Өнер • 29 Шілде, 2021

Атыраудан жеткен жауһарлар

418 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «Рухани қазына-2021» рес­публикалық фестивалі және «Көкшетау – Қазақстанның 2021 жылғы мәдени астанасы» іс-шаралары жоспарын жү­зеге асыру шеңберінде Атырау облыс­тық тарихи-өлкетану музейі Көк­шетауға «Ұлы дала жауһары» экспозициялық көрмесін әкелді.

Атыраудан жеткен жауһарлар

Алдымен Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің өткен шағы туралы бірауыз сөз айта кетелік. Сонау 1940 жылы 231 жәдігерін көрермен назарына ұсынған музейде бұл күні 96 мың­нан астам тарихи құндылық сақ­таулы екен. Өңірдің өткен тынысын қалтқысыз бейнелейтін музей қорында бағзы замандағы Сарматтар кезеңінің сарқыты Атыраудан табылып, реконструкциясы жасалған екі алтын адамға қатысты жәдігерлер де бар екен.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағ­дар­ламалық мақалаларында ата-баба­мыздың өз заманының ең озық технологияларына тікелей қатысы бар екендігі айтылған болатын. Осы пікірдің ақиқатын музей қорында жинақталған 277 жәдігер айқындап тұрғандай. Әлемде теңдесі жоқ қола қазандар, қыш ыдыс­тар, баһадүр бабаларымыз ұстаған алуан түрлі қару-жарақ көкшетаулық көрер­меннің көзайымына айналды. Атыраудағы Арал­төбе қорғаны көне заман­ның қойнына қазына бөккен қой­масы іс­петті екен. Осы қорғанда жүр­гізілген қаз­ба жұмыстарының басында шыны ыдыс­тар, боз далада боздап ұшқан жебелердің ұштары табылыпты. Арғы бабалардың арыстандай болмысын, тектілігін жалпақ дүниеге жария еткен Сармат көсемі де осында. Көсемнің киімі көз жауын алатын әшекейлі алтын бұйымдармен безендірілген. Тіпті шашын түйген байламшасы, қару-жарағы, қорамсаның жиектері, асатаяғындағы самұрық бейнесі алтынмен апталып, безендірілген.

– Қазба кезінде табылған барлық алтын бұйым 2016 жылы Алматы қаласында арнайы сынамадан өткізіліп, жо­ғары сапалы алтын екендігі дәлел­денді, – дейді музей директоры Ра­шида Харипова.

Көкшетаулық талғампаз қауымның назарын өзіне аударған жәдігердің бірі «Сармат ханшайымы» экспозициясы болды. 2017 жылы Миялы қорғанынан табылса керек. Бар бұйым кіл алтыннан жасалған.  Сақ-Сармат дәуірінің жауынгер әйелінің экспозициясына «Ұлы дала жауһары» деген атау беріліпті. Тұ­тынған бұйымы да алтын, өзі де алтын ханшайымға жауһар деген ат әбден жарасып тұр.

Атыраудағы айшықты мұраны Көк­ше жұртына бар сырын тарата тарқатып баяндаған, аруақты өлкенің қасиетін толайым жеткізген мәнді іс-шараға тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев, Миялы қорғандарына жүр­гізілген қазба жұмысының ғылыми жетек­шісі Марат Қасенов қатысты.    

Археологиялық коллекциялардың бес тілде жарық көрген ғылыми каталогы таныстырылды. Екі облыстың музейлері арасындағы шығармашылық тінін бекітуге уәделесіп, меморандумға қол қойылды. Батыстан жеткен бағалы дүниенің айшықты әрін Көкшенің самалы өбектеп, көкорайлы орманды, айдын шалқар көлдерді көктей өтіп, бар далаға таратып жатқандай ыстық бір сезім қалды көңілде.

КӨКШЕТАУ