Қазақстан • 30 Шілде, 2021

Шалғын көбелекпен күрес үшін кеткен шығын өтеле ме?

465 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет шалғын көбелекпен күрес үшін кеткен шығынның 50 пайызын өтейтін болады, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Шалғын көбелекпен күрес үшін кеткен шығын өтеле ме?

Климаттық жағдайларға байланысты биыл Қазақстанның Солтүстік, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарында шалғын көбелегінің жаппай көбею қаупі өсіп отыр.

Министрлік тарапынан осы зиянды организмнің нақты таралу ортасын анықтау үшін қажетті фитосанитариялық тексерулер жүргізілді.

Бүгінгі таңда 306,59 мың гектар жер зерттеліп үлгерді. Жалпы таралу ауданы 16,979 мың гектарды құрайды.

Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Е. Қарашөкеевтің тапсырмасы бойынша Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы А. Марс Ақтөбе облысына шалғын көбелегіне қарсы күрес және қорғау шараларын жүргізу бойынша, жұмыстарды ұйымдастыру және қажетті басқарушылық шешімдер қабылдау үшін іс-сапарға жіберілді.

АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен бизнес өкілдерінің бастамаларына сәйкес, 2020 жылдан бастап шалғын көбелегіне қарсы қорғау шараларын жүргізу жөніндегі жауапкершілік пестицидтер құнының шығындарын 50%-ға дейін өтеу үшін субсидиялар бере отырып, жергілікті атқарушы органдардың құзыретінен, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің құзіретіне берілген.

Биыл пестицидтерді субсидиялауға жалпы 32,3 млрд.теңге, оның ішінде Ақтөбе облысына 545,8 миллион теңге бөлінген. Техникалық қайта жарақтандыру бойынша инвестициялық субсидиялар беру аясында шаруа және фермерлік қожалықтарға өсімдіктерді қорғау құралдарын енгізу бойынша бүріккіштерді арзандату үшін өздігінен жүретін бүрку техникасы құнының 50%-ына дейін субсидиялау көзделген, сондай-ақ тракторлардың құны арзандатылатын болады.

Отандық өндіріс тракторлары бойынша құнының 30%-ына дейін, импорттық өндіріс үшін 25%-ына дейін субсидиялау көзделген.

«Қазіргі уақытта Ақтөбе облысының әкімдігі 2,2 мың гектар алаңда химиялық өңдеу жүргізуге қаржы бөлді. Іс-шараларды жүргізу тиімділігі жоғары бүріккіш техника-газ генераторларын пайдалану арқылы жүзеге асырылады», деп жазылған хабарламада.