Әлем • 27 Шілде, 2021

АҚШ-тың Ирактағы әскери миссиясы жыл соңына дейін тоқтатылады

269 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

АҚШ президенті Джо Байден мен Ирак премьер-министрі Мұстафа әл-Казыми Ирактағы америкалық әскери миссияны тоқтату туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

АҚШ-тың Ирактағы әскери миссиясы жыл соңына дейін тоқтатылады

Екі тарап арасында орнаған келісімге сәйкес, АҚШ Ирактағы әскери миссиясын осы жылдың соңына дейін ресми түрде аяқтайды. Бұл – Америка әскерлері алғаш рет елге жіберілгеннен кейін 18 жыл өткен соң болғалы тұрған оқиға. АҚШ президенті Джо Байден мен Ирак премьер-министрі Мұстафа әл-Казыми арасындағы алғашқы бетпе-бет кездесу елдердің стратегиялық диалогы аясында Ақ үйде өтті.

«Біздің Ирактағы миссиямыз жалғасады. Бірлескен жаттығуларды жалғастырамыз, террористік топтарға қарсы күреске көмектесіп, қажетті жағдайларды жасайтын боламыз. Алайда осы жылдың соңына дейін әскери миссиямызды тоқтата тұрамыз», деді Джо Байден.

Келісімге қол қойылған сәттен бастап, АҚШ Ирак армиясын қорғауға дайындық пен қолдау көрсететін болады.

Ирак пен АҚШ-тың бірлескен мәлімдемесінде денсаулық сақтау, энергия және басқа да мәселелер туралы келісімдер қозғалды.

АҚШ Иракқа COVAX бағдарламасы аясында 500 000 Pfizer/BioNTech вакциналарын жеткізуге ниетті. Америка президентінің айтуынша, жеткізу жұмыстары бірнеше апта ішінде жүзеге асырылады.

Сондай-ақ АҚШ қазан айында БҰҰ-ның Ирактағы алдағы сайлауды бақылау миссиясын қаржыландыру үшін 5,2 миллион доллар бөлетін болды.