Спорт • 28 Шілде, 2021

Жеңіске сан емес, сапа жетелейді

166 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Гәп санда емес, сапада екеніне Токио төрінде  әбден көзіміз жетті. Екі миллионға жетер-жетпес халқы бар Косовоның спортшылары  төрт күннің ішінде Олимпиаданың 2 алтын медалін алып, елінің әнұранын асқақтата шырқатты.  Ал бар болғаны 9 спортшымен Олимпиада қалашығына ат басын тіреген түрікмендік спортшылардың ішінен зілтемірші Полина Гурьева  күміс медаль иеленді. Ал 90-нан аса спортшымен Токиоға барған Қазақстанның еншісінде 3 қола ғана бар...

Жеңіске сан емес, сапа жетелейді

Әзірге  елдің әнұранын шырқататын спортшы болмай тұр. Ендігі бар үміт Елена Рыбакинада болмақ. Кеше қазақ­стандық теннисші Олимпиаданың жартылай финалына жолдама алды. Бұл еліміздің теннисі үшін де, Рыбакина үшін де тарихи жетістік. Елена ширек финалда испаниялық Гарбинье Мугурусаны жеңді ‒ 7:5, 6:1. Матч алдында Гранд слам жарыстарының же­ңімпазы Мугуруса фаворит еді. Бірақ жерлесіміз өткізген үш ойынның бар­лығын екі сетпен аяқтады. Ен­дігі қарсылас ‒ Белинда Бенчич. Швей­цариялық теннисші рейтингте жоғары тұрғанымен кортта күтпеген жағдай көп болады. Оның үстіне, Ролан Гар­ростың ширек финалына, Уимбл­дон­ның төртінші айналымына дейін жеткен Рыбакина қатарынан үш турнирде жақсы ойын өрнегін көрсетіп келеді.

«Менің бүгінгі қарсыласым өте тәжірибелі. Сондықтан матч қиын өт­ті. Жеңіске жетем деген оймен шық­­­тым. Алдыңғы матчтарда жоқ жер­ден қателесіп, керек емес жерде ұпай жоғалттым. Бүгінгі ойында сол қа­теліктерді жібермеуге тырыс­тым. Қар­сыласқа мүмкіндік бермеу үшін ба­рымды салдым. Сол себепті, бү­гінгі жеңісім үшін өте қуаныштымын. Жартылай финалдағы қарсыласыммен бұрын ойнап көрмегенмін. Тек жаттығу кездерінде ғана жолымыз түйісті. Алдағы ойын да оңай болмайды. Допты ойынға сәтті қосу арқылы ұпай жинауға тырысамын. Себебі бұл менің қолымнан келеді», деді Рыбакина.

Алтын жүлде алады-ау деген бокс­шымыз Бекзат Нұрдәулетов күтпеген жерден алғашқы жекпе-жегінде жеңіліс тапты. 81 килоға дейінгі салмақта бақ сынаған Бекзат ресейлік Имам Хатаев­пен кездескен болатын. Тартысты кездесуде төрешілер 4:1 есебімен жеңісті ресейлік боксшыға берді. 57 килоға дейінгі салмақта сынға түскен Серік Теміржанов америкалық Дюк Реганнан 0:5 есебімен жеңіліп қалды. 75 килоға дейінгі салмақта жұдырықтасқан На­дежда Рябец әлем чемпионатының қола жүлдегері, канадалық Тамара Тибомен кездесіп 1:4 есебімен есесі кетті.

Олимпиадада басты үміткердің бірі болған Дмитрий Баландин 200 метр қашықтықты брасс әдісімен жүзуден финалға өте алмады. Негізі, Баландиннің нәтижелері Рио Олимпиадасынан кейін төмендей бастаған-ды. 2017 жылғы әлем чем­пионатында жүлдесіз қалды. 2019 жылғы әлем чемпионатында 2:08,25 минут көрсеткішпен 7-орын алған еді. Соған қарамастан, отандасымыз кем дегенде үздік үштіктен көрініп қалар деп ойлаған едік. Алайда Рио Олимпиадасында 2:07,46 минут көрсет­кішпен алтын алған жерлесіміз Токиода 200 метрді 2:09,22 минутта жүзіп өтіп, бар-жоғы 11-орынға тұрақтады.

Ал Алексей Луценконы көп маман Лондон Олимпиадасының чемпионы Александр Винокуровтың жетістігін қайталайды деп сенген еді. Ал сенім артқан велошабандозымызды, тіпті үздік отыздықтың қатарынан да көре алмадық. Токиода велоспорттан ерлер арасындағы бәсеке толық аяқталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер тізімі анықталды. Қазақстандық Алексей Луценко жекелей сын қорытындысы бойынша 32-орыннан көрінді. Ол 44,2 шақырымды 1 сағат 02 минут 21.67 секундта жүріп өтті. Луценко жарыс жеңімпазы атанған словениялық Примоз Рогликтен 7 минут 17.48 секундқа қалып қойды.  Бұл бәсекеде күміс жүлдені Том Думулин (Нидерланд), қоланы Рохан Деннис (Аустралия) еншіледі. 

Дзюдошы Ислам Бозбаев үшін Олимпиада сәтті басталып еді. 90 кило салмақта бақ сынаған Бозбаев алғашқы айналымда бразилиялық Рафаель Македомен кездескен болатын. Жерлесіміз қарсыласын небәрі 31 секундта «иппон» әдісімен жеңгенімен, екінші айналымда жеңіліп қалды. Әзербайжандық Мамадәлі Мехдиевке қарсы өткен кездесудің негізгі уақы­тында жеңімпаздар анықталған жоқ. Ал қосымша уақытта әзербайжандық балуан әдіс жасап, «вазари» әдісімен Бозбаевтан басым түсті. Осылайша, дзюдодан Қазақстан құрамасы Токио Олимпиадасын Елдос Сметовтің жалғыз ғана қола жүлдесімен аяқтады.

Қазақстандық садақшы Санжар Мұсаев та алғашқы айналымда қарсы­ласына есе жіберді. Қытай спортшысы Дапенг Вангпен сынға түскен ол, 6:4 есебімен қарсыласына жол берді.

Спорттық гимнастикадан үш жат­тығу бойынша финалға жолдама алған Милад Карими кеше көпсайыстан сынға түс­кенімен, жүлдегерлер қатарынан кө­ріне алмады. Естеріңізге сала кетсек, Милад еркін жаттығуда 8-орын иеле­ніп, финалға жолдама алған-ды. Ал гимнастикалық кермедегі жаттығу бо­йынша іріктеуде 14,766 ұпай жинап, екінші нәтиже көрсеткен еді. Дәл осы жаттығу бойынша 3 тамызда өтетін сайыста Миладтан медаль күтеміз.

Сондай-ақ теннистен аралас жұп­тық сайыстың алғашқы кезеңінде Ярослава Шведова мен Андрей Голубев жапониялық Энна Шибахара және Бен Маклаклан жұбына қарсы өнер көрсетті. Екі сетке созылған матчта қазақ­стандық теннисшілер 3:6, 6:7 есебі­мен қарсыласқа жол берді.

 

Алмас МАНАП,

«Egemen Qazaqstan» – Токиодан (Жапония)