Қоғам • 02 Тамыз, 2021

Серік Шәпкенов адам саудасымен күрес туралы меморандумға қол қойды

324 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов пен Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы өкілдігі басшысы, Орта Азиядағы ХКҰ үйлестірушісі Зейнал Гаджиев Еңбек көші-қоны және адам саудасына қарсы күрес мәселелері жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп жазады Egemen.kz.

Серік Шәпкенов адам саудасымен күрес туралы меморандумға қол қойды

Құжатқа тараптар онлайн келіссөз барысында қол қойды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады. 

«ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атынан сіздерге ізет танытып, 30 шілдеде атап өтілетін Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күнімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Қазақстанның Халықаралық көші-қон ұйымымен қарым-қатынасы сындарлы және өзара тиімді ынтымақтастық арнасында дамып келе жатқанын атап өткен жөн. Министрлік Халықаралық көші-қон ұйымымен өзара іс-қимылды нығайтуға ерекше мән береді», деді келіссөздер барысын ашқан Серік Шәпкенов.

Еңбекминінің басшысы өз сөзінде мүдделі мемлекеттік орындардың адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі өзара іс-қимылын үйлестіру үшін Қазақстанда құрамына ХКҰ өкілдері кіретін тиісті ведомствоаралық комиссия жұмыс істейтінін атап өтті.

«Ағымдағы жылғы 24 ақпанда Үкімет адам саудасына байланысты қылмыстың алдын алу, болдырмау және оған қарсы күрес жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекітті. Осы жоспардың бір тармағын іске асыру шеңберінде «Қазақстан Республикасында адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын әзірлеу туралы мәселе қаралуда. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі тұжырымдамасының жобасына адам саудасының құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуді көздейтін бап енгізілген», деп хабарлады Серік Шәпкенов.

Сонымен қатар ол көші-қон саласындағы, атап айтқанда Қазақстан Республикасының Көші-қон саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасын әзірлеудегі ынтымақтастығы үшін ХКҰ тарапына алғысын білдірді.  

«Ағымдағы жылғы 19 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды, оның шеңберінде 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Ішкі істер министрлігінің  халықтың көші-қоны саласындағы, сондай-ақ босқындар мәселелері жөніндегі 22 функциясы мен өкілеттігін беру көзделген. Осы Жарлықты іске асыру мақсатында Министрлік жанынан көші-қон саласындағы жеке комитет құру жайы қаралуда», деп қосты ол.

Еңбекмині басшысы өз сөзінің соңында Халықаралық шарттар жасасудың 2021 жылға арналған  жоспарына ҚР Үкіметі мен Халықаралық көші-қон ұйымы арасындағы ынтымақтастық туралы жаңа келісім енгізілгенін хабарлады.

Қазіргі уақытта келісім жобасы мемлекеттік органдарда қаралып жатыр.

Өз кезегінде Зейнал Гаджиев ҚР Үкіметіне ынтымақтастық үшін алғысын білдірді, сондай-ақ ХКҰ тарапынан Қазақстанға көші-қон және адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелерін шешуде алдағы уақытта да қажетті көмек көрсетуге дайын екенін білдірді

Меморандум ақпарат алмасуды; еңбек көші-қоны және адам саудасына қарсы күрес салаларында түрлі іс-шаралар өткізуді; көші-қон саясатының стратегиясын қалыптастыру мәселелері бойынша кеңесуді; өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша ғылыми зерттеулер жүргізуді көздейді.

Тиісті Меморандум халықаралық шарт емес және тараптардың ешқайсысы үшін қандай да бір құқықтық және қаржылық міндеттемелер жүктемейді.