Саясат • 02 Тамыз, 2021

Сенаторлардың өңірлердегі кездесулері

119 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының депутаттары өңірлердегі тұрғындармен кездесулерін жалғастыру үстінде, деп хабарлады жоғарғы Палатаның баспасөз қызметі.

Сенаторлардың өңірлердегі кездесулері

Сенат Төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров Қарағанды облысында сапарда болды. Ол жаңадан сайланған ауыл әкімдерімен, сондай-ақ Ұлытау және Жаңаарқа аудандары мәслихаттарының депутаттарымен кездесті.

Нұрлан Әбдіров жүздесулерде өткен сайлау­дағы жергілікті билік органдарының өкілет­тігі мен дербестігін кеңейтудегі маңыз­дылығын атап өтті.

«Елімізде ауыл әкімдерін сайлау аяқтал­ды. Осылайша, біз жергілікті атқарушы орган­дардың дербестігін нығайтуға бағыт­талған сайлау процесінің бірінші және маңызды кезеңінен табысты өттік. Бұл саяси рефор­маны ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында ұсы­нып, оған биылғы қаңтар айында жетінші шақы­рылымдағы Парламент Палаталарының бірлескен отырысында да тоқталғаны белгілі. Мемлекет басшысы азаматтардың шешім қабылдау процесіне ықпалын күшейту үшін осындай серпін берудің маңыздылығын атап өткен болатын. Осыған байланысты жаңадан сайланған әкімдерге үлкен жауапкершілік жүктеледі», деді Нұрлан Әбдіров.

Сенат Төрағасының орынбасары бұл тапсырманы іске асыру үшін депутаттар ауқым­ды заңнамалық жұмысты жедел түрде жүргіз­генін еске салды. Атап айтқанда, жергілікті өзін өзі басқару бюджетін нығай­ту үшін салықтар мен төлемдердің кейбір түрлері: бірыңғай жер салығы, жер учаскелерін пайда­ланғаны үшін төлем, жер учаскелерін сатудан түсетін түсімдер, жер учаскелерін жалдау құқығын сату төлемі төртінші деңгейге берілді. Нұрлан Әбдіров бұл жаңалықтар ауылдық, аудандық және қалалық биліктің дербестігін ұлғайтуға ықпал ететінін айтты.

Палата Төрағасының орынбасары жер­гілікті халықты толғандыратын өзекті мәсе­­лелерді талқылау және шешу мен қол­даныстағы заңнаманың тиімділігін жақ­сарту үшін Сенат пен мәслихат депутат­тары­ның бірлескен жұмысын күшейтудің маңыздылығын атап өтті.

Сенат Төрағасының орынбасары кездесулерге қатысқан құқық қорғау органдарының өкілдеріне арнаған сөзінде Мемлекет бас­шысының бастамасымен әзірленген, елі­міз­дің құқық қорғау және сот жүйелерін реформа­лауға бағытталған заңдарды қабыл­дау депу­таттар қызметінің маңызды нәтиже­лерінің бірі болғанын атап өтті.

Төраға орынбасары сапар барысында өңірдегі ауыл еңбеккерлерімен еліміздің мал шаруашылығын қолдау мәселелерін де талқылады және облыстың ауыл шаруа­шылығы секторының даму проблемалары­мен танысты. Жақында Қарағанды облы­сында болған дала өртінің салдарымен күрес және өңірдің зардап шеккен ондаған шаруа қожалығына келтірілген залалды өтеу мәсе­лелері көтерілді. Нұрлан Әбдіров келті­рілген залалды бағалау және зардап шеккен аза­маттарға өтемақы төлеу жөніндегі жұмыс­тарды жеделдетудің маңыздылығын атап өтті.

Сенатор Дүйсенғазы Мусин Шығыс Қазақстан облысының Жарма және Аягөз аудандарында болды. Депутат сапар барысында аудан активімен және ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлерімен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін талқылады.

Кездесулер барысында сондай-ақ еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемле­кеттік бағдарламасын іске асыру, еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы, «Жайылымдар туралы» заңның орындалуы және ауылдық аумақтарды дамыту мәсе­лелері сөз болды.

Дүйсенғазы Мусин қазақтың ақбас сиыры­ның тұқымын өсірумен айналысатын ша­руа­шылықтың жұмысымен танысты. Кәсіпорын басшылығы асыл тұқымды малды өсірудегі селекциялық жұмыстар саласындағы жағ­дай туралы сенаторды хабардар етіп, соңғы жылдардағы оң өзгерістерді атап өтті.