COVID-19 жұқтырғандар саны қайта көбейіп, вакциналау барысы бәсеңдеген сайын Еуропа елдері міндетті вакциналау туралы айта бастады. Осыған дейін Италия наурыз айынан бастап аймақтағы медицина қызметкерлерін екпе алуға міндеттеген жалғыз ел болып келген еді. Алайда вирустың тез тарайтын дельта штамы келгелі Еуропа мемлекеттері өз шешімдерін қайта қарай бастады.
Осы аптада Франция мен Грекия барлық медицина қызметкеріне екпе алуды міндетті етті. Екі ел де күнделікті кейбір қызметтер үшін вакцинаның болуын талап етіп отыр. Десе де Францияда теріс ПТР-тест нәтижесін немесе иммунитеттің барын дәлелдейтін анықтама да қабылданады. Франция президенті Э.Макрон ел үкіметі тіпті барлық французға вакциналауды міндетті етуді қарастырғанын айтқан-ды. «Жағдайдың қалай өзгеретініне байланысты, біз барлық французды міндетті вакциналау керек пе деген мәселені қарастыруымыз керек», деді ол халыққа үндеуінде.
Дегенмен бұл пікірді Еуропа елдері басшыларының бәрі бірдей қолдамайды. Мәселен, келесі күні Германия канцлері Ангела Меркель халықты екпе алуға міндеттеуге қарсы екенін жеткізді. Ол өз сөзімізге қарсы шығып міндеттейтін болсақ, тұрғындардың сеніміне ие болмайтынымыз анық деген пікір білдірді. Меркельдің айтуынша, керісінше вакцинаның пайдасын халыққа түсіндіру арқылы сенімге кіруге болады.
Жоғарыда айтқанымыздай, Еуропада медицина қызметкерлерін екпе алуға міндеттеген елдердің алғашқысы Италия болды. Ал бас тартқандар жыл соңына дейін еш төлемсіз жұмыстан шығарылуы мүмкін. Дүйсенбідегі телевизия арқылы халыққа үндеу жасаған Франция президенті Эммануэль Макрон барлық француз медицина қызметкерлеріне және халықтың осал топтарымен байланыста болатын жұмыскерлерге 15 қыркүйекке дейін екпе алуды тапсырды. Сондай-ақ Грекияның премьер-министрі Кириакос Мицотакис елдегі медицина қызметкерлері қыркүйектен бастап вакцина алудан бас тартса, жұмыстан шығарылатынын мәлімдеді. Ұлыбританияда Денсаулық сақтау министрі Мэтт Ханкок өткен айда қарттар үйінің қызметкерлері қазан айынан бастап вакциналануы керек деді. Өзге елдер де осы секілді шараларды қолға ала бастады. Соның ішінде Польша тамыз айынан бастап індет жұқтыру қаупі жоғары топтарды вакциналауды міндеттеуді қарастырып жатыр.
ДДҰ қазіргі «міндетті вакциналау» тікелей немесе жанама жолмен орындалмаған жағдайда шектеулер болатынын ескерту арқылы жүргізіліп жатқанын айтты. Еуропада да тура осы жағдай. Вакцина алғанын немесе вирус жұқтырмағанын дәлелдейтін құжатсыз қоғамдық орындарға кіргізбеу секілді тәсілдер қолданылады.
ДДҰ вакциналаудың бұл түрі біраз этикалық мәселе тудыратынын мәлімдеген. Батыс қоғамы мұндай әрекеттерді сынға алатыны сөзсіз. Дегенмен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы міндеттеген жағдайдың өзінде мұндай шешімдерді түсіндіру арқылы жеңіл жолмен енгізу керек деп есептейді. Өткен аптада вакцина ережелеріне қарсы болған Словакия тұрғындары Парламент алдында наразылыққа шығып, кіреберісті жауып тастаған.
Ел үкіметтері вакцина алғаны туралы құжатты талап еткен сайын жалған анықтама сатып алғысы келетіндер көбейген секілді. Мұндай мәселе Италияда туындап отыр. Италия полициясы ЕО-ның жалған туристерге арналған сертификаттарын, сондай-ақ вакцинаны онлайн сатқан алаяқтардың ұсталғанын мәлімдеді. Пандемия кезінде саяхаттауға мүмкіндік беретін төлқұжаттар мен вакцина Еуропада ғана емес, Швейцария, Ұлыбритания, АҚШ сияқты басқа елдерде де қолжетімді болған. Құқық қорғау органдары мұндай заңсыз әрекетті Жаңа Зеландия мен алыс елдерден де анықтаған. Ондай құжаттың бағасы ұсынысқа байланысты 100-ден 150 еуроға дейін өзгеріп отырған.
Telegram каналға 250 мың қолданушы тіркелген, солардың ішінде жүз адам сатушылармен байланысуға тырысқан. Сатып алушылар ЕО-дан тыс елдерден де болған. Еурополдың айтуынша, қылмыскерлер пандемия кезінде жалған COVID-19 сынақ сертификаттарын да жасаған. ЕО құқық қорғау агенттігі құрлықтағы өзге құқық қорғау органдарына індетпен байланысты қылмыстарды, соның ішінде киберқылмыстың жолын кесуде қолдау көрсетіп келеді. Еуропол технологиялық құралдар көбейген сайын принтерлер мен әртүрлі бағдарламалар арқылы алаяқтар жоғары сапалы жалған құжаттар жасай алатынын ескертті. Ел үкіметтері індетпен күресті қанша күшейтіп жатса да, алдап соғуға дайын тұратын алаяқтар табылып жатыр.