Аймақтар • 28 Шілде, 2021

Қостанай облысында сыбайлас жемқорлық деңгейі төмендеген

383 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жарты жыл ішінде 42 қылмыстың бетін ашқан. Оның 39-ы сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар қылмысқа жатады. Бұл жөнінде аталмыш департаменттің басшысы Қуаныш Бекбасов «Antikor.LIVE» жобасы аясындағы тікелей эфир барысында айтты.

Қостанай облысында сыбайлас жемқорлық деңгейі төмендеген

«Аймақта сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс түрлері жылдан жылға азайып келеді. Мысалы, 2020 жылғы алғашқы жартыжылдық ішінде 86 қылмыс анықталған. Оның 73-і сыбайлас жемқорлыққа жатады. Биылғы көрсеткіш бұдан екі есе төмен.  Жыл басынан бері облыста 22 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде түрлі деңгейдегі 7 басшы бар. Өткен жылы  5 басшы жауапкершілікке тартылған болатын. Сонымен бірге биыл мемлекетке келтірілген залалды өтеу көлемінің екі есе ұлғайғанын айта кеткен жөн. Мәселен, мемлекет пайдасына былтыр 330 млн теңге  өндіріліп алынса, биыл бұл көрсеткіш 706 млн теңгеге жетті», деді Қ.Бекбасов.

Департамент басшысы өңірдегі сыбайлас жемқорлық деңгейінің азаюын әр салада тиімді жүргізіліп жатқан қылмыстың алдын алу шараларының нәтижесі деп түсіндірді.

 

 

Қостанай облысы