Президент • 27 Шілде, 2021

Мемлекет басшысы Көкшетау қаласындағы онкологиялық емханаға барды

246 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысындағы қазіргі Covid-19 індетіне қатысты ахуалмен және өңірдегі денсаулық сақтау қызметінің жағдайымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Көкшетау қаласындағы онкологиялық емханаға барды

Президентке аймақта коронавирус індетіне шалдыққан науқастардың 22 жұқпалы аурулар стационарында емделіп жатқаны, төсек-орын қоры 2113 орынға жеткізіліп, тағы 5 мыңы резервте тұрғаны туралы баяндалды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дәрі-дәрмек қорымен де қамтамасыз етілген.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев қатерлі ісік ауруының белгілері бар және осы дерт бойынша есепте тұрған науқас адамдарға консультативті-диагностикалық көмек көрсетуге мамандандырылған онкологиялық емхананы аралап көрді.

Мемлекет басшысы облыста медицина инфрақұрылымы жақсы қарқынмен дамып, жаңа нысандар бой көтеріп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жоспарлы түрде ем алатын азаматтарға, жүрек-қан тамырлары дертімен және қатерлі ісікпен ауыратын науқастарға көрсетілетін медициналық қызмет түрлері ковид кезеңіне дейінгі деңгейде болуы тиіс.

Президент денсаулық сақтау саласының мамандарына қажырлы еңбегі үшін ризашылығын білдірді.

– Медицина қызметкерлерінің жұмысына, әсіресе пандемия кезеңінде салмақ түсіп отыр. Еңбек демалысына да бармай, сенбі-жексенбі күндері де дамыл көрмей жұмыс істеп жүргені үшін медицина қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. Дәрігерлерге өте қиын, бірақ біз оларды қолдаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.