Экология • 26 Шілде, 2021

Бетегесіз белдерде бөкен қайтіп күн көрер?

843 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ақмола өңірінде мамандардың есебіне қарағанда, 80 мыңға таяу ақбөкен бар. Соңғы жылдары олардың 7-8 мыңы біздің өңірде қыстап қалатын болған. Өткен қыста қар қалың түсіп, азығы таусылған жануарлардың 468-і опат болыпты. Биылғы қуаңшылық жылы қайтсек ақбөкен ажалдан аман қалады?

Бетегесіз белдерде бөкен қайтіп күн көрер?

Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, сулы, нулы Ақмола өңірінде дәл биылғыдай қуаңшылық көптен бері бола қоймаған екен. Көктем шыққалы жаз ортасына дейін аспаннан нәр тамбады. Әншейінде аттылы адамның үзеңгісін сипайтын ағаш бауырындағы жоңышқа жым-жылас. Бағзы замандағы берекелі жайылымдарда өсетін мия, бозғанақ, бұйырғын, тобылғы, бозжусан, қоңыржусан, жержусан, көкпек, балық­көз, тұзжапырақ, ажырық, қарашағыр, ақ шағыр, қарғатұяқ, қоңырбас, ақселеу көзден бұл-бұл ұшқалы не заман?! Дала­лы аймақта қыс түгілі жаздың өзінде бө­кен­нің тісіне ілігетін қылтанақ жоқ. Биыл малсақ қауым трактор бойлап бара алмайтын сай-саланы, өзектерді індетіп, шалғының тісіне іліккенін шауып жатыр. Егін алқаптарындағы сабанды да атжалға түсіріп жинап алмақ. Қамыс та, қоға да қуаңшылық жылы мал азығына сеп. Малсақ қауымға бұл ісің теріс деп айта алмасақ керек. Амандық-саулықты «мал-жан аман ба?» деп малынан бастап сұрайтын малсақ қауым үшін төрт түлікті қыс сынағынан аман-есен алып шығу айрықша маңызды. Қатал қыстың сынынан қаймыққан шаруа қара күзге дейін қауырт қимылдаса, шөліркеп, қуарған дала төсі жылан жалағандай болғалы тұр. Сонда бес ауданның аумағындағы ақбөкен аштан қатпай ма?!

Өткен жылғыдай жұт жайлама­ған, жайылымдардағы он сан шөбі әдет­тегідей көктеген уақытта айдын-шалқар көлі көп, мал жайылымына аса қолайлы Қорғалжын ауданында 148, Целиноград ауданында 132 ақбөкен ажал тапқан. Биыл Атбасар, Егіндікөл, Жақсы, Жар­қайың, Қорғалжын аудандары – қуаң­шы­лықтың зардабын ең көп тартып отырған өңірлер.

Киік біткен негізінен осы аудандарды мекендейді. Төл төгіні де Атбасар мен Жақсы аудандарының қиылысқан же­ріндегі Қайрақты, Тайкеткен ауылдары­ның маңындағы ойпаңда өткізілді. Сөз арасында біздің өңірге бауыр басқан бөкендердің бетпақдала популяциясы екенін айта кетелік. Ерекшелігі, Ақ­төбе мен Маңғыстауды мекендеген, қар түсе Өз­бекстан асып кететін үстірт попу­ля­циясы тәрізді емес, ел аума­ғы­нан шық­пайды. Күн суыта Қорға­лжын­да­тып қиғаштай салған мың сан киік Жез­­қазғанның ұлан даласына қоныс ­ауда­рады. Тек соңғы бес-алты жыл бойы қыстың жұмсақтығынан ба екен, әлде басқа бір біз білмейтін себебі болды ма, жазғы өрісін жайлап, қыстап қалатын әдет тапқан. Мамандардың пайымдауына қарағанда, оның себебі – бөкен қоныс аударатын жолдардың жабылып, жалпақ дала жүзіне айғыз-айғыз жол салынуы. Бәлкім, әлдекімге өкпелегендей өрісін тарылтып, қысы қатты өңірден көшпей қалуы осы себептен бе екен? Биыл қанша ақбөкеннің аязы қатты, қары қалың Арқа төсінде қалатынын ешкім болжап айта алмайды. Бірақ соңғы жылдары табиғат тылсымы өзгеше өріс тапқаны белгілі.

Бөкен санының өзгеріп тұруына, бірде азайып, бірде көбеюіне әсер ететін екі жайт бар. Біріншісі, жаз­дағы қуаңшылық пен қыстағы қардың қа­лың­дығы. Оның үстіне соңғы жылдары қыс ішінде сіркіреп жаңбыр жауып, бұрын-соңды болмаған табиғаттың тосын өзгерісін көз көріп жүр. Жаңбыр жауған соң қасат қардың беті қабыршақтанып, мұз болып қатып қалады. Сірескен мұз басқан қысқы жа­йылымда сүйегі нәзік бөкен түгіл, құтпан айғыр, атан жілікті мамабиелердің күн көруі қиын. Екінші кесел – жұқпалы ауру мен заңсыз аң аулайтын браконьерлер. Оған қанды ауыздың кеселін қоссаңыз, бөкенге төнер қауіп мың батпан екенін аңғарар едіңіз. Өткен жылы, әсіресе Це­ли­­ноград, Астрахан, Қорғалжын, Егін­ді­көл аудандарының жайылымында қыс­тап қалған ақбөкен қырғынға ұшырады. Төрт түлік малдан жұғатын пастереллез ауруының да зардабы аз емес. 2015 жылы біздің облыстың төңі­регінде ғана 10 667 ақбөкен қырғынға ұшыраған.

Тоқсаныншы жылдардың басында кеңшарлар таратылғаннан кейін бұрын егін себілетін алқаптар біраз жыл босап қалды. Міне, осы кезде бөкеннің көбеюі әбден мүмкін еді. Қанша дегенмен шөбін таңдап жейтін, талғап жейтін жайылым көп. Бірақ керісінше саны азайды. Өйткені бұрын қоғам жұмысынан қолы босамайтын ел азаматтары екі қолға бір күрек таба алмай ерігіп, мылтық асынып дала кезіп кеткен. Қарауылына алды­мен ілінгені – мүйізі бағалы бөкен. Адамнан келген алапат зиян байғұс жа­нуардың санын ойсыратып-ақ тастады. Киіктің қымбат мүйізі өзіне сор болып тұр. 2014 жылы Егіндікөл ауданында 84 бөкен оққа ұшса, 2019 жылы Қорғалжын ауданында 110-ы атылған. Бұл – белгілі болғаны ғана. Тегін олжаға дәніккендердің түн жамылып ұстатпай кеткені қанша екені бір жаратқанға ғана мәлім. Ал біздің бі­летініміз – иен дала еркесінің са­ны­ күрт азайғаны.

Атам қазақта «есің кетсе ешкі жи» деген мақал бар. Желмен жарысқан бөкен де ешкі іспетті. Жайылымы жайлы болса тез көбейеді. Мамандардың айтуына қарағанда, жыл сайын 30 пайызға дейін көбейеді екен. Биыл қыс тұқымы біршама көбейген бөкенге қатал сын болғалы тұр. Оның үстіне жоғарыда аталған бес аудан­ның ауыл шаруашылығы құры­лым­дарының басшылары ақбөкен егін алқап­тары мен жайылымдарды, шабындық жерді басып, тоздырып жіберді деп дабыл қағуда.

– Ақбөкенді атуға Қазақстан Респуб-
­ликасы Үкіметінің 2001 жылғы №980 қаулысына сәйкес тыйым салынған. Ауыл шаруашылығы құрылымдары өздерінің егістік жерлерін өздері қорғап, күзетуі керек. Біздің білуімізше, олар бөкендердің сан жыл бойы бауыр басқан жайылымдарын жыртып, егін салып отыр. Төрт түлік мал тәрізді бөкендердің де еті үйренген, қалыптасқан ортасы болады. Табиғи заңдылықты бұзуға болмайды ғой. Сондықтан алдағы уақытта жергілікті атқарушы органдар бұл мәсе­лені мықтап ескеруі керек, – дейді об­лыстық орман шаруашылығы және жа­нуар­лар дүниесі инспекциясының басшысы Лашынтай Дүйсенов.

Қуаңшылық жылы өңірде қыстап қалатын бөкен біткен қайтіп күнін кө­реді, ең басты мәселе – осы! Ұлт­тық ­ табиғат парктері өздерінің аумағындағы шөп­қоректі аңға қысқы азығын дайындай­тыны белгілі. Бөкендер қыстайтын аумақта осындай қарекет етсек қана қауіптің бетін қайтарамыз. Бірақ оны кім дайындайды? Егінімді басып, шабын­дығымды таптап кетті деп өк­песі қара қазандай болып отырған ауыл шаруа­шылы­ғы құрылымдары ма? Есіл су бассейні құрылғаннан кейін облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының құрамы ықшамдалып, Жарқайың, Атбасар, Жақсы, Егіндікөл, Целиноград, Астрахан, Ерейментау аудан­дарындағы инспекторлар саны қыс­қартылған. Қазір инспекция бөкеннің қысқы азығын дайындамақ тұрмақ, оны күзетуінің өзі мұң болып отыр.

Қысқасы киіктің қыстан аман қалуы да елге сын болғалы тұр...

 

Ақмола облысы