Үкімет • 27 Шілде, 2021

Баламалы энергия көздерін дамытады

445 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Мамин Eni энергетика компаниясының бас ат­қарушы директоры Клаудио Дес­каль­цимен кездесу өткізді, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Баламалы энергия көздерін дамытады

Eni компаниясы Қазақстанда 1992 жылдан бері жұмыс істеп келеді және ел экономикасына 15 млрд доллардан астам инвестиция салды.

Тараптар Қашаған және Қарашығанақ кен орындарында мұнай мен конденсат өндіру деңгейін арттыру және оны сақтау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында жаңартылатын энергия көздері жобаларын дамыту мәселелерін талқылады.

Премьер-Министр А.Мамин Eni Қазақ­станның маңызды инвестициялық серіктесі екенін атап өтіп, компанияның Қарашығанақ және Қашаған кен орындарын игеруге, сондай-ақ Исатай және Абай кен орындарында барлау жұмыстарын жүргізуге қосқан үлесін атап өтті.

Eni компаниясы Қазақстандағы энергетика және көміртексіздендіру жобаларына қомақты үлес қосуда. Осы бағыт аясында бірқатар бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Ақтөбе облысында қуаты 100 МВт болатын жел электр стансасының құрылысы бойынша жоба іске асырылуда және Түркістан облысында қуаты 50 МВт болатын күн электр стансасының құрылысы аяқталуда.

Кездесу барысында Үкімет басшысының қатысуымен бірқатар құжатқа қол қойылды. Айталық, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен Eni ком­паниясы арасында электр энергиясын өндіру және іске асыру үшін энергетикалық көшу жобаларын әзірлеудегі ынтымақтастық туралы және Қазақстанда ауыл шаруашылығы және сутегі жобаларын дамыту туралы мемо­рандумдарға қол қойылды.

Сонымен қатар Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, «Қазгеология» АҚ мен Eni компаниясы арасында Қазақстан аумағында жер қойнауын пайдалану жобаларын бірлесіп іске асыру мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Соңғы жаңалықтар