі ағайын үшін газ бағасының қолжетімді болғаны – аса маңызды мәселенің бірі. Бұдан бөлек, көгілдір отынның келуі облыстағы экологиялық ахуалдың жақсаруына да игі септігеді деп үміттенеді өңір тұр­ғын­дары.

 

Қарағанды облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Шерхан Мұртазаның үйі

Әдебиет • Кеше

«Жасыл» аймақта екі өңір

Коронавирус • Кеше

Бүгін - Аналар күні

Қазақстан • Кеше

Әлемде эпидахуал қандай?

Әлем • 18 Қыркүйек, 2021

Токио марафоны 2022 жылға шегерілді

Спорт • 18 Қыркүйек, 2021

Алматыда тау бөктері өртеніп жатыр

Аймақтар • 18 Қыркүйек, 2021

Ұқсас жаңалықтар