TOKYO2020 • 29 Шілде, 2021

Ел Еленаға елеңдеп еді...

244 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Төрт боксшымыз алғашқы жекпе-жегінде-ақ жеңіліп, жер шұқып қалған едік. Бүгін еңсеміз қайта тіктеліп, енді төрт боксшының тілеуін тілеп отырған жайымыз бар. Кеше Қазақстан құрамасының көшбасшылары Әбілхан Аманқұл мен Қамшыбек Қоңқабаев кеткен есені қайтаратындай қалыпта өнер көрсетті.

Ел Еленаға елеңдеп еді...

75 килоға дейінгі салмақта жұды­рықтасқан Әбілхан Аманқұл өзбекстандық Фанат Қахромоновпен кездескен болатын. Тартысты жекпе-жектің бірінші раун­дында төрешілер жеңісті өзбек бокс­шысына берді. Тағы да кешегі сценарий қайталана ма деп алаңдадық. Алай­да екінші раундта тез есін жиған Әбіл­хан қарсыласын нокдаунға жіберіп, басымдықты күшейте түсті. Үшінші кезеңде де қарсыласына бір­неше соққы дарытқанының нәтижесінде, төрешілер жеңіс­ті бірауыздан Аманқұлға берді. Енді ширек финалда Әбілхан Бра­зилияның өкілі Эберт Консейсан Соу­замен қолғап түйістіреді. Кездесу 1 тамызға жоспарланған.

«Бұл менің Олимпиададағы бірінші кездесуім болғандықтан қиын соқты. Жал­пы, Олимпиадада жекпе-жек оңай болмайды. Жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Ширек финалдағы қарсыласыммен бұған дейін кездеспегенбіз. Қарсыласымның қандай екенін ринг көрсетеді. Әрине, құрамадағы жігіттердің жеңілісі көңіл күйімізге кәдімгідей әсер етті. Не дегенмен, олар мықты спортшылар ғой. Біз – бір командамыз. Мұндайда босаңсу дұрыс емес деп ойлаймын. Біз не үшін келгенімізді білеміз. Олимпиада бала кезден арманымызға айналған. Бі­рінші орында елдің намысын абыроймен қорғау маңызды», деді Әбілхан.

91 килодан жоғары салмақта рингке шық­қан Қамшыбек Қоңқабаев Мысыр елінің өкілі Есри Мұстафамен кездесіп, айқын басымдықпен ұтты.

Қамшыбектің ширек финалдағы қар­сыласы ресейлік Иван Верясов болмақ. Егер де Аманқұл мен Қоңқабаев жеңіске жетсе, жартылай финалға жолдама алады.

Қазақстандық садақшы Ильфат Абдул­лин 1/16 айналымда нидерландық Стив Виджлермен кездесіп, 6:4 есебімен жеңіс­ке жетті. Әзірге Ильфат Абдуллиннің 1/16 ай­налымдағы қарсыласы анықталған жоқ.

Токио Олимпиадасының жартылай фи­налына дейін жеткен теннисші Елена Рыбакина әлемдік рейтингте 12-орында тұрған швейцариялық Белинда Бенчичпен кездескен-ді. Тартысты кездесу 2 сағат 44 минутқа созылып, Бенчич 7:6, 4:6, 6:3 есе­бімен жеңіске жетті. Шынында қазақстандықтар Рыбакинаның жеңісіне сенімді еді. Бейсенбінің басты сайысы теннис болып, ел-жұрт Еленаға қарап елеңдеген-ді... Енді Елена Рыба­кина Олимпиаданың қола жүлдесіне таласады.

Бұл күні су добынан Қазақстан ерлер құрамасы Токио Олимпиадасында кезекті рет жеңілді. Ел құрамасы топтық сынның кезекті кездесуінде Испания құрамасына қарсы ойнады. Екі құрама арасындағы кездесу 16:4 (3-0, 6-0, 11-2, 11-4) есебімен ис­паниялықтардың пайдасына шешілді. Ойын барысында Қазақстан құрамасынан Душан Маркович, Сржан Вуксанович (2) және Михаил Рудай көзге түсті. Енді ұлт­тық құрама жігіттері 31 шілдеде Чер­ногория командасымен кездеседі.

Токио Олимпиадасында академиялық есуден жартылай финал аяқталды. Қа­зақстан сапынан аталған санат бойынша жарыс жолына Владислав Яковлев шықты. Нәтижесінде, отандасымыз өз тобында бесінші болып мәреге жетті. 30 шілде күні қазақстандық спортшы D финалына қатысады. D тобына қатысушылар өзара 19-24 орындарды сарапқа салады.

Кеше Олимпиада қалашығына Олим­пиада чемпионы Ольга Рыпакова бастаған қазақстандық спортшылардың екінші легі орналасты. Жеңіл атлетика, еркін күрес, әйелдер күресі, көркем гимнастика, ашық суда жүзу мен бессайыстан сынға түсетін спортшылар ел намысын ойдағыдай қорғайды деген сенім бар. Ендеше қомақты жүлденің де ауылы алыс болмауы керек.