
Аргентинаның екі студенті сусыз жұмыс істейтін кір жуғыш машина ойлап шығарды. Бұл туралы ИТАР-ТАСС агенттігі хабарлады.
Кордова ұлттық университетінің студенттері Николас Арайя мен Николас Вуксановик бұл өнертабыстарын дипломдық жұмыс ретінде таныстырды. Арайя мен Вуксановик өз жаңалықтары арқылы қазіргі кезде басты проблемалардың біріне айналған тұщы судың тапшылығымен күресуге өз үлестерін қоспақшы. Осы мақсатта олар жаңа кір жуғыш машинаны құрастыруға кіріскен екен.
«Нимбус» атауын алған бұл машина мүлдем су пайдаланбайды. Оған тек табиғи көмірқышқыл газы мен патенттелген экологиялық таза кір жуу құралы қажет. Сонымен қатар, ол электр қуатын да кәдімгі кір жуғыш машинадан гөрі анағұрлым аз жұмсайды. Жаңа құралдың тағы бір ерекшелігі, онымен жуылған киімді кептірудің де, үтіктеудің де қажеті жоқ.
Өнертабыстары үшін өнеркәсіптік дизайн саласындағы екі жас маман ең жоғары деген бағаға лайық деп танылды. Олар өздерінің жаңа кір жуғыш машиналарын патенттеп те қойған екен.
Айдар Өрісбаев.
Дереккөз: Itar-tass.com
Фото: Itar-tass.com