Қоғам • 28 Шілде, 2021

«Секонд хэнд»: Ескі киімді сатып алуға қалай қарайсыз?

1164 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Секонд хэнд» немесе «Киімдерге екінші өмір сыйлау»... Біреу қуана қабылдап, ал енді біреу күмәнмен қараса да үлкен бір трендке айналып үлгерген құбылыс.

«Секонд хэнд»: Ескі киімді сатып алуға қалай қарайсыз?

Қазақтар үшін де бұл таң­сық емес болар. Қаладағы ағайынның ауылдағы туыстарға ескі киімін беріп жіберетініне бәрі үйренген, тіпті қашан жібереді деп елеңдейтіні де бар. Бүгінде бұл тренд қоршаған ортаны қорғау, саналы тұтыну ұғымдарымен ұштасып жатыр.

 

Өткен ғасырда пайда болған

Жалпы, киім өндірісі қор­ша­ған орта үшін қолайсыз әрі шығыны көп индустрияға жатады. Бір жейдені жасап шы­ға­ру үшін 2,7 мың литр су жұм­са­лады. Ал бұл бір адамның 900 күнде ішетін тіршілік нәрі. Жеңіл өнеркәсібі дамыған Гонконгта, мәселен, күніне ша­ма­мен 1,5 мың жейде қоқысқа тасталады екен.

Қоршаған ортаны қорғау тақырыбы өзекті болмай тұр­ған­да коллекционерлер винтаж магазиндерден антиквариат заттарды іздеп жүріп сатып алатын.

Тарихқа үңілсек, алғашқы «сэконд хэнд» дүкендер Ан­глия­да 1943 жылы ашылған. Ел­­дегі дәулетті адамдар аз қам­­тыл­ған отбасылар мен Фран­циядағы қоз­ға­­лыстарға қаты­су­шыларға көмек болсын деген ниетпен ескі киімдерін арнайы дү­­кендерге жіберіп отыр­ған. Әуел баста әлеу­меттік мақ­сат­та, қайырымдылық ре­тін­де ашылған дүкендер уақыт өте келе  Еу­ропа мен АҚШ мә­дениетінің ажырамас бө­лігіне айналды.

2000-жылдары Германиядан, Амери­ка­дан әкелінген киімдер дүкендерінің дәуірі жүрді. Сол жерден халық ұсақ-түйектен бастап, тон да киіп шығатын. Себебі баға­сы арзан болды. Кейін киімді өлшеп сату шық­ты. Мұндай үрдіс бұрынғы КСРО кезінде де болатын. Еуропаның бірқатар мемлекеті гу­манитарлық көмек ретінде КСРО-ға киім сияқ­ты қа­жет заттарды жіберіп тұ­ра­тын.

 

Сұраныс өсіп келеді

Қазір Z буыны деп аталып кеткен заманауи жастардың біразы әйгілі брендтердің киім­дерін қымбатқа алғысы келмей, «Сэконд хэнд» дүкендерінен, тіпті қолдан сатып алғанды жөн көреді. Мәселенің ақ­ша­да еместігін айтатындар да көп.

Статистика да «Сэконд хэнд» дүкен­дер­ге Еуропа мен АҚШ-та сұраныс артқанын дәлелдеп отыр. 2014 пен 2019 жылдар арасында ұсталған заттарды сату сегменті АҚШ-та 24 млрд АҚШ доллары көлемінде пайда тапқан. Бұл дәстүрлі дү­кендердің табысынан 21 есе асып түсті. Мұндай дү­кен­дер­дің қарқынды дамығаны сонша, танымал The RealReal дүкені Nasdaq биржасына ак­цияларын шығарды.

Десе де ТМД елдерінде мұн­дай дү­кен­дер­ге сұраныс әзір­ге төмен. Жұрттың көбі: «Киім – адамның көркі, сондықтан оған маңыз беру керек», деп ойлайды. Бәлкім, бі­реудің киімін сатып алу қисынсыз көрі­не­тіні де содан. Алайда бұл «Сэконд хэндтер» мүлде жоқ дегенді білдірмейді. Сұ­раныс аз болғанымен, мұны қалыпты кө­­ріп, сатып алатындар да кез­де­седі. Қазіргідей өмірдің айнымас бөлігіне айналған заманда көп оқыр­­маны бар танымал тұл­ға­лар, блогерлер өз киімін желі ар­қы­лы сатып, әжептәуір пайда табады. Garage sale деген әдемі атауы бар жәрмеңкелер ұйым­дас­ты­ры­лады. Қалаған адам келіп, киіп көріп, ұнатқанын сол жерден сатып алады.

 

Ескі де жаңа зат

Экология сақшылары бұл үрдістің жақ­сы әрі пайдалы екенін айтады. Саналы тұ­тыну, астамшылықтан ада болуды мақсат еткен дүкендерде жаңа киімдерді кездес­ті­ру­ге де әбден болады. Оның үстіне, дүкен сөресіне қой­мастан бұрын, киімдер тазаланып, дезин­фек­ция жасалады. Киімнің кей­бір бөл­і­гін жаңартатын дү­кен­дер де бар. Сон­дық­тан бұл дү­кендердегі дүниелерді «біреу­­ден қалған» деп қабылдау да орын­сыз.

Ескі затты сатып алу тек киім-ке­шек­­пен шектелмейді. Бұл қатарға техни­ка­ны, тұр­мыс­тық бұйымдарды, жиһаз­­дар­ды да қосуға болады. Өзіңіз­дің та­уа­ры­ңыз­­ды са­тып, бас­қа­­дан сатып алуға жәр­дем бе­­­ре­­тін бірқатар қосымшаны атын атамасақ та, жұрттың бәрі бі­леді.

Зат алмастыруды әдетке ай­налдырған қа­уым­дастықтар да бар. Кітапсүйгіштер асы­ға күтетін кітап алмастыру жәр­­мең­ке­лері де осы идеядан туған. Өзіңіз оқып болған кітапты жаңа кітапқа алмастыру қашанда қызық әрі пайдалы дүние. Оқыл­ған кітаптарды сататын дүкендерді, за­ма­­­науи тілмен айтқанда, букинистерді де кез­дес­тіре аласыз. Мұны өзгеше қызы­ғу­шы­лық һәм хобби көретіндер бірталай.

«Оқылған кітаптың өз тарихы мен аурасы болатын көрінеді. Кей кітапта бұ­рын­ғы иесі түртіп қойған тұстары, қал­дыр­ған жазбалары болады. Бұл әр адам шы­ғармадағы оқиғадан өзінше ой түйетінін біл­діреді», дейді букинистердің тұрақты тұ­тынушылары.

Негізгі мақсат – планетаны сақтау

Экологтер «Сэконд хэндтер» ғалам­шар­дың энергиясы мен ресурсын сақтау үшін ма­ңызды деген ой айтады. Бір тонна киімді қоқысқа тас­та­май, қайта пайдалану оны өндіруге жұмсалатын электр энергиясының 97,4 пайызын сақтауға мүмкіндік береді. Ал ескі компьютерді сатып алып, қолдану 30 мың литр суды үнемдейді.

Былай қарасаңыз, киім өндірісінің эко­ло­гияға не залалы бар дерсіз. Тігін тігу қа­шан­­да сүйікті іс екені рас. Бірақ сән индус­трия­­сы атмосфераға парниктік газ бөлу бо­йынша екінші орында тұр. Сондықтан жаңа киім сатып алғаннан гөрі ескісін пайда­ла­ну мата өндірісі, дайын киімді қаптау, оны жет­кізу себептерінен атмосфераға бөлі­не­тін парниктік газды азайтады. Бұдан бөлек ақша үнемдеуді де айтпай кетпеуге бол­­мас. Киімнен артылған ақшаны жаңа дағды игеріп, жаңа тіл меңгеру сияқты та­бы­сыңызды арттыра түсетін білімге жұм­сау­ға болады.

Greenpeace мәліметіне сүйен­сек, жыл сайын әлемде 400 000 000 000 шаршы метр киім өндіріледі. Ал оның 60 000 000 000 шаршы метрі бір жылда қайта қоқысқа тас­та­лады. Ресей аста­насы Мәскеудің өзінен ғана жыл сайын 360 000 тонна мата қоқыс шы­ғарылады.

Бұл да – бір философия. Десе де көбі түсі­не бермейтін, түсінсе де өмір салтына ай­нал­дыруға бара бермейтін фи­лософия. Қалай болғанда да бұл идеяны қолдайтындар саны артып келеді. Бүгінгі экологиялық жағдай да мұның қажет екенін дәлелдеп жатыр. «Сэконд хэндтердің» көбеюімен қатар, экологияның жағдайын жақсарту мүмкіндігі де арта түспек.

 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше