Қаржы саласының маманы Айбар Олжаевтың айтуынша, Үкімет бұл мәселені әкімшілік немесе бұйрық беру әдістерімен шеше алмайды. Үкіметке қарасты Қазақстан Даму банкі 2000 жылдардан бергі уақыттағы инвестициялық жобалардың 80 пайызын қаржыландырғаны белгілі. Ал екінші деңгейлі банктер акционерлік капиталы жағынан үкіметке тәуелсіз, шешімді де дербес қабылдайды. Демек, үкімет үміттеніп отырған синдикаттық қаржыландыру екінші деңгейлі банктің (ЕДБ) мүддесіне дөп келсе ғана жүзеге асуы мүмкін.
Қазақстанда бұл жобаны жүзеге асыруға барлық мүмкіндік те, кедергі де жететінін тілге тиек еткен А.Олжаев қаржыландыруға (ЕДБ) мүдделі болуы керектігін, банктер оның тиімді екеніне 100 пайыз сенімді болған жағдайда ғана шешім қабылдайтынын ескертті. Синдикатты несиенің идеологиясы провизия, табыс, тәуекел қалай бөлінетініне басымдық береді. Бізде мәселенің бұл жағы әлі нақтыланбаған. Ал банктердің тәуекел менеджменті әртүрлі. «Қай банктің үлесі, тәуекелі қандай болады?» деген мәселеде нақтыланбаған тұстар жетерлік. Ал ЕДБ арасында «ішкі нарықтағы жобалардың тәуекелі жоғары» деген пікір басым. Қазақстанның ішкі нарығындағы инвестициялық жобаларды қаржыландыруға Қазақстан Даму банкінің шамасы жетеді. Бізде жобалық қаржыландыру мәселесі осы банк арқылы шешіліп келді. Бірақ үкіметтің жобаларды қаржыландыру бағытында синдикаттық жобаны қарастырып отырғанын нарықтың қажеттілігі деп қабылдап, заңнама жағын жүйелеп, нарықты осы бағытқа бейімдеуіміз керек» дейді Айбар Олжаев.
Үкіметтің қаржы секторынан үміттеніп отырғанының салмақты себебі бар. Айталық, халықаралық агенттіктер қаржы секторының пандемиядан кейінгі жағдайын дұрыс деп бағалап отыр. Бірқатар халықаралық қаржы агенттіктері де біздің қаржы секторымыз жайлы көзқарастарын білдіріпті. Мысалы, Moody’s Investors Service агенттігі Қазақстанның қаржы секторы жанданып келе жатқанын жазыпты. Бұл деректің жаны бар. Біздің екінші деңгейлі банктер портфеліндегі пайдаланбаған активтер қоры туралы деректер 2015 жылдардағы жағдайға қарағанда тәуір. Естеріңізде болса, 2015 жылдары екінші деңгейлі банктер де, оның ішінде ірі банктердің қордаланып қалған активтері қажетті шектен асып кеткен болатын.
Енді активтер қажетті тетікке бағытталып, орнын тауып, шығынға емес, пайдаға жұмыс істей бастаған. Бұл қаржы институттарының алдыңғы дағдарыстан сабақ ала бастағанын көрсетеді.
ЕДБ-нің өтімділік профилі Fitch Ratings деректері бойынша да жағымды әсерге ие. Қаржы сарапшысы Ерлан Ибрагим бізбен әңгімесінде Ұлттық банктің инфляцияны тежеу саясаты несиеге деген сұранысты тежеп, несиенің пайыздық мөлшерлемелерін төмендете алмай отырғанын айтты. «Банк саласында қазір өтімділік проблемасы жоқ. Бірақ несие пайызы жоғары болғандықтан ішкі нарық тарапынан несиеге сұраныс аз» дейді сарапшы.
Бұл ЕДБ мүдделілік танытқан жағдайда ғана кезең-кезеңімен жүзеге асатын және ретімен келетін құбылыс. Инвест жобалардың салмағы ЕДБ-нің мүддесіне сай келсе, ішкі нарықта, ШОБ-тар арасында ашық бәсеке орнайды. Бұл өзгерістердің басы болуы әбден мүмкін. Депозит нарығында да біраз өзгерістер болуы мүмкін екенін айтқан сарапшы ЕДБ осыған дейін активтерін Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарына, Ұлттық банктің ноталары мен депозиттеріне сақтап келгенін еске түсірді. Банктік емес қызметтер банктер үшін жаңа ұзақ мерзімді тиімді және тәуекелсіз бағытқа айналуы әбден мүмкін. Кейбір банктер осы бағытты дамуға себеп болатын фактор ретінде қарастыра бастағанын байқап жүрміз. Бұл – қосымша қаржы салмай-ақ өзінен өзі дами беретін сала. Себебі банктердің таңдау мүмкіндігі шектеулі. Қытайдағы Alibaba, АҚШ-тағы Amazon, тіпті Ресейдегі Яндекс пен Mail.ru тәрізді жетекке ілініп кете беретін салалар бізде әзірге жоқ болғандықтан маркетплейс нарығында ғана үміт бар. «Егер осы бағытты қаржыландыруды жалғастырса, алдағы уақытта елде жаңа компаниялар пайда болып қалуы әбден мүмкін. Бұл факторды синдикатты банктердің өнімі деп қабылдауға болады», дейді Е.Ибрагим.
Сарапшының айтуынша, экономиканың кейбір секторы кешегі пандемия кезінде дамымаса да тұралап қалған жоқ. Енді олардың тынысына қан жүгірту үшін қосымша қаржы керек. Бұл қаржыны бөлуге ЕДБ-нің мүмкіндігі де, қалтасы да көтереді. ЕДБ-нің жаңа бағытында өзгерістер барын банк өкілдері де жоққа шығармайды. IT мүмкіндігі адами капитал мен технологиялық бағытқа бірдей қаржы салу керек екенін сәт сайын дәлелдеп жатыр. Бұл фактор алдағы уақытта ірі-ірі инвестициялық жобаларды ғана емес, кішігірім жобаларды қаржыландырудың бәсін өсіріп, квазисектордағы қаржы институттарын нарықтан жойып жіберуі әбден мүмкін. «Банк синдикаттары арасындағы алшақтықты олардың активтерін біріктіру арқылы ғана бір-біріне жақындатуға болатынын Үкімет те түсініп отыр. Нарық заманында көшбасшылар да, көшке ілініп-салынып ілесіп жүрген банктер де бар. Егер олардың синдикаттарын теңестіруді көздесек, біз бұрынғы заманға қайта ораламыз. Ең дұрысы, бұл нарыққа қандай үлеспен кіру қажеттігі туралы шешімді банктердің өзіне қалдырған дұрыс», деп сөзін түйіндеді Е.Ибрагим.
Қаржыгер Ғалым Құсайынов синдикатталған несиенің болашағы бар екенін, несиелендірудің бұл формасы несиелік ресурстарды жинауға және банктік тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік беретінін айтады. Несиелеудің синдикатталған түрін пайдалану мемлекетаралық деңгейдегі жобаларды қаржыландыру тәуекелдерін барынша азайтады екен. Осы тұста Ғ.Құсайынов атап өткендей, біздің елде осы формаға сұраныстың жоқтығы оның заңмен жүйеленбегендігімен байланысты екен. 2018 жылға дейінгі құқықтық актілерде «тең дәрежелі кепіл беруші» немесе «тең дәрежелі меншік иесі» деген түсініктер айтылмаған. Басқаша айтқанда, кепілдікті бірлесіп көтеру немесе бірге несие беруді заңдастыруға заңдық негіз болмаған. Сондай-ақ несие берушілердің тізілімін жүргізу, берілген несиелерді есепке алу, синдикат қатысушылары арасында төлемдерді есепке алу және бөлу, несиелік құжаттаманы қалыптастыру және жүргізу мәселелері де шешімін таппапты. Тек 2020 жылдың аяғында ғана алғаш рет заңнамалық деңгейде синдикатталған несие беру шарттары анықталған. Банк өкілдері Үкіметтің синдикатталған несие нарығына назар аударуын әзірге сырттан бақылап отыр. Әзірге бұл жүйенің нарыққа енуі ірі көлемдегі несиені ұзақ мерзімге және төменгі пайызбен алуға жол ашады деген үміт басым. «Синдикатталған несие беру банктерге тәуекелдерді бөлуге және өз ресурстарын ірі жобаларды қаржыландыру үшін біріктіруге мүмкіндік береді. Алайда тәуекелдерді біркелкі бөлу априорлы мүмкін емес, сондықтан ЕДБ-дегі қаржыландыру және несиелік талдау мәселелерін қарау тәсілдері әртүрлі. Бұл қаржылық қана емес, заңдық тәуекелдерге де қатысты» дейді Ғ.Құсайынов.
Синдикатталған несие туралы ұсыныс әзірге талқылану деңгейінде болса да банк өкілдері мұны құп алып отыр. Әзірге ұққанымыз, A / B несиелеу форматында синдикаттардың бастамашысы квазисектордағы институттары болуы мүмкін. Қаржы маманы Мақсат Халық айтып өткеніндей, банктер бұл мәселені қолдаса, біздің елімізде синдикатты банктер әлдеқашан құрылатын еді. Бұл жүйенің бізде жұмыс істеуі банктер үшін тиімді емес. «Синдикат банктен несие алған заңды тұлғаның ісі жүрмей, несиесін қайтара алмай қалды делік. Енді оның қойған мүлкі қалай бөлінеді деген мәселе кесе-көлденең шығатыны анық. Сол кезде проблема шығуы мүмкін. Жалпы, осы күнге дейін екінші деңгейлі банктер бизнесті қаржыландыруға ықыласты бола қойған жоқ. Оларға табыс алып келген бағыт – тек тұтынушылар нарығы ғана. Осы мәселелер шегеленбей, табыс-шығын және тәуекелдік үлесі нақтыланбай, ЕДБ-ні бұл жобаға тарту қиын», дейді М.Халық.
Осы тұста сарапшы синдикатталған банктердің арзан несиеге қалай қол жеткізеді деген мәселеге назар аудару қажеттігін де қаперге салып өтті. Қазір арзан ақшаға қол жеткізу – ЕДБ үшін басты проблема. Егер арзан несиеге олардың өзі қол жеткізе алмаса, өзгелерді қалай жарылқамақ, жұртшылық айтып жүрген 5-6 пайызбен қалай несие береді?! «Өткен жылы мемлекет бизнесті қаржыландыру үшін триллиондаған теңге қаржы бөлді. Банктердің 5-6 пайыздық арзан несиемен бизнесті қаржыландыруына мемлекет берген триллиондар мүмкіндік беріп тұр. Бірақ бұл – экономикаға жеткіліксіз қаражат және бұл қаражаттың сұрауы бар. Мұны банктер жақсы біліп отыр. Ұлттық банк те базалық пайыздық мөлшерлемені жоғарылатты. Сондықтан банктерге бизнесті қаржыландырғаннан ҰБ депозитіне немесе бағалы қағаздарға қаржы салған тиімді. Олар ШОБ-ты қаржыландырып тапқан 10 пайызын сол жақтан да көріп отыр. Бізде базалық мөлшерлеменің жоғары болуынан-ақ табыс тауып отырған банктер бар. Егер инфляциялық таргеттеу саясаты нәтижелі болса, ЕДБ Үкімет үкілеп отырған синдикатты несиеге өздері-ақ мүдделі болады», дейді М.Халық.
Синдикатты несиеге экономика дайын ба деген мәселе қашан да өзекті. Біздің нарық заңы бұған әлі де бейімделе қойған жоқ. Нарық заңы әкімшілік пәрмендерді қабылдай алмайтынын айтқан сарапшылар мәселені синдикат банктерді ашудан емес, соның негізі болатын заңнамалық тетіктерді ретке келтіруден бастау керектігін айтады. Жоғарыда айтып өткендей, инфляциялық таргеттеу саясаты Ұлттық банктің пәрменімен емес, нарық заңымен қалыптасса, екі тарап та синдикат қаржыландыруға, сол бойынша несие алуға мүдделі болары сөзсіз.
АЛМАТЫ