Аймақтар • 02 Тамыз, 2021

Түркістан облысында полицейлер барлық тойхана алдын күзететін болды

171 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысының аумағында орналасқан 500-ден астам тойхананың барлығын полиция қызметкерлері күзететін болады. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірдің тәртіп сақшыларына осындай тапсырма берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістан облысында полицейлер барлық тойхана алдын күзететін болды

Аймақ басшысының төрағалығымен өткен апталық отырыста вакциналау барысын бақылау және мобильді топтардың жұмысын күшейту мәселелері сөз болды.

Облыста жыл басынан бері 600-ге тарта той анықталып, тоқтатылған.

«Әр тойхананың алдына бір-бір полиция қызметкерін қою керек. Бұл да аурудың таралуына жол бермеудің тиімді тәсілі болатын шығар. Күрестің осы жолын да көру керек. Коронавирустың таралуына жол бермеу үшін жан-жақтан күрес күшейтілсін», деді облыс әкімі.

Өңірде сондай-ақ, карантин талаптарының сақталуын бақылау бойынша мобильді топтардың мониторинг жұмыстары күшейтілмек. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде соңғы аптада тыйым салынған 115 отбасылық, мерекелік іс-шара анықталған. Мәселен, соңғы аптада тіркелген мыңға жуық жағдайдың көпшілігін белсенді жастағылар (20-49) құраған. Пандемия басталғалы коронавирус жұқтырғандардың 30% астамы қарым-қатынаста болғандар, 60% жуығы ЖРВИ/пневмония диагнозымен және стационарларға жоспарлы/шұғыл жатқызылғандар саналады.

Сонымен қатар, мемлекеттік шекарадан өткендер және ірі кәсіпорын жұмысшылары, вахташылар бар. Отырыс барысында облыста коронавирусқа қарсы вакцинация қарқыны жоғары деңгейде екені де айтылды. Бүгінгі танда, барлық 141 егу пунктінде коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация жүргізілуде. Олар 109 дана термоконтейнермен қамтамасыз етілген. 80 көшпелі егу бригадасы жұмыс істеуде.

Өңірге вакцинаның 610 мыңға жуық дозасы жеткізілген. І компонентпен 583 мыңға жуық адам немесе өңір тұрғындарының 95%, ІІ компонентпен – 404 мыңға жуық адам немесе 77% егілген. Жыл басынан бері облыс бойынша жасақталған 127 мобильді топпен 190 мыңнан астам нысан тексерілді. 3,5 мыңға жуық хаттама толтырылып, айыппұл салынған.

Айта кетейік, қажет болған жағдайда өңірде инфекциялық төсек-орын санын 6 мыңға дейін жеткізуге мүмкіндік бар.