Абай • 28 Шілде, 2021

Мүсірепов Абай мұрасы туралы

1741 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Әлемдік деңгейдегі ақыл-парасат иесі ұлы Абай даналығы мәңгілікке бағдар берер дара парасатымен баурап алады. Баурап алып қана қоймай, көзге шұқып көрсетеді, көңілге тоқытып діттетеді. Тіршілік әлемінің сан тарау сырларына бойлатып, құпия қырларын аңғаруға жол сілтейді. Ақындық қасиеті айқындалып, өлең-жырлары ел арасына кең тарай бастаған кезден-ақ бір өлеңі, бір сөзі кәдеге жарамай қалған жері жоқ екені көпке аян. Әр сөзі, әр ойы, әр ісі халық көңіліне берік ұялаған қалыпта даналықпен сабақтасып, жылдар жыл­жыған сайын тереңдеп, уақыт өткен сайын биіктеп бара жатқаны кәміл. Әлихан Бөкейханның 1903 жылы «Киргизский край» атты кітапқа кірген қазақ­тың тарихы мен рухани өмірі жайлы зерттеу [С. Қирабаев. Абайтану ғылы­мының тарихынан. Кітапта: Қазіргі Абайтанудың өзекті мәселелері. – Алматы: «Ғылым» ғылыми баспа орталығы, 2002, 21 б.] мақаласынан басталып, толассыз даму үстіндегі Абайтану әлемі   қазақ әдебиеттану ғылымының ең іргелі саласына айналған ұлы ақын шығарашылығының әлі де ашылмай жатқан сансыз қыры бар екені күмәнсіз.

Мүсірепов Абай мұрасы туралы

Түрлі дәуірлердің талғам-таразы­сына, талап-шарттарына төтеп беріп, заман ағымына қалың қатпарлы ой-толғамдарымен, даналық қалпымен, даралық сипатымен жауап бере білген Абай шығармашылығы бір ғасырдан астам уақыттан бері әр кез зерттеу объек­тісінен түспей келе жатқаны бел­гілі. Осындай көп уақыт бойы зерт­теліп келе жатқанына қарамастан, ұлы ақын шығармашылығына қатысты қам­тылмаған түрлі тақырыптар, ой қозғайтын сан алуан мәселелер кешеге дейін қозғалысқа түспей ақтаңдақ күйінде қалып келгені  шындық. Мысалы, ұзақ жылдар бойы саясат бұғауына қамалып, тоталитаризм жүйесінде жабық сақталған Абайдың алғашқы зерттеушілерінің аты-жөні мен еңбектері туралы мәліметке еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қол жеткізілгені – соның бір дәлелі.  Абай мұрасын зерттеушілер ретінде әде­биеттанушы ғалымдарды айтпағанның өзінде қазақ әдебиеті классиктерінің қалам тартпағаны кемде-кем. Бұл орайда Мұхтар Әуезов абайтанудың негізін салушы болса, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафиндердің дәуір талабы дең­гейінде атсалысулары абайтануға қосыл­ған зор үлес екені талас тудырмайды. Көркем сөздің хас шебері, сөз зер­гері, қазақ әдебиетінің классигі, академик, жазушы, қазақ әдебиетінің негізін салу­шылардың бірі, Қазақ КСР-нің халық жазушысы, Қазақ КСР ҒА-ның академигі, Социалистік Еңбек Ері Ғ.Мүсірепов ұлы Абай мұрасы жайлы әр кез өз пікірін білдіріп, әдеби сын-зерттеу, ғылыми көзқарас тұрғысынан мақалалар жазып отырған. «Өйткені Абай мұрасы өткендегі рухани ой-санамыздың даму жолындағы сапалық жаңа құбылыс, әрі өзінен соңғы әдебиеттің жаңа бағыт-бағдарын айқындаушы әдеби асыл мұра болуында жатыр. Осы себептен де Абай мұрасы жайында сөз қозғау, пікір көтеру бүкіл қазақ әдебиеті жайлы ой-толғаныстарына ұштаспай тұра алмайтын рухани байланыстылықты танытады» [Мырзахметов М. Абайтану (Библиографиялық көрсеткіш). – Алматы: Ғылым, 1988, 5-б.]. Ал ұлы мұраны әр қырынан танып-білу жаңа буын ауысқан сайын жаңарып, жетіле беретіні тағы белгілі. Жазушылық шеберлікті Абайдың өзі талап ететін көркемдік өл­­шем көрінісі Мүсірепов бағамдаған ақын шығармаларынының мысалында қарастырудың өзінде біраз жайға көз жеткізуге болады.

Академик-жазушының Абайға қа­тысты әр жылдары жазылған, жария­ланған «Абай» романы туралы» (1943), «Абай және орыс классиктері» (1945), «Қазақ әдебиетінің өркендеу жолындағы Абайдың тарихи орны» (1954), «Жол-жөнекей» (1981) т.б. сын-зерттеу мақа­лалары белгілі. Бұдан басқа «Феномен-Феникс», «Біздің ұлы жазушымыз» сияқ­ты мақалаларында да аз да болса Абайдың ақындық ерекшелігі туралы ара-тұра талдау беріліп, пікір айтылады. Орыс тіліндегі баспасөзде де «Глашатай дружбы» («Труд», 1954, 24 қыркүйек), «Литературную критику на уровне повышенных требований» («Советский Казахстан», 1954, №8), «Человек степей» («Известия», 1957, 22 тамыз) атты мақалалары жарияланған. Жамбылдың ақындық ерекшелігін, өнерпаздық тұлғасын талдауға арналған «Феномен-Феникс» мақаласында екі ұлы ақынның шығармашылық жолын салыс­тыра зерттей келе Абай ақындығының терең мағынасы мен күш-қуатына, әдебиеттегі ерекше сипаты мен тарихи орнына үлкен баға береді. Бір мезгіл, бір тұста қатар өмірге келген екі алыптың бір мақсатқа, бір тілекке ақындықтың екі түрлі саласын бойлай келгендігін айтады. Яғни бірі – жаңа әдебиет өнегесін жазу арқылы, бірі – халықтың ежелден келе жатқан өнегесі – суырып салма ақындық жолы арқылы. Осы тұрғыда Ғ.Мүсірепов былай дейді: «Абай – қазақ халқының поэзиясын, тілін, жан-жақты көркем өнерін оң жолға түсірген, тарихи еңбегі бар асқан дана, ұлы ұстаз, қазақ халқының ойын өсіру, сезімін тереңдету, ар-намыс, адамгершілік қасиеттерін шыңдау осы ұстазымыздың қолынан өтті. Қазақ ақын-жазушыларының ана сүтімен қанына тараған деп айтарлық тәрбиесі Абайдан келеді» (Заман және әдебиет, 1982, 268-6.). Ғабиттің «Қазақ әдебиетінің өркендеу жолындағы Абайдың тарихи орны» деген зерттеуі оның Абай шығармалары туралы әр кезде жазған екі мақаласының біріктірілген нұсқасы. «Абай және орыс әдебиетінің классиктері» деген бірінші мақала алғаш рет «Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылғы 21 тамызындағы санында, онан соң «Ленин туы» газетінің 1945 жылғы 5 қыркүйектегі санында жарияланды. «Үлкен сарынның ақыны» деген атпен «Абай тағылымы» (1988) ұжымдық жинаққа енген. «Қазақ әдебиетінің өркендеу жолындағы Абайдың тарихи орны» атты екінші мақала алғаш рет «Социалистік Қазақстан» газетінің 1954 жылғы 27 мамырдағы санында, «Әдебиет және искусство» журналының сол жылғы (1954) 7-санында және «Коммунизм туы» газетінің 1954 жылғы 5 қыркүйектегі санында басылған, сондай-ақ 1954 жылы Алматыда шыққан «Абайдың өмірі мен творчествосы» атты мақалалар жинағына енген. Академик-жазушы өзінің осы екі мақаласын біріктіріп, «Қазақ әдебиетінің өркендеу жолындағы Абайдың тарихи орны» деген атпен «Суреткер парызы» (1970) атты мақалалар жинағына, бес томдық шығармалар жинағының төртінші томына (1975) енгізді. Кейін «Заман және әдебиет» (1982) атты әдебиет туралы ойлары мен толғаныстары жинақталған кітабында басылды. Зерттеуші қазақ халқының жарқын болашағы үшін алысып өткен ұлы Абайды бір елдің белгілі бір ғасырдағы ой өмірінің өрісі мен биігін көрсететін ақын ретінде баға­лай отырып, ол туралы былайша ой тол­ғайды: «Алысты болжаған терең ой­дың, үлкен сарынның ақыны Абай алды-артын шолып, қазақ халқының жалғыз әде­биеті емес, бүкіл рухани мәдениетінің келешегіне жөн сілтеп кетті. Абай өз заманынан анағұрлым биік тұрған ақын еді. Ол өз заманы мен өз елінің қайғы-мұңын көтергенде соны тарихи даму жолындағы бар адам баласының тақырыбына айналдыра алды». [Суреткер парызы. – Алматы, 1970, 203-б]. Ғ.Мүсірепов бұл мақаласында Абай поэзиясындағы орыс классиктерінің шығармаларымен үндестік сипатын ғылыми тереңдікпен ашып берген. Ұлы Абайдың қазақтың жаңа әдебиетінің көшбасшысы бо­луын­дағы заңдылықтардың тарам-тарам көп саласының бірі орыс әдебиетінің классикалық өнегелі үлгілерін жете игере білгенінде жатқандығын зерек оймен тани білген. Өмірден жалпы адамгершілік ұлы мағына іздеген Абай, өмір жұмбақтарына шешу айтар, алға бас­тар ойды орыстың ұлы классиктерінен – А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, В.Г.Белинский, Н.Г.Чернышевский, Л.Н.Толстой, М.Е.Салтыков-Щедрин­нен тапқандығы, жай ғана табу емес солармен ой жарыстыра отырып, көр­кемдік деңгейге көтерілгендігі, қазақ әдебиетіне жаңа сапалық белгілер әкел­гендігі пайымдалады. Абай қазақ поэ­зиясына кіргізген толып жатқан түр­лерге жан-жақты тоқталады. «Ауыз әдебиетке жақын жағдайдан есейген реалистік поэзияға бір-ақ қарғу – бұл революциялық адым!», деп бағалайды автор Абайдың жаңашылдығын. Қа­зақтың жаңа реалистік поэзиясын қа­лыптастырып, өркендетіп әкетуге Абайға әрі Пушкин, әрі Лермонтов болуға тура келгендігін айта келіп, Ғ.Мүсірепов орыс классиктері мен Абай шығар­машылығындағы үндестікті былайша түсіндіреді. «Қазақ поэзиясына сатира Абаймен кірді. Абай сатирасының туу ізі Салтыков, Некрасовқа қабысып жатады. Реалист ақын Абай реалист Пушкинмен, кекті Абай кекті Лермонтовпен үндес. Алған тақырыбын суреттеуі, дүние сезінуі, әр өлеңнің өзіне тән екпіні, жылата алар мұңы, ширата алар кектілігі, орыс халқының ұлы классиктерімен үндес келіп отырады. Абайда еліктеу де жоқ, қарыз алу да жоқ, табыну да жоқ, поэзиясының орнын сол Пушкин, Лермонтовша ұғыну бар» [Заман және әдебиет, 1982, 272-б.]. Абайда еліктеу жоқ, үндестік барын дәлелдейтін бірнеше өлеңді мысалға келтіреді. Абайдың «Жазы», «Қысы», Пушкин, Некрасовта кездесетін «Жаз» бен «Қыстарға» үндес екенін жан-жақты талдап көрсетеді. «Бірақ ол үндестік, дейді Ғ.Мүсірепов, – сезіну жағынан реалист ақындардың өз ойын өзінше дәл суреттей алу жағынан. Одан әрі десек, біріне жала жапқан боламыз. Бұл жөнінде Пушкиннің «Ақыны» мен Абайдың «Ақын» өлеңін алып қарайық:

Пока не требует поэта

К священной жертве Аполлон,

В заботах суетного света,

Он малодушно погружен...

 

Но лишь божественный глагол

До слуха чуткого коснется,

Душа поэта встрепенется,

Как пробудившийся орел...

 

 Абайдың «Ақынымен» салыстырып қараңыз:

«Адамның кейбір кездері

Көңілде алаң басылса,

Тәңірінің берген өнері

Көк бұлттан ашылса.

 

Сылдырап өңкей келісім

Тас бұлақтың суындай

Кірлеген жүрек өз ішін

Тұра алмас әсте жуынбай:

[Сурет­кер парызы. – Алматы, 1970, 205 – 206, б-б.]. Мұнда зерттеуші екі ұлы ақынның бірінен-біріне ауысқан бірауыз сөз жоқтығына, бірақ бірдей ой бар екеніне оқырманның көзін жеткізе тұжырымдайды. Ал

«Жүрегім менің – қырық жамау,

Қиянатшыл дүниеден.

Қайтып аман қалсын сау,

 Қайтқаннан соң әрнеден...».

(Жүрегім менің – қырық жамау)

 

«Алыстан сермеп,

Жүректен тербеп,

Шымырлап бойға жайылған,

 Қиядан шауып,

Қисынын тауып,

Тағыны жетіп қайырған»,

(Сегіз аяқ)

т.б. өлеңдері арқылы Абайдың Лер­мон­тов­пен тоғысатын, Лермонтовша толғанатын, үндес келетін сипатына тоқталады. Абай мұрасының орыстың классик әдебиетіне қатысты тұстарын осылайша талдай келіп, Ғ.Мүсірепов ақынның ерекше ұлы еңбегі – төменгі сатыда тұрған әдебиетті ең жоғарғы са­тыға шыққан реалистік әдебиетке қосуында, революциялық ұлы адымында деп бағалайды.

Абайдың әдебиеттегі өсиеті – шын­дық, шеберлік адам баласына ортақ гуманизм, еліңді, Отаныңды сүю деп саралайды. Абайдың озық ойының қайнар көздерінің қайда жатқанын айқындайды. Марғау заманда, қараңғылық жайлаған елдің қақ ортасында өмір кешкен Абай­дың өз ортасынан оқшаулана биіктеп кетуін­дегі, кең далада бірінен-бірі айнымай өтіп жатқан сұрықсыз да, серпінсіз өмір шеңберінен үзіліп оза шығуындағы заңдылықтарға талдау жасайды. Абай әрі ұлы, әрі ұлттық ағым деп түйіндейді. Өйткені ұлы ақындардың орны, тарихи мәні бар өзгерістерге, туған елінің бір сатыдан бір саты жоғары өрлей беруіне қай кезде бастаушы, қай кезде қостаушы бола білгеніне байланысты екенін айта келіп, бұл тұрғыдан Абай көз­қарастарында ұлы жазушы Лев Тол­с­­­той­мен сарындастық барлығын айтады. Абай да, Толстой да ескірген заман­ды, озбырлықты, шенқұмарлықты, патшалық құрылысты, оязды, азып бара жатқан жастарды сынайды. Абайдың өз заманына сәйкес идеялық бағыт-бағдар, ағартушылық күрес жолдарын оның «соқтықпалы, соқпақсыз» кешкен өмірі туралы мезгіл мінезіне сәйкес айтқан баянына құлақ түрейік: «Шыққан ортасының, заманының қалың шытырман қайшылықтары мен қараңғылығына қарамастан, Абай өз дәуірінің прогресті ақыны екенін, қазақ халқының озық ойлы екенін көрсетіп кетті. Абай заманындағы қазақ халқының алдында тұрған тарихи сұрау – болашағының кіммен бірге екендігінде еді. Абай сол заман талабына, мақала жазылған мезгіл мінезіне сәйкес жауап беріп, «Орыс халқымен бірге!», деді. Орыстың революцияшыл-демократтарының Абай жүрегіне терең орнаған ойы оның осы жауабында деуіміз керек. «Дала өмірінің мешеу ескілікке қамалып, ұзақ қаңтарылып қалған кезінде Абай берген жалғыз жауап ел алдындағы тас кедергіні жұлып тастағанмен бірдей еді. Бұл, ең алдымен, даланың кертартпа феодалдарына қарсы, ғасырлар бойындағы әдеттерге қарсы ашық айтылған бұқара тілегі, ел тілегі» [Заман және әдебиет, 1982, 277, 6-б].

Ғ.Мүсіреповтің Абайға  қатысты зерттеулері ой тереңдігімен, бүгінге дейін мәні жойылмаған салмақты пікірлерімен әдебиет  пен өнердің көр­кем­дік өлшемі болып келе жатқанын талғампаздықпен пайымдағаны айқын көрініп тұр. Сондықтан төменгі сатыда тұрған әдебиетті ең жоғарғы сатыға шыққан реалистік әдебиетке қосқан Абайдың ұлы еңбегі – дәуіріміздің жемісі екенін сұңғыла зердемен па­йымдайды.

Ғ.Мүсірепов зерттеуіндегі «Абай» романы туралы» мақала шын мәніндегі кәсіби біліктілікпен, терең танымдық қуатпен, білімдарлықпен жазылған
туынды екені  кімге болса да айқын. Оған айғақ – романның жарық көрген сәтінен бастап ең әділ баға берген, қисынды тұжырымдар жасаған Ғ.Мүсіреповтің ойлы мақалалары. Академик-жазушы  шығармаға терең талдау жасай отырып, драмаларында, әңгімелерінде бұрын жасалып келген әр алуан образдары, елінің ой-сана­сын өсіруге арнаған тілектері, осы романда әбден жетіліп, өңделіп беріл­генін байыптайды. Зерттеушінің бұл тұрғыдағы  тұжырымы мынадай: «Өткен заманның оң-терісін, үлкендігі мен болымсыздығын, қараңғысы мен жарығын, жұдырығы мен ойын, қысы мен жазын, барынша көрсете алған роман бізде осы ғана!

Оның үстіне өткен заман, үлкен дәуір, «солай болыпты ғой» деген киіз кітап – жабайы жорамалмен сырттан піше салған тон сияқты емес бұл. Бүгінгі тарих ғылымына сүйене отырып, бүгінгі әділ көзқараспен, бүгінгі жаңа қоғамның тілегіне арнап, болашақ үшін де құны түспес қазына қоры жасалған» [Суреткер парызы. – Алматы, 1970, 160 – 161, б-б.].

Ел қамын жеген ойшыл, ақын Абай тұлғасын жасау барысында шындыққа жатпайтын, Абай заманында алты қырдың астында жатқан, жақсы да болса жалған болып шығатын әрекеттерден Абайды аулақ ұстай білген Мұхтардың сұңғыла қасиетін Мүсіреповке тән терең оймен байыптай алғанын көреміз. Мүсірепов зерттеуінде романның тарихи шындығы осылайша пайымдалады. Зерттеуші «Онегин» мен «Абайды» салыстыра келіп, былайша тұжырым жасайды: «Халықтың не жабайы күнін көксей беру, не болмаса бірыңғай ғана ат төбеліндей топтың мұңын жоқтағансып, ел өмірінің өзге жағын түгел қамшымен айдап тастау, ол халықтық бола алмайды. Әр дәуірдің бар тобын, бар бейнесін, ой тереңдігін, сезім нәзіктігін, тілек мағынасын тұтас, түгел көрсете алған шығарма ғана шын мағынасында ұлттық, халықтық шығарма болады» [Суреткер парызы. – Алматы, 1970, 162-б.]. «Абай» романының бұл дәуірдегі көп топтан биік жатқанын тәптіштеп түсіндірген Мүсірепов оған Мұхтардың қалай қол жеткізгенін терең танымдық сипатта бажайлайды. Бұл орайда Мұхтар шын мағынасында үлкен бір ұлттық қор қосуға отырғанда тек қана байырғы даңғылдың сорабымен тарта бермей, бүгінге дейінгі дүниелік әдебиеттік жақсы үлгілермен жазғандығын, өзі әбден ұғынған, бойы­на әбден сіңген үлгілерге сүйенгенін байқатады.  Белинскийдің роман деген үлкен мағынаға бар тұлғасымен толық жауап беретін шығарма сол «Онегин» болғасын айтқанын еске түсірген Мүсірепов Есмағамбеттің роман деп атаған «Көк үйдегі көршілер», «Тулаған толқындасы», «Менің мектептерім», «Балуан Шолағы» – бірнеше рет қайта суа­рып, қайта пісіруді керек ететін нәр­селер екенін ойға алған зерттеуші осылардың бәрі қосылып, бүгінгі өсіп, ер жеткен қазақ әдебиетін жасап отырғанын, бірақ бұлардың бірі де «Абай» емес, теңдесе алмайтынын алға тартады. Соған орай Ғ.Мүсірепов бұларды ой адал да, тілек олақ орындалған шығармалар деп қарайды. «Абайдай» шығарма бұл күнге дейінгі қазақ әдебиетінде болған емес», деген Ғабит Мсірепов, олай деу­ге мынадай себептерін айтады:

1) Үлкен бір дәуірдің бар тұлғасын, адамдарының ішкі-тысқы ерекшеліктерін, қазақ деген елдің елдік дәрежесі шынында қандай еді, тарихтың қай сатысында тұрған ел еді, осының бәрін «Абайдан» толық көресің, түсінбегенің болса толық түсінесің. Бұл ең әуелі қазақ халқының елдігі, ой-санасы өскен елдің елдігі жайындағы роман.

2) «Абай» арқылы, сол дәуірдің өзін де, ол дәуірдің ар жақ-бер жағын жете ұғынуыңа  болады.

3) Революциядан бұрынғы қазақ халқының әр тобында, қандай жақсылық, қан­дай бейшаралық бар еді, Мұхтар соны әділ сыншының, үлкен жазушының дәл таразысына салған, дәл көрсете ал­ған.

4) Абайдың жас кезін суреттеу арқы­лы, жаңа келе жатқан жас ақын, жас ел қамқорын көріп бағалауы арқылы бір елдің іші-тысын түгел көрсетіп, болашақ үшін айнымас, бұлжымас қор жасауға тырысқан.

5) Жазушының басынан аяғына дейін бір мүдірмейтін әрі ойлы, әрі көркем тілі, әрі алған тақырыбына лайық, әрі алған адамдарына лайық, ылғи ағылып отырады.

6) «Абай» – әрі шын мағынасында қазақ халқының шын өмірінің шын бейнесін көрсете алған ұлттық роман, әрі мәдениетті елдердің жақсы деген қай романымен болса да салыстыруға болатын роман.

Осы тұрғыдан келіп, «Абайдың» көркемдік әлемі туралы ой тоғытқанда Ғ.Мүсіреповтің романдағы сан түрлі астарларды ашып, оқиғаның әлеуметтік мәніне бойлай түскен ой жапсарын көре­міз. Роман авторының тарауларға қойған «Қайтқанда», «Қат-қабатта», «Шытырманда», «Бел-белесте», «Өрде», «Қияда» деген тақырыптар Абайдың өрге өрлеп бара жатқан өмір баспалдақтары болса,  Құнанбай үшін кері қайтқан өмір көрінісі екенін роман шыққан сонау 1943 жылы алғашқы болып Ғабит Мүсірепов айтқан ғылыми тұжырымның ескірмей келе жатқаны сыншылдық зерденің қуат-күші екені сөзсіз.

 

Құныпия АЛПЫСБАЕВ,

филология ғылымдарының

докторы, профессор