Талайдың ошағына ойран салып, ерін – жерінен, баласын анасынан айырған кешегі Ұлы Отан соғысы сүйекке өшпестей етіп таңба салып кетті. Дүниеге бір келер, дария-кеуде тау мүсін қарияларымыздың, арыстай ұл-қыздарымыздың жанын пида еткен фашизм қасіретінің қара бұлты сейіліп, бейбіт күннің шуағы қайта жарқырағанына биыл 65 жыл толып отыр.
Ел басына күн туып, ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен қан кешкен сонау сұрапыл 1941 жылдың жазында Сұлтан Жалдыбаев өзімен үзеңгілес достары Қуаныш Ақсақалов, Шамшат Есетов, Нариман Майханов, Әлихан Өтегенов (менің нағашы әкем), Тахайыр Оспанов, Ерғазы Ыбраев, Шәріп Таңқаев, т.б. барлығы он-онбестей бір топ бозбала Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының әскери комиссариатына келіп, өз еріктерімен Отанын қорғауға дайын екендіктерін айтып, сұрапыл соғысқа аттанады. Сөйтіп, жас сарбаздар тиелген пойыз батысқа қарай бет алады. Мәскеу облысының Анесинка селосына жетіп, бірнеше айдай №118 арнаулы даярлық жаттығу курсынан өткен олардың әрқайсысы әр тарапқа жіберіледі.
Ал Сұлтан Жалдыбаев 1942 жылдың маусым айында артиллериялық атқыштар полкінің қатарында атақты “Сталинград”, “Курск доғасы” майдандарында бөлім, кейін взвод командирі бола жүріп жау жағасын жыртып, Берлин, Кенигсберг қалаларын фашистерден азат етеді. Майдандағы ерлігі үшін “За отвагу”, “За победу над Германией”, “За взятие Кенигсберга”, “Жауынгерлік ерлігі үшін” және т.б. медальдармен марапатталады. Осы марапаттары күні бүгінге дейін үстіне киген кителімен қоса Алматы қаласындағы “Қазақстан комсомолы мен жастарының тарихы” мұражайында сақтаулы тұр.
Атам қазақ “Дем бітпесе өлім жоқ, Отаның үшін отқа түс” деген. Өмірдің еш қызығын көрместен, қыршынынан қиылып, қан майдан ұрыс даласында мәңгіге көз жұмған арыстарымыз қаншама. Екі дүниеде осыдан өткен өкініш, орны толмас қасірет болмас. Сұлтан Жалдыбаев та атадан жалғыз еркек кіндік болып туып, соғысқа аттанған еді. “Тұлпардан – тұяқ” демекші, ұрпағының көрер жарығы, бірінші жаратушы иеміз Алла тағаланың жазуы, қала берді ата-баба аруағы қолдаған болар, соғыста алған екі ауыр жарақатына қарамастан, 1945 жылдың қоңыр күзінде аман-есен елге оралады. Келісімен еңбекке араласып, аудандық ішкі істер саласында қызмет атқарады. 1946 жылы Бибіхатша Сұлтанқызымен көңілдері жарасып, отбасын құрады. Б.Сұлтанқызы мұғалім, оқу-ағарту саласында біраз жыл ұстаздық етіп, жүздеген шәкірт тәрбиелеген. Ағайын-туыстың, дос-жаран, көрші-қолаңның алдында абыройы биік, халқына сыйлы, ер мінезді кісі көрінеді.
Атаның қанымен, ананың сүтімен бойына біткен ерекше қасиетін әулеті де сезген болу керек, ағайын-туыстың ойын-тойымен қатар, ру ақсақалдары бас қосқан аға-інінің мәжілісінде үлкендер: “Биеке, осы мәселе қалай болар екен, төрелігін айтыңыз”, – деп оның ой-пікірін сұрап, санасып отырады екен. Сұлтан мен Бибіхатша үш қыз, екі ұл сүйіп, балапандарын мәпелеп, тәлім-тәрбие беріп өсірді. Өмірдің өзі бір қуаныш, бір реніш емес пе?! Балалары үшін орны толмас өкініштісі – әкелерінің ғұмырының қысқа болып, 56 жасында, балаларының қызығын толық көре алмай дүниеден озғаны.
Ұл-қыздары мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінде, бастауыш сыныптарда үздік оқығаны үшін құрмет тақтасына ата-анасымен бірге арнайы ілінетін суретке түсіп, талай қуанатын. Балаларының жетістіктерін ағайын-туыс, дос-жарандарына айтып бір марқаятын. Көзі тірі болғанда 89-ға шығып, немерелерінің қызықтарына тоймай, Ұлы Жеңістің кезекті 65 жылдығына арналған наградасын төсіне тағып, құрыштан құйған құдіреттей болып төрде отырар еді-ау. Бір қуаныштысы – өзі дүниеден озғанмен, ұл-қыздарынан тараған немере-шөберелерінің бүгінде ел қатарлы өсіп-өніп, еңбек етіп, өз алдына үй болып, ұрпақ сабақтастығының жалғасуында. “Қамшының сабындай қысқа ғұмырында кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болардай із қалдырған әкеміз Сұлтанның, анамыз Бибіхатшаның жатқан жері жайлы, топырағы торқа, жандары жәннатта болғай деп Жаратқаннан тілей отырып, аруақтарына бас иіп, тағзым етеміз”, – дейді ұлдары Мейірхан мен Ғалымжан.
Адамзат баласының өзі өлгенімен, ізі өшпейтінінің ақиқаты да осы болар.
Еркін ӘБІЛ, Қызылорда облысы.