Спорт • 29 Шілде, 2021

Волейболдан Азия чемпионаты Жапонияда өтеді

297 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

12-19 қыркүйек аралығында Жапонияның Тиба қаласында волейболдан ерлер арасындағы Азия чемпионатының жалауы желбірейді. Бұл жарыста 16 команда бақ сынайды, деп жазады Egemen.kz.

Волейболдан Азия чемпионаты Жапонияда өтеді

1975-2019 жылдар аралығында айтулы жарыстың жалауы 20 мәрте желбіреді. Сол бәсекелердің тоғызы жапон жігіттерінің жарқын жеңісімен аяқталды. Оңтүстік Кореяның оғыландары төрт мәрте теңдессіз деп танылса, Қытай мен Иранның өкілдері үш реттен бас жүлдені олжалады. Тағы бір алтын медальді Аустралияның өрендері мойындарына ілді.

Қазақстан құрамасы екі рет финалға дейін жетті. Алғаш рет жерлестеріміз 1993 жылы Таиландтың Накхонратчасима қаласында жасындай жарқырады. Құрамында Бақытжан Байтөреевтей серке ойыншысы бар біздің команда ақтық сында корейлерге есе жіберді. 2017 жылы Индонезияның Гресик қаласында дәл сондай нәтижеге қол жеткіздік. Бұл жолы Жапонияның волейболшыларына әліміз жетпеді.

Биылғы чемпионатта Қазақстанның бойшаң жігіттері D тобында ойнайды. Топтық турнирдегі қарсыластарымыз – Оңтүстік Корея, Тайпей және Сауд Арабиясы құрамасы.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше