Спорт • 29 Шілде, 2021

Алматыда алтын белбеу үшін таласады

741 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

7 тамызда Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында аралас жекпе-жектен халықаралық турнир өтеді. Оған республикамыздың әр өңірінен және шетелден келген бірқатар танымал спортшылар қатысады, деп жазады Egemen.kz.

Алматыда алтын белбеу үшін таласады

Маусым айының соңында Шымкентте отандық «Алаш Прайд» клубының мұрындық болуымен 66,1 кило салмақ дәрежесіндегі сайыпқырандар арасында Гран-при додасы ұйымдастырылған болатын. Сол бәсекеде қазақстандық Бақдос Олжабай мен қырғызстандық Әділет Нұрматов қарсылас шақ келтірмей, калың көрерменнің зор қошеметіне бөленді. Әрине, бұл нәтижеге ешкім таңдана қойған жоқ. Себебі, Бақдос та, Әділет те талай дүбірлі додаларда дараланған дүлдүлдер. Екеуі де әр жарыста қарсы шыққандарды қоғадай жапырып келеді. Енді олар Алатау баурайында өзара күш сынасып, айтулы ұйымның алтын белбеуін сарапқа салады. Осы айқаста асығы алшысынан түскен апайтөс «Алаш Прайдтың» чемпионы атанады. 

Сонымен қатар, Ғалымжан Қанаев, Ерасыл Шұғатаев, Самир Ахмедов, Мақсат Есболатов және тағы басқа спортшылар октогонға шығады. Ал әйелдер арасындағы бәсекеде Замзәгүл Файзоланова бақ сынайды.