Аймақтар • 30 Шілде, 2021

Жас мамандар ауылға бет бұрды

289 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай облысының шалғай аудандарындағы ауылдық әкімдіктер кадр тапшылығын тартып отыр. Қазір қалаға аңсары ауып тұратын жастардың көбі ауылға барып жұмыс істегісі келмейді. Көптен бері шешілмей келе жатқан бұл мәселенің түйіні енді ғана тарқатыла бастаған сыңайлы. Өйткені қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгеріске сәйкес былтырдан бері «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына басқа саладағы мамандықтармен қатар, мемлекеттік қызметшілер де тартыла бастаған. Осының нәтижесінде облыс орталығынан алыс жатқан ауыл әкімдіктерінің біразы жас мамандармен толықты.

Жас мамандар ауылға бет бұрды

Ауылға барып жұмысқа тұрып, біржола сонда өмір сү­руге тәуекел еткен жас маман­дарға көтерме жәрдемақы мен баспана алу үшін бюджеттік несие беріледі. Бағдарламаның жастарға пайдасы тиетін осын­­­дай ұтымды тұстары көп болғанымен, әзірше оған қа­тысып жатқандар онша көп емес екенін де айта кету керек.

Алғашқылардың бірі болып дипломмен ауылға аттан­ған жастың бірі – Ақмарал Исмадьярова. Бүгінде ол Науыр­зым ауданындағы Дәмді ауыл­дық округінде бас маман қыз­метін атқарып жүр.

– Ауылға барып жұмыс істегісі келетін жастарды ын­та­лан­дыратын мемлекеттік бағдарламаның бар екенін бұрыннан білетінмін. Бірақ бағдарламаның мем­лекеттік қызметшілерді қам­титынын былтыр ғана әлеу­меттік желіден оқыдым. Мұн­дай мүм­кіндікті жіберіп алуға болмайды, бірден қажетті құжаттарымды жинастырып, Халыққа қызмет көрсету орта­лығына өтініш тапсырдым. Көп кешікпей Дәмдіге жолдама берілді. Мұнда келе салысымен көтерме жәрдемақы алдым, – деді жас маман.   

«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы әу баста ден­сау­лық, білім, спорт пен мә­дениет және ауыл шаруа­шылығы салаларына жас мамандарды көптеп тарту мақ­сатында қабылданған. Былтыр бұл мамандардың қатарына мемлекеттік қызмет­шілер де қосылғандығы дұрыс шешім болып отыр.

– Шынында да, біздің өңір, әсіресе, ауылдық елді мекендер кадр тапшылығын қатты сезініп отыр. Мысалы, Науырзым, Алтынсарин, Ұзынкөл аудандарында мамандар жетіспейді, – деді облыстық Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі депар­таменттің басқарма басшысы Әлия Оспанова. 

Аталған жоба бойынша ауылға жұмысқа келген жас ма­мандардың әрқайсысына 250 мың теңгенің үстінде көтерме жәрдемақы және 4 жарым млн теңге шамасында баспана несиесі беріледі.

 

Қостанай облысы