Әлем • 02 Тамыз, 2021

Беларусь атлеті Токио олимпиадасынан кейін еліне оралудан бас тартты

441 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Токио олимпиадасына келген беларусь атлеті Кристина Тимановская елге оралудан бас тартты, деп жазады Egemen.kz РИА Новости порталына сілтеме жасап.

Беларусь атлеті Токио олимпиадасынан кейін еліне оралудан бас тартты

Фото Global Look Press

Белгілі болғандай, 2 тамызда Тимановская 100 және 200 метр қашықтыққа жүгіруі керек еді. Алайда, Беларусь құрамасының жаттықтырушылары оны өзіне ескертпестен, 4х400 метрлік эстафетаға шығаруға шешім қабылдады. Ал бұл жарысқа қатысуы тиіс спортшылар шеттетілген.

К.Тимановская жаттықтырушылардың әрекетін әлеуметтік желілерде қатал сынға алды. Кейін Беларусь Олимпиада комитеті Кристинаның «эмоционалды-психологиялық жағдайына байланысты дәрігерлердің қорытындысы бойынша» Олимпиадаға қатыспайтынын мәлімдеді.

Атлет 1 тамызда Беларусь жаттықтырушылар штабының өзін еркінен тыс Жапониядан шығаруға тырысқанын айтты. Сол күні ол Халықаралық Олимпиада комитеті мен жергілікті құқық қорғау органдарынан көмек сұрады. Содан кейін оған күзет берілді.

Осы уақыт ішінде бірнеше Еуропа елдері спортшыға көмек ұсынды. 2 тамызда Тимановскаяның Польшадан гуманитарлық виза алғаны белгілі болды.

«Беларусь спортшысы Кристина Тимановская Токиодағы поляк дипломаттарымен тікелей байланыста. Ол гуманитарлық виза алды. Польша оған спорттық мансабын жалғастыруға көмектесу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды», деп жазды Польша Сыртқы істер министрінің орынбасары Марчин Пржидач Twitter-де.

Оппозициялық дағдарысқа қарсы халықтық әкімшіліктің өкілдері (Белоруссия ҰОК бұрынғы бас хатшысы Анатолий Котов) Тимановскаяның Польшаға осы аптада келетінін айтты.