Осы орайда Қазақ КСР-нің халық әртісі атанған ерекше талант иесі Сейфолла Пірімұлы Телғараев туралы сөз ете отырып, оның жеке өміріне қатысты тың деректерді де оқырманға ұсынбақпыз.
Тоғысқан тағдырлар
Он жетіге енді толған балаң жігіт 1927 жылы Қызылордадан Алматыға арман қуып келген-ді. Әсем қаланы ұнатқаны сонша – күні бойы көше кезуші еді. Бірде кешке қарай Сауда көшесінің (қазіргі Жібек жолы) бойымен қыдырыстап келе жатып, қолмен бір жапырақ қағазға жазылған хабарландыруға көзі түседі. Онда «тоғыз жылдық мектеп-интернатта Камал Қармысұлы мен Күләш Бейісова концерт көрсетеді, ән салады» деп жазылған. Астында басталатын уақыты да жазылған. Сағатына қарап еді, уақыт таяп қалыпты. Жылдамдата солай қарай беттеді.
Мектепке жиналғандардың дені жасөспірімдер екен. Бірен-саран үлкендер де байқалады. Сәлден соң шымылдық ретінде екі ұшын байлап қойған мата айқара ашылды да ойын-сауық басталды. Алдымен Асқар Тоқмағамбетовтің «Екі заң» пьесасына негізделген қойылым көрсетілді. Онда Күләш қыздың, Камал жігіттің рөлін ойнады. Соңынан Күләш пен Камал кезек-кезек ән салды.
Жастардың өнеріне тәнті болған Сейфолла концерттен соң іле-шала екеуімен кездесіп, тез-ақ тіл табысып кетеді. Дәл осы күні басталған таныстық әрі қарай тамырын тереңдете түсті. Бертін келе олар ажырамас дос, жолдас болып, өнердегі өзектес, үзеңгілес әріптеске айналды. 1972 жылы Камал досы 60 жасқа толғанда Сейфолла «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетіне «Талант табиғаты» (22 сәуір, 1972 жыл) деген тақырыппен үлкен мақала жазып, өзінің біраз сырын ақтарды. Дегенмен бұл мақалада айтылмай қалған жайлар аз емес еді.
1927 жылы Алматы қалалық комсомол ұйымы «Жұмысшы жастар театры» (ТРАМ) деп аталатын Бүкілқалалық жастар үйірмесін ұйымдастырады. Үйірмеге өнерден хабары бар, азды-көпті шығармашылық тәжірибе жинақтаған, осыған дейін әртүрлі мектептерден өткен, ерекше дарынымен танылған өнерпаздар тартылды. Оның алғашқы мүшелері болып болашақ Қазақ ұлттық театрының әртістері Қапан Бадыров, Күләш Бейісова (Байсейітова), Камал Қармысов, Сейфолла Телғараев қабылданды.
Міне, осы кезден бастап Сейфолланың театр, сахна, көрермен туралы түсінігі қалыптаса бастады, алғашқы сәттен-ақ «өнер» деген құдіретті күшке аңсары ауып, бар ықыласымен ден қояды.
Режиссерліктен –
актерлікке
«Жұмысшы жастар театры» екі-үш жылдың бедерінде көрермендеріне кәдімгідей-ақ танылып қалды. Оның мүшелері де есейе түсті. Өзіндік біршама тәжірибе жинақтап, шеберліктерін шыңдап, актерлік дағдыларын жетілдіре білген көркемөнерпаздар болашақта кәсіби театр ашуға ұмтылды. Егер 1931 жылы Қызылордадағы театр ұжымы Алматыға көшіп келмегенде, бәлкім ашар ма еді, кім білсін?
«Жұмысшы жастар театрының» жұмысына әу бастан-ақ мұрындық болып жүрген қалалық комсомол ұйымының жетекшілері оларға одан әрі қамқорлық жасауды ұйғарып, ұжым ішіндегі талантты, қабілетті бір жасты оқуға жіберуге шешім қабылдайды. Сәті түсіп, бұл таңдау Сейфоллаға бұйырады. Сөйтіп 1931 жылы ол Мәскеудегі Бүкілодақтық Лениншіл комсомол жастар одағы Орталық Комитетінің (ВЛКСМ) жанындағы «Жұмысшы жастар театры» режиссерлерінің курсына оқуға жіберіледі.
Мәскеудегі курста оқыған аз ғана уақыттың ішінде Сейфолла актерлік шеберлік мектебінің классикалық үлгісімен алғаш рет танысты. Театрдағы режиссура, сахнадағы сөйлеу мәнері, қимылдау техникасы, тіпті грим мен жарық түсіру сияқты қарапайым мәселелермен де бетпе-бет келді. «Театр» деген ғаламат әлемнің енді ғана есігін ашқандай әсерде болған ол ерекше қанаттанды. Кейін, оның оқуда көкейіне түйген, көрген, білгендері мен үйренгендері театр сахнасында шын мәнінде кәдеге асты.
Оқудан соң оны комсомолдық жолдамамен Қарағандыға жібереді. Мұнда шахтерлердің «Жұмысшы жастар театрының» жетекшісі ретінде шығармашылық әрі ұйымдастырушылық жұмыспен шұғылданады. Әсіресе режиссерлікке, жаңа спектакльдер қоюға баса назар аударады. Қыс ортасына дейін бес-алты спектакльді сахналайды. Бірақ жергілікті жердегі шағын топпен шағын спектакльдер қоюды місе тұтпаған жас талант құлашын кеңге сермеп, үлкен сахналарды бағындыруды армандайды. Осы арманның жетегімен Сейфолла 1932 жылы Алматыға келеді де, мемлекеттік театрға актер болып жұмысқа орналасады.
Ғұмыр бойы бір театрда
Отызыншы жылдардың басы театр ұжымының жаңаша бір қалыптасу, шығармашылық жағынан өсу, алға ұмтылу кезеңі болды. Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қанабек Байсейітов, Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков, тағы басқа да қазақ театрының негізін қалаушылардың ізінен ерген екінші толқын таланттар легін толықтырды. Шәкен Айманов, Қалкен Әділшінов, Камал Қармысов, Сәбира Майқанова, Жағда Өгізбаев және басқалары театрға жаңа леп ала келді. Осы тізімнің бел ортасында Сейфолла Телғараев та бар еді. Бұл аталған актерлер ондаған жылдар бойы театр ұжымының негізгі тірегіне айналды.
Аталған кезеңде де және одан кейін де Сейфолла ойнаған рөлдер екі бағытта – драмалық және комедиялық жанрда өрбіді. Тіпті бір күлдіріп, бір жылататын траго-комедиялық сипаттағы рөлдер де аз болмады. «Абай» трагедиясындағы Баймағамбет пен Жиренше, «Еңлік-Кебектегі» Жапал, «Амангелдідегі» Тымақбай, «Қобыландыдағы» Қараман, «Шоқан Уәлихановтағы» Жайнақ, тағы басқа толып жатқан сахна кейіпкерлері көп жыл өтсе де әлі күнге дейін аға ұрпақтың жадында.
Отандық авторлардың пьесалары негізінде қойылған спектакльдерде жеткілікті дәрежеде ойнаған актер сахналанған аударма пьесалардағы бейнелерді де шебер сомдайды. «Отеллодағы» Родриго, «Ревизордағы» Бобчинский, «Шыңырау түбіндегі» Лука, «Екі қожаға бір қызметкердегі» Труфальдино, «Асауға тұсаудағы» Грумио, тағы басқалары тұтас бір сахналық кейіпкерлер галереясын құрайды.
Бүкіл өнерсүйер қауымның, жазушы, драматургтер мен театр зерттеушілерінің ықыласына бөленген Сейфолланың кезінде Мұхтар Әуезовтің де назарына іліккенін айта кеткен жөн. Жаңа қойылған спектакльдерді міндетті түрде көріп, ол туралы өз пікірін үнемі білдіріп отыратын Мұхаң 1937 жылы «Қазақ сахнасындағы аударма пьесалар» (М.Әуезов, «Уақыт және әдебиет». Қазақ мемлекеттік әдебиет баспасы, 1962 ж.,) деген мақаласында сәтті шыққан «Ревизор» спектаклін «қазақ театры үшін тарихи табыс» деп атай келіп, «актерлердің ішінде Қалибек, Камал, Елубай, Мәлике, Серке, Шәкен, Сейфолла, Айша, Сәбира, Әбен, Жыныспектер... сүйсінерліктей еңбек етіп шықты» деп жазды.
Ұлы жазушымыз соңғы жылдары жазған мақалаларында да С.Телғараевтың «сахнадағы өмірі» туралы әр кез сөз етіп отырған. Тіпті 1949 жылы жазған бір мақаласында (жоғарыда аталған жинақта) пьесада кейіпкерді өз дәрежесіне жеткізе алмаған автордың кемшілігін тілге тиек етіп, сол рөлді спектакльде ойнаған Сейфолланың кінәсі жоғын айтып, араша түседі. «Телғараевқа Қоқым образының өзі екіұдай болғандықтан әзірше қояр кінә да жоқ» деп нақтылайды. Оның бұл пікірі «әу баста толыққанды кейіпкерге айналмаған образдың сахналық нұсқасының солғын шығуын актерге жаппайық» дегенге саятын сияқты.
Актер сахнада қырық жылдан аса еңбек етіп, екі жүздей рөлді ойнаған екен. Әлемдік, орыс және қазақ драматургиясының інжу-маржандары саналатын спектакльдер еліміздің театр тарихын қалыптастырған кесек дүниелер десек, сол спектакльдердің бәріне дерлік қатысқан С.Телғараев тұтас бір заманның сан қырлы, алуан-алуан кейіпкерлерін сомдаған сахна-
ның саңлақ сардары іспетті.
Комедия құдіреті
Сейфолланың бүкіл әртістік өнерін сөз еткенде шығармашылығының өне бойына негізгі арқау болып өрілетін комедия жанрын айтпай кету мүмкін емес. Жаратылысынан жаны жайсаң, ақкөңіл, адал да аңқау жан – үлкен адамгершілігімен де ерекшеленетін тұлға. Ол – сол ішкі жан дүниесіндегі пәктік пен тазалықты өзі ойнаған рөлдердің бойына «дарыта» алатын, сол шынайылықты көрерменге айна-қатесіз жеткізе алатын талант иесі. Әсіресе «Еңлік-Кебектегі» Жапал рөлі актердің «төлқұжатына» айналды. Рөлді ойнаған Сейфолла мен Жапал бір қолдың саласындай бірігіп, қабысып кеткен тәрізді. Бұл, әрине, оның сол рөлмен іштей үйлесімділігі, жан дүниесінің соған жақындығы. Сол арқылы ол көрерменін өзіне кәміл сендіреді.
Жапал, «Шоқан Уәлихановтағы» Жайнақ, «Кек кеттідегі» қойшы бала – бір-біріне өте ұқсас, жақын тұлғалар. Үшеуі бірін-бірі толықтырып, қазақ сахнасында тұңғыш рет классикалық нұсқадағы комедиялық кейіпкерлер тобының пайда болуына тікелей әсер етті. Осы ізбен тек қана комедиялық емес, драмалық және трагедиялық бейнелер тобы да өнер айдынына жүзіп шықты.
Халық әртісі туралы көлемді тамаша зерттеу мақаласын жазған Халық жазушысы Тахауи Ахтанов оның шын мәнінде актер ретіндегі, қарапайым адам ретіндегі асқан талантын жоғары бағалайды. «Советтік Қазақстанның бүгінгі ең ірі әртістерінің бірі Сейфолла Телғараев жайлы сөз қозғағанда оны осы қазақ сахнасының қарашаңырағын көтеруші алып топтан бөліп, жеке даралап әкете алмаймыз. Өйткені: оның таланты өзгеге ұқсамай оқшау тұрғанымен – әртістің туған топырағы, тамыр тартып өскен ортасы осы қауым» деп жаза келіп, «Сейфолла Телғараев – негізінен күлдіргі актер. Ол қазіргі қазақ сахнасының ірі комиктерінің бірі» деп атап көрсетті (Т.Ахтанов. «Көкейкесті». «Жалын» баспасы, 1980 жыл).
Аталған кітаптағы «Ақжарқын талант» деген мақаласында жазушы, драматург мына бір оқиғаны ерекше толғаныспен еске алады. «Сәуле» драмасында Құдайбергеннің рөлін орындаған Сейфолла әйеліне ашуланып, қатты ұрсуға тиіс еді. Айқайы тым зәрсіз болып шығады. Режиссер мен автор екі-үш күн әуреленгенмен оның бойынан ашу таба алмай қояды. Ақыры, режиссер басқа амал тауып кетеді. Ол кісі өмірде де сондай адам еді. Біреуге ұрсуды, кеюді білмейтін. Оның қатты ашуланғандағы айтатыны «өй, ақымақ!» деген сөз болатын.
Театр сахнасында ойнаған драмалық, комедиялық рөлдерінен хабардар режиссерлер оны киноға түсуге шақырады. Киноның сахнадан айырмашылығына қарамастан, бұл міндетті де тамаша орындап, кино түсірушілердің үмітін ақтаған талант иесі енді театрдың ғана емес, көрермені көп, ауқымы кең киноның да белгілі актеріне айналады. Қазақ киносының «Алтын қорына» енген бірнеше фильмдерге қатысуы – соның дәлелі. «Алтын мүйіз», «Біз осында тұрамыз», «Шабандоз қыз», «Алдар Көсе», «Қыз Жібек», тағы басқа жиырмадан аса фильмде ірілі-ұсақты кейіпкерлерді көрермендерге тарту етті. Бұған оның сол кездегі әуе толқынында жиі берілетін көптеген радио қойылымға қатысып, табиғи даусымен рөлдерді дыбыстауға атсалысуын қоссаңыз, шығармашылықпен шұғылданудың жауапкершілігін, қиындығын жете сезінгендей боласыз.
Айтылмаған ақиқат
Отызыншы жылдардың басында қоғамда неше түрлі келеңсіздіктер орын алғаны тарихтан мәлім. Мұндай тұрақсыз жағдайлар жергілікті халықтың азапты өмірін одан сайын тозаққа айналдырды. Оған «жығылғанға жұдырық» болып келген ашаршылық атты зұлматты қосыңыз. Балалық пен жасөспірім шағы «Балапан – басына, тұрымтай – тұсына» кеткен сол заманға тура келген Сейфолланың басынан ешкім сипай қойған жоқ. Бүкіл ел сияқты бір күн аш, бір күн тоқ болып күнелтіп жатты.
Бірде балалық қиялға беріліп, үлкендерге еріп қалаға кетті де, кері қайтпай қалды. Екі-үш күн көшеде жүріп, шаршап, сүлдесі құрып, біреулердің сілтеуімен Қызылордадағы «Балалар үйіне» табан тірейді. Мұнда ол «аты-жөнімді білемін, бірақ ешкімім жоқ» деген жауаптан танбай қояды. Сөйтіп құжат бойынша «тұл жетім» болып шыға келді. Өмірбаянында да «жетіммін, балалар үйінде тәрбиелендім» дегеннен басқа мәлімет жоқ.
Бірақ «тауық жоқ болса, жұмыртқа қайдан шықты?» демекші, шын мәнінде оның отбасы да, туған-туысқандары да бар еді. Кезіндегі қатыгез, запыран құсқан заманнан қорқып, жалған айтқаны үшін оны ешкім кінәлай қоймас. С.Телғараев Қызылорда облысына қарасты Жалағаш ауданындағы Аламесек деген жерде туған. Кіші жүзден тарайтын Шөмекей аталығына жататын әкесінің, ағаларының, туған-туыстарының атақонысы да осы жер. Шөмекейден бері қарай Бозғыл, Сарбай, Дәурен, Бөлте, Сәмет, Аткелтір, Телғара болып жалғасады. Ал Телғарадан туған екі ұлдың – Ерімбет пен Пірімнің ұрпақтары баршылық. Пірімнен Сәдуақас, Мәлік, Әбілмәжін, Шахнама, Сейфолла деген бес ұл туған. Ағайындылардың ең үлкені 1901 жылы туса, кенже ұлы Сейфолла 1910 жылы дүниеге кел-
ген. Бұл деректерді оның өз аузынан естіп, жазып алғандықтан ұрпақтарына да, оқырмандарға да жеткізуді өзімізге парыз санадық.
Сахнада немесе кинода ойнаған кейіпкерлерінің болмысын, жан дүниесін, түйсігі мен сезімін көрерменнің жүрегіне ұялата білу, соған иландыра білу актердің ең басты мұраты екені даусыз. Осы мұрат үдесінен шыққан, еліне, туған халқына, соның өнеріне өмір бойы қалтқысыз қызмет еткен талант иесі 1975 жылы 27 тамызда дүниеден өтті. Мақаламыздың соңын Т.Ахтановтың жоғарыда аталған кітабында жазғанындай «Кейбір суреткерлердің өнері өздерінен әлдеқайда бұрын өліп қалып, атақ-лауазым оларды құлатпай демеп тұратын балдаққа айналады. Ал Телғараев болса сол атақтың өзіне сән беріп, салмағын арттырып тұратын суреткер» деген сөзімен түйіндеуді жөн көрдік. Ендігі жерде оның есімі ескерусіз қалмай еленіп жатса құба-құп болар еді.
Бақтияр ЕРІМБЕТ,
«Egemen Qazaqstan» газетінің ардагері