Саясат • 02 Тамыз, 2021

Жауапкершілігі барларға жағдай жасалады

185 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ashyq жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылды және бүгінгі таңда өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Осы ретте Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов аталған жобаға белсенді қатысатын бизнес-қоғамдастық өкілдерімен онлайн-кездесу өткізді.

Жауапкершілігі барларға жағдай жасалады

Кеңеске мемлекеттік органдардың басшылары, барлық өңірдің әкімдіктері, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Ashyq жобасының көшбас­шылары қатысты.

Қазір Ashyq жүйесінде 45 мыңнан аса кәсіпкерлік объектісі жұмыс істейді, 4 млн астам пайдаланушы тіркелген. Ashyq жобасы енгізілген сәттен бастап «қызыл» және «сары» мәртебесі бар 23 мыңнан аса келуші анықталды. Оның ішінде 13 516 азаматтың оң ПТР-тесті бар және 9 688 азамат науқастармен қарым-қатынаста болған.

Вице-премьер еліміздегі эпиде­мия­­лық жағдай өте күрделі екенін, бар­лық өңір «қызыл аймақта» тұрғанын атап өтті. Еліміздің емдеу стацио­нар­ларындағы төсек-орын­дары­ның толым­дылығы 54%-ға жетті. Денсаулық сақтау жүйесі өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп жүктемемен жұмыс істеуде.

Коронавирус инфекциясын таратпау жөніндегі жағдайды басқару, кәсіпкерлер тарапынан елдегі күрделі жағдайға түсіністікпен қарауы және жәрдемдесуі пандемиямен күресте өте маңызды фактор болып табылады. Ashyq жүйесі аясындағы жұмыс әлеу­меттік-экономикалық ны­сан­дарда­ғы санитарлық-эпи­демиялық жағ­дайды бақылауға алып қана қоймай, биз­нестің функционалын жоғалтпауға, жұмыс орындарын сақтауға мүмкіндік берді. Бизнес өкілдері өз тарапынан карантин жағдайында жұмыс істеуге мүмкіндік бергені үшін алғыс білдіріп, өздеріне алған міндеттемелерді одан әрі сақтауды жалғастыратынын және әріп­тестерін де осыған шақыратындарын жеткізді.

«Біз экономиканың дамуын, сон­дай-ақ 2 млн-нан аса адам жұмыс істей­тін қызмет көрсету секторындағы ша­ғын және орта бизнестің жұмысын тоқтат­пау үшін әрқашан кәсіпкерлердің адал жұ­мы­сын ұстанамыз. Мемлекеттің се­нім­ді әрі жауапкершілікті бизнеске қол­дау білдіргеніне ризамыз», деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А.Мырзахметов.

Сондай-ақ кәсіпкерлер екі аптаның мониторингі бойынша 2-9 тамыз аралығында үздік көрсеткіштерге ие болған жүйе көшбасшыларына демалыс күндері жұмыс істеуге мүмкіндік беруді қарастыру туралы бастама көтерді. Бұдан бөлек Ashyq жобасы көш­басшыларының қоғамдық қозғалысын құру туралы шешім қабылданды.

Е.Тоғжанов мемлекет ШОБ жауап­ты нысандарының жұмысы үшін бар­лық жағдайды жасайтынын айтты. Табыс табу мен азаматтардың денсау­лы­ғын қорғау арасындағы тепе-теңдікті табу қажеттілігіне шақырды.

Сондай-ақ ол қалыпты өмір тірші­лігіне қайта оралудың жалғыз жолы – вак­цина алу екенін және ұжымдық имму­ни­тетті қалыптастыру үшін вакцина алу­дың маңыздылығы туралы кең ақпарат­тық саясат жүргізу керектігін атап өтті.

Кездесуді қорытындылай келе, Премьер-министрдің орынбасары жауап­ты мемлекеттік органдар мен әкім­дік­терге «Атамекен» ҰКП-мен бір­ле­сіп, барлық айтылған бастамалар­ды пы­сық­тауды және қажет болған жағ­дайда коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК отырысында келісілген ұсыныстарды енгізуді тапсырды.