Таяуда Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келген ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Дарбаев өңірдегі газдандыру жөніндегі жобаны іске асыру жұмыстарының барысымен танысты.
Жалпы қазіргі уақытта құрылысы жүргізіліп жатқан «Сарыарқа» магистральды газ құбырынан көгілдір отынды Қарағанды, Жезқазған және Теміртау қалаларындағы үш мыңға жуық тұтынушы алады. Ал бұл саладағы соңғы жаңалықтың бірі – салынған газ желілері қызмет көрсететін компанияның сенімді басқаруына өтеді. Ал бұл шаруа іске асқаннан кейін тарифті бекітуге өтінім беріледі.
Жұмыс сапары барысында Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы газ тарату пункттерінде, сондай-ақ көгілдір отын қазірдің өзінде жеке үйлерге жеткізілген облыс орталығындағы Михайловка шағын ауданында болды.
Осы аудандағы Западный көшесінде тұратын зейнеткер Аман Әбжанов газдың келгенін асыға күтіп жүргенін жеткізді.
– Әрине, газ болғаны жақсы. Біз отбасымызбен осы үйде 20 жылға жуық тұрамыз, көмірмен жылытамыз. Қыста бес-алты тонна көмір сатып аламыз. Газ тиімдірек болар еді. Бірақ қазандықты қою үшін үйдің ішіне құбыр тарту айтарлықтай шығындарды талап етеді. Біз мұны бөліп-бөліп төлейміз деп үміттенеміз, – дейді ол.
Облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ұлантай Үсеновтің айтуынша, бүгінде Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қалаларында алғашқы іске қосу кешендері аяқталыпты. Үш қаладағы үш мыңға жуық абонент үйлеріне газ желілері тартылған. Қазіргі уақытта екінші кезектің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Алдағы уақытта Жезқазған мен Теміртаудағы газ желілерін сенімгерлік басқаруға қабылдаған «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ қызмет көрсету компаниясы жұмысқа кіріседі. Көп ұзамай Қарағандыда да тапсыру үдерісі аяқталады. Компанияның абоненттік бөлімі ашылған, газ қосқысы келетіндер ол жерде техникалық шарттарды ала алады.
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Дарбаев бүгінге дейін көп шаруаның тындырылғанын атап өтті.
– Тамыз айында біздің департаментке тарифті бекітуге өтінім беріледі деп күтеміз. Алдын ала көпшілік тыңдаулар өтеді. Барлық тараптардың мүдделері ескеріледі. Қазан айының басына дейін облыс бойынша газдың түпкілікті құны анықталады деп ойлаймын, – деп мәлімдеді ол.
Бүгінге дейін үйлерін көмірмен жылытып келген Арқа төсіндегі ағайын үшін газ бағасының қолжетімді болғаны – аса маңызды мәселенің бірі. Бұдан бөлек, көгілдір отынның келуі облыстағы экологиялық ахуалдың жақсаруына да игі септігеді деп үміттенеді өңір тұрғындары.
Қарағанды облысы