Білім • 28 Шілде, 2021

Оқулықтағы олқылық: Сын мен шын

1330 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында еліміздегі оқулықтардың сапасы сын көтермейтінін айтқан еді. Президент аталған мәселені шешу үшін Үкіметке кітапты әзірлейтін азаматтардың жауапкершілігін заңнамалық тұрғыдан реттеп, сапасыз оқулық дайындағандарды жауапқа тартуды тапсырған болатын.

Оқулықтағы олқылық: Сын мен шын

Осындай заң қабылданғаннан кейін әзірленетін оқулықтардың авторлары жазаланатын шығар. Ал бұған дейін шығарылып, тиісті министрліктен рұқсат алынып, қазір оқушылар оқып жатқан оқулықтарды қайтеміз? Мектеп­те оқытылатын кітаптардағы қателерден көз сүрінетіні, айта-айта жауыр болған мәселе­ге нүкте қоймаса, түбі қателік қалыпты дүниеге айналуы мүм­кін екені бұған дейін талай рет жазылды. Содан бір нәти­же шыққандай, Президенттен нақты тапсырма түсті, оған қоса Білім және ғылым министр­­лігі оқулықтарды әзірлейтін және сараптайтын мамандардың біліктілікті арттыру курстарынан өтетінін, халықаралық консорциуммен бірлесіп мамандар үшін арнайы тренингтер ұйымдастырылатынын хабарлады. Алайда әлі де түйіні тарқатылмаған түйткілдер бар. Соның бірі – бастауыш сынып­тарға арналған оқулыққа қатысты.

Биылғы маусымның 17-сі күні Мәжіліс отырысында депутат Мақпал Тәжма­ғам­бетова бас­тауыш сыныптарда оқытылатын ағыл­­шын тілі оқулығындағы ол­қы­­лық­тарға қатысты Үкіметке депу­тат­тық сауал жолдаған болатын.

«Қазіргі кезде бастауыш сыныптарда «Express Publishing» бас­пасының ағылшын тілі оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендері (ОӘК) оқытылуда. Ағылшын тілін­дегі оқулықтар мен ОӘК озық ел­дердің тәжірибесіне сүйеніп әзірленген. Оқулықтардың са­па­­сын бағалаудың рәсімдері «Оқу­лықтарды, ОӘК мен оқу-әдістемелік құралдарын әзірлеу, сараптама, сынақ өткізу және мониторинг жүргізу, басып шығару жөніндегі жұмысты ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» Білім және ғылым министрлігінің бұй­ры­ғымен реттелген», депті Премьер-Министрдің орынбасары Е.Тоғжанов осы сауалға жауап хатында.

Ал мәжілісмен М.Тәжмағамбето­ваның айтуынша, дәл осы «Express Publishing» баспасы әзірлеген ағыл­шын тілі оқулықтарында өзге елдің идеологиясын сіңіру басым.

«Оқулықтың мұқабасында ауда­рылғаны жазылғанымен, бұл аудар­ма емес. 2016 жылдан бері аталған баспаның Қазақстандағы ресми өкілі «EDU Stream» компания­сы шығарып келген. Санасы енді қа­лыптасып келе жатқан жас өскінге арналған кез келген оқулық, мейлі ағылшын тілі болсын, ұлттық идео­логия тұрғысынан жазылуы керек. Ал бұл кітаптардың өне бойынан қазақтың ұлттық ұғымына, дәстүрлі тәрбиесіне келмейтін, шетелдің идео­логиясын насихаттайтын иллюстра­циялар мен мәтіндерді көптеп кез­дестіруге болады. Атап айтқанда, 2-3 мемлекеттің туымен, сол елдерге тән ерекшеліктермен қойылған су­рет­терде Қазақстанның туы үнемі тө­менгі жағына орналастырылған. Оқулықтарда өз еліміздің Мемлекет­тік рәмізі неге жоғарыда тұрмайды? 2-сыныпқа арналған ағылшын тілі оқу­лығында ұлттық дәстүрдің қата­рына пасха мен масленицаны енгізіпті. Қазақстандық мереке ре­тінде көрсетсе түсінуге болады, бі­рақ «Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» деген тақырыпта шілдехана мен баланы қырқынан шығару сияқты салт-дәстүрдің жанында діни мереке неге жүр?», деп сауал тастаған болатын Мәжіліс депутаты М.Тәжмағамбетова.

Депутаттың салмақты сұрағына берілген жоғарыдағы ресми жа­уап тиісті ведомстводағы арнайы ма­­ман­дардың дерегіне негізделіп әзір­ленгені анық. Сондықтан біз мән-жайға қанығу үшін Білім мазмұнын сараптау республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Елдос Нұрлановқа хабарластық.

«Express Publishing» баспасының ағылшын тілі оқулықтары Мемлекет­тік жалпыға міндетті білім беру стандартына, бағдарламаға негізделіп әзірленді. Кітаптар шығарылғаннан кейін біраз електен өтіп, тексерілді. Мәселен, қазақша аудармасын А.Бай­тұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандары қарады. М.Тәжмағамбетова ата­ған кемшіліктер әдістемелік емес, оның ойынша, қазақы сипатқа сәй­кес келмейтін ассоциативтік түсі­нік туғызатын суреттер мен тапсыр­маларға қатысты. Айталық, 68-бетте үш мемлекет – Ұлыбритания, Ита­лия мен Қазақстан балаларының сүйік­ті тағамдары (favourite food) көр­сетілген: ағылшындікі – балық пен чип­сылар, итальяндікі – паста, ал Ұлан есімді қазақ баланікі – лағман. Мақпал ханымның пікірінше, бұл тапсырма лағманды қазақтың ұлттық тағамы ретінде көрсетіп тұр. Шын мәнінде, тапсырмада ұлттық тағам емес, балалардың ұнататын асы туралы жазылған. Авторлардың лағманды таңдаудағы себебі – оның құрамындағы денсаулыққа пайдалы көкөністерге ерекше көңіл бөлуінде. Сол сияқты 80-беттегі kazakh traditions and customs атты тапсырмасында «шілдехана», «қырқынан шығару», «тілашар» сияқты төл дәстүрімізбен бірге Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері атап өтетін пасха мен масленица мерекелері қоса берілген. Бұл тапсырмада авторлар қазақтың ұлттық салт-дәстүрі ғана емес, жалпы Қазақстанда кеңінен тойланатын мейрамдар туралы ақпарат ұсынуды көздеген. Мұндағы «kazakh» сын есімі «қазақстандық», «Қазақстан мемлекетіне тән» деген мағына береді. Ал әлеуметтік желілерде пасха мен масленица қазақтың дәстүріне айналыпты деген ақпарат тарады», деп жауап берді Е.Нұрланов.

Жарайды, қазақстандықтарға ортақ мереке мен кейіпкерлердің сүйген асы ретінде берілген тапсыр­маны «ақтап алуға» болар. Ал елі­міздің Мемлекеттік рәмізі – тудың төмен қойылғанын қалай түсінеміз?

«Аталған оқулықтың «Біздің әлем», яғни «Our world» деген айдары бар. Мұның негізгі мақсаты – ағылшын тілінде сөйлейтін мем­­лекеттердің әйгілі жерлерін, салтын немесе нышандарын көр­сетіп, соңында осының бәрін өз елінікімен салыстыру арқылы қоры­тындылау. Міне, осы тапсырма коллаж тү­рінде беріледі. Әдістемелік тұр­ғыда әуелі салыстыратын елдің көр­некті орны, салты, болмаса ту секілді нышаны бірінші тұрғаны дұрыс, соңынан өз елімен салыс­тыру оқушыға да ыңғайлы. Соған байланысты қойылған. Ал оны ассо­циативтік түсінікпен қабылдады. Не­гізі осы сын дегенді нағыз мамандар, сол саланың қазанында қай­нап жүргендер айтса дұрыс еді. «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген. Осыған қарамастан біз бұл жөнінде оқулықты әзірлеуші тараппен сөйлестік, әдістемелік жағынан тиімділігін сақтай отырып еліміздің туын ортасына қоюды қарас­­тырып жатырмыз», дейді Білім мазмұнын сараптау орталығының директоры.

Иә, сынды да сол саланың маманы айтқаны жөн. Осы ретте біз білім беру саласының қазанында қайнап жүрген мұғалімді сөзге тарттық. Ол депутаттың айт­қа­нынан бөлек, Е.Нұрлановтың айтуынша, тексерістен өткен, аудар­масын институттың арнайы мамандары қадағалаған, ми­нистр­лік мақұлдаған оқулықтан тағы бір қателікті бай­қағанын жет­кізді. Елор­дадағы №86 мектеп-гим­на­зия­­сының ағыл­шын тілі мұғалімі Айнұр Әлім­жан­қызы:

«Шындап келгенде жаңартылған бағдарламада оқулық – жай ғана құрал. Оқушылардың оқулықтағы бағдарламаны меңгеруі құралдан бұрын мұғалімге тікелей байланыс­ты. Сабақты қызықтырып өткізу үшін стандартталған оқулықпен шектеліп қалудың қажеті жоқ. Қазіргі мұғалім үйретуші, қай­талатушы емес, оқу­шыға жол сілтеуші, ізденуіне итер­мелеуші бола білуі қажет. Бұл үшін әлбетте баланың әлеміне түсуге тура келеді. Кәсіби, шебер, білікті педагог кез келген тақырыпты аша алады, балаға жеңіл жеткізіп, ұғынықты етіп түсіндіреді. Мәселен, өзгенің идео­логиясын насихаттауға назар аудар­май, оған акцент бермей, кері­сінше оның өзін дұрыс, оң, пайдалы, жақсы жағынан қолдана білсе, мұғалім де, оқушы да, сол оқулықты жаз­ған авторлар да мақсатына жете­ді. Әйтпесе идеологиялық тұр­ғы­да тіпті дұрыс жазылған оқу­лық­тағы тамаша тақырыптың өзі бұр­ма­лап түсіндірілуі мүмкін. Оқу­шы мұ­ға­лімнің айтуымен ғана қабыл­дайды. Әсіресе идеология, ұлттық құнды­лықтар секілді жоспарда жоқ, көзге көрін­бейтін дүниелерді санаға педагог қалай сіңірсе, өскелең ұрпақ солай қабылдайды. Маман ретінде аталған баспаның оқулықтарынан әдістемелік жағынан олқылықтарды байқамадым. Дегенмен айтпай кетуге болмайтын қателік те бар. Қай сыныпқа арналған оқулықта екені есіме түспей тұр, сөздікте аударма­лардың орны ауысып кеткен. Оқушы соның кесірінен ағылшын тіліндегі бірнеше сөзді қазақша қате түсініп кетуі мүмкін. Сондықтан авторлар сөз­дікке мұқият болса екен», дейді.

Қалай десек те, оқулық – оқушы­ның білім алатын, бағыт болатын, бет түзейтін айнасы. Демек оқулық­тың деңгейі қандай болса, оқушы сон­дай. Сол себепті әсіресе мектеп оқулықтарының олқылықсыз бол­ғаны маңызды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсыр­масы орындалып, оқулықты әзір­леушілерге жауапкершілік заңмен жүктелсе, бұған да жетерміз. Оған дейін қате­ліктерді ашып айту ләзім, бұл сабақ алу үшін керек. «Ауруын жасыр­ған өледі», ал жылдар бойы арыла ал­май келе жатқан аурудан айығу үшін әуелі диагнозды дұрыс қоя білу қажет. Диагнозды дұрыс қою үшін бел­гілерді, яғни кітап мәселе­сінде қателіктерді жасырмаған жөн.

Иә, осы материалымызда бір ға­на оқу­­лықтың мәселесін сөз еттік. Әлі орта білім бағдарламасындағы қан­ша­ма оқулық бар... Ал жоғары­дағы жай­­дың сыны қайсы, шыны қай­сы еке­нін саралауды оқырманның өзіне қалдырдық.