Экономика • 01 Тамыз, 2021

Алтынмен пара-пар тәуекел

314 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Отандық тауарлар мен қызметтердің экспорттық желісін кеңейту, экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды қолдау – кез келген дамушы ел үшін маңызды міндет. Өйткені жақын болашақта қызметтік сектор әлемдік табыстың жартысынан көбін иеленуі мүмкін.

Алтынмен пара-пар тәуекел

Сондықтан қызмет көрсету саласындағы отандық компания­лар әлемдік нарықтарға шығуы керек. Сонда ғана нарықтағы бос кеңістікке туыңды тігіп, бәсе­келестікке ұмтылуға болады. Өкі­нішке қарай, бұл бағытта түрен салып жүрген қазақс­тан­дық ком­паниялар аса көп те емес. Әзірше ауыз толтырып айтарымыз AAEngineering Group компаниясы ғана.

Иә, инженерлік, жабдықтау және құрылыс жұмыстарын қатар атқаратын отандық EPC-мердігер – AAEngineering Group ЖШС шетел нарығына шығып отыр. Алайда бұл оңай шаруа болған жоқ. Ол үшін тиісті деңгейде қолдау шаралары көрсетілді. Серіктестік Еуразиялық экономикалық одақ нарығындағы құрылыс қыз­меттері саласындағы бос кеңіс­тік­тен орын алуға ұмтылды. Нәти­же­сіз емес. Ірі өндірістік нысандарды бастан-аяқ жобалап, құ­ры­лысымен айналысатын отан­д­ық жетекші инжинирингтік және құрылыс компаниясы Қырғызстандағы «Джеруй» кен орнында Талас алтын кені комбинатын салуға тапсырыс қабылдады. Бұл – Қазақстан, Қырғызстан және Ресей мемле­кет­терінің халықаралық жобасы.

Компания халықаралық тап­­сырысты орындауға 2018 жылы кірісті. Биыл толық аяқ­та­мақ. Жобаны жүзеге асыру шең­бе­рін­де қуаттылығы жылына 1,3 млн тонна кен өндіретін заманауи алтын өндіру фабрикасы, ілеспе инфрақұрылым, сондай-ақ қалдық шаруашылығы салынды. AAEngineering Group компаниясының қаржы директоры Уәлихан Атагелдиевтің хабарлауынша, жоба тау-кен металлургия нысандарын жобалау және салу саласындағы әлемдік үздік тәжірибелерге толық сәйкес келеді. EPC-мердігер құрылыс процесінде жаңа технологиялық шешімдерді, сондай-ақ ESG және Қырғыз Республикасы заң­на­ма­сының талаптарына жауап бе­ре­тін экологиялық қа­уіп­сіздік және қоршаған ортаны қорғау қағидаттарын енгізуге ерекше назар аударған.

– Жоба техникалық тұрғыдан алғанда күрделі. Сондықтан жылдар бойы жинақталған тәжірибе мен білімді ұштастыруға тура келді. Жалпы, әр жобаның жүзеге асырылу стратегиясы әртүрлі болады. Тәуекелдері де бір-бірі­не ұқсамайды. Жобаның тех­ни­калық құрамдас бөлігінен бөлек, әлеуметтік, экологиялық аспектілер мен елдер арасындағы тәуекелдерді елемеуге, ескермеуге болмайды. Мәселен, 2020 жылдың қазан айында «Джеруй» жобасы 97 пайызға аяқталып, іске қосу-жөндеу жұмыстары басталған кезде Қырғызстан аумағында жобаны тапсыру мерзімін мәжбүрлі түрде бұзуға қауіп төндіретін форс-мажорлық жағдайлар туын­дады. Алайда инвестор мен мер­ді­гер компанияның бірлескен күш-жігерінің нәтижесінде фаб­риканы қалпына келтіру жұ­мыстары қысқа мерзімде аяқ­тал­ды. Сөйтіп осы жылдың 21 ақпанында фабрика алғашқы алтын құйманы өндірді, – дейді У.Атагелдиев.

Таудағы қиындықтарға, пан­демия мен процесс кезінде туын­­дайтын түрлі жағдайларға қара­мастан, AAEngineering Group FIDIC халықаралық стан­д­ар­­тына сәйкес жобаны табысты аяқтады. Бұл ком­панияның 12-ші жобасы еді. Осы орайда «Джеруй» жобасы Қазақстан даму банкінің тіке­лей қолдауымен жүзеге асы­рыл­ғанын бөле-жара атап өтуге тиіспіз.

– Коммерциялық банктер Қырғызстандағы еларалық әрі саяси тәуекелі жоғары жобаны қаржыландыруға құлық танытпады. Тек Қазақстан даму банкі қолдау білдірді. Әлбетте аталған қаржы институтының негізгі мақсатының бірі – Қа­зақ­станның шикізаттық емес сек­торын және экспорттық әлеуе­­тін дамыту екені анық. Біз олар­дың қолдауынсыз мұн­дай ірі жобаны іске асыруда же­текші инжинирингтік және құ­рылыс компанияларымен бәсекелесе алмас едік, – дейді У.Атагелдиев.

Тәуекелдің жоғары екенін біле тұра, отандық экспорттық қызметтің болашағына үміт арт­қан Қазақстанның даму банкі AAEngineering Group компания­сы­на 3 жылға 37,7 млн доллар кепілдік берді. Атап өтерлігі, мұндай ірі жоба қаржы институты үшін қанатқақты жоба болды. Қазақстанның даму банкі алғаш рет экспорттық қызметке қатысты банк кепілдігі құралын пайдаланды.

– Алтын өндіру саласындағы отандық кәсіпорындардың тәжі­ри­бесі мол. Қазақстан ал­тын­ның барланған қоры бойынша әлемдегі 15 елдің қатарына кіреді. Бұдан бөлек жылдан-жылға жаңа кен орындарын барлау және ел ішінде бағалы металл өндіруді ұлғайту жұмыстары қарқын алуда. Шетелдік тапсырыс берушінің отандық ком­панияны алтын шығару фаб­рикасының құрылысын жүр­гі­зе­тін бас мердігер ретінде таң­да­уы – осының айғағы. Банк өз құзыреті аясында алғаш рет қызметтер экспортын жүзеге асыратын отандық компанияға банктік кепілдік берді. Қызметтер экспорты пандемияның белең алған кезеңінде, жеткізудің ло­гис­тикалық тізбектері бұзы­лып, толық оқшаулау режімдері енгі­зі­л­ген кезде жүзеге асырылғанын атап өту керек. Қиын шарттарға қарамастан, қазақстандық компания міндеттемені ойдағыдай орындады, – дейді «Қазақстан даму банкі» АҚ клиенттермен жұмыс жүргізу дирекциясының аға банкирі Владимир Ли.

Осылайша, қазақстандық ин­жи­ни­рингтік компания «Дже­руй» жобасын сәтті аяқ­тап, баға жетпес тәжірибе жинады. Компания әлемдік нарықтан әлі де бос кеңістіктер іздеуді жал­­­ғастыруда. Бүгінде серік­тес­­тік Қырғызстан аума­ғын­да «Жамғыр» кен орнында алтын өндіру фабрикасын салу жобасын іске асыруда. Ресей Феде­ра­ция­сы мен Өзбекстанның ірі жобалары да пысықталып жатқан көрінеді.