Қоғам • 02 Тамыз, 2021

Цензор деген болған...

871 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Цензура деген кешегі кеңес заманының ажырамас атрибуттарының бірі еді. Алайда ол Кеңес Одағының ойлап тапқан дүниесі емес, бұрыннан, патша заманынан бар сөз бостандығын шектеу құралы еді.

Цензор деген болған...

Кеңес Одағында цензура арқылы өлім-жітімнің санын айту, әскери зауыт­тардың атауы, олардың өнді­рі­сінің көлемі, не шығаратыны, орақ науқаны кезінде көмекке келген солдаттардың саны, қай қаладан кел­гені, наразылық акциялары, ірі төтенше оқиғалар сияқты көптеген ақпаратты жариялауға қатаң ты­йым салынған. Сондай-ақ газет-жур­нал­дарда, телевизия мен радио жаңа­лық­тарында ұйымдасқан қыл­мыстық әрекеттер, ұлтаралық ки­кілжіңдер тура­лы хабар-ошар кетіп қалса, олардың авторлары мен редакторлары тіпті қылмыстық жа­уап­­кершілікке тар­тылатын болған. Оны байқамаған цензор да орнынан ұшатын.

Кеңестік цензура осындай әре­кет­терімен адам құқығы мен сөз бос­тан­дығын барынша шектеді. Мұның өзі адамдардың ой-өрісі мен санасының дамуын тежеп, сайып келгенде, миллиондаған кісі кеңестік идеологияның шырмауығына шырмалып, мәңгүрттіктің аз-ақ алдында болған еді. «Біздегі тірліктің бәрі жақсы, қиындықтың бәрі тек капи­та­листік елдерде» деген сияқты жал­ған түсінік қалыптасты. Күні бүгінге дейін сол жалғандықтан ада бола алмай жүрген адамдар бар. Сондықтан ойлы адамның бәрі цензураны қаламайды, ал цензор болған адамдарды жек көреді. Бірақ олардың көбінің еш жазығы жоқ. Өздерінен талап етілген қызметтік міндеттерін адал атқарды. Атқармаса, бәрібір, басқа адам қойылар еді. Тек тырнақ астынан кір іздеп, өзінің қызметін пайдаланып, біреулерді нақақтан қудаламаса болды емес пе?..

Петропавлда ұзақ жылдар бойы цензор болған Көпжасар Күйеубаев 1978 жылдан бастап облыстық атқару комитетінің баспасөзде мемлекеттік құ­пияны сақтау басқармасында қыз­мет атқарған. Ал цензордың қыз­метін ол кезде редактор деп атаған.

«Мен алғаш облыстық телеви­дениенің қазақ бөлімінде цензор болдым. Қолыма «Құпиялар тізбесі» деген 467 беттік қалың кітапты ұстатты. Онда қауіпсіздік, қорғаныс, экономика, мәдениет салалары бойынша жариялауға тыйым салынған ақпарат тізімдері көрсетілген. Оқып отырған мәтіндерден кездестірген ақпаратты сол тізіммен салыстырып, жариялауға жатпайтыны болса, дереу түзетемін. Әрине, бұл авторларға ұнамайды, бірақ амал қанша, нұсқаулықтан шыға алмайсың. Мысалы, «Ленин атындағы зауытта еңбек етеді» деген сөйлемді «зауытта еңбек етеді» деп түзетесің. Ал мұның ақпараттық маңызы өзгеріп кетеді ғой, бірақ солай етуге мәжбүрсің. Дегенмен, мен авторлардың еңбегін ескеріп, ешқашан толық абзацты алып тас­тап көрген емеспін. Шынымды айтсам, маған осындай талаптары үшін цензорлық қызмет ұнамайтын», дейді ол.

Қазіргі жас адамдарға күлкілі  кө­рін­­генімен, ол кезде 15 метр биік­тік­тен түсірілген фотоны да газетте жа­рия­лауға болмайды екен. Қаладағы әс­кери бөлімдердің нөмірін көрсету, суицид жасағандарды ауызға алу, түрмеде отырғандардың санын жазу – қылмыспен пара-пар. Ке­зек­шілікке шыққан милиция патру­лінің санын көрсетсең де айыпқа қаласың.

«Баспасөзде мемлекеттік құпияны сақтау басқармасы» деген дардай атауы, «цензор» деген атынан ат үр­кетін қызметкері болған соң бұл кісі­нің білімі мен білігі де өзгеше шы­ғар деп ойлағанбыз. Сөйтсек, ай­рықша ештеңесі жоқ екен. Көпекең Қостанай облысының Меңдіқара ауданында Қызылбалықшы деген ауылда 1948 жылы өмірге келіпті. Әкесі Көбеген бай болмаса да байларды жағалаған пысық азамат болған екен. Байды жағалағанның бәрін кеңес өкіметі қудалады емес пе, Көбе­ген де кәмпескеге іліккен. Сөйтіп аға­йындар арасы бүлінген заманда жа­қындарына өкпелеп, көрмейтіндей болып басқа жаққа көшіп кетеді. Жіті­қара жақтағы Ақсуат ауылында 8-ші сыныпты бітірген соң Көпжасар пе­д­училищеге түседі. Оны бітірген соң әскерге кетіп, Орталық Азия әске­ри округінде танкіші болады. Қайтып келген соң мұғалім болып жүріп Қос­танай пединститутының биология фа­куль­тетін сырттай оқып бітірген. 1976 жылы Қызылжар қаласының тумасы – Баян деген қызға үйленіп, осы қалаға келеді. Мұнда алдымен мектеп-интернатта тәрбиеші болып, артынан цензорлық қызметке ауысады.

Көпекең осындай қарапайым адам болса да, журналистер өзінен ығысып, тезірек жылыстап кетуге тырысқанын айтады. «Кейде редакцияға бара қалсам, жаңа ғана әзіл-қалжыңмен ауланы басына көтеріп отырған жігіттер лезде зым-зия болады. Цензордың қызметі жұрттың бәріне қорқыныш болып елестейтінін содан біле беріңіз. Өзім ішімнен ондайға күліп, таңғалып қоятынмын», дейді ол.

Өз құпиясын ұзақ жылдар бойы сақтап, қалтқысыз қызмет еткен адам­ға кеңес өкіметі бәлендей оң қа­бақ­пен қарамаған. Екі бөлмелі пәтерді де әрең беріпті. Мемлекеттік түгіл, облыстық деңгейдегі марапат та бұйырмапты.

Ал Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде цензура жойылғаны белгілі. Халыққа еркіндік беріліп, журналистерге сөз бостандығы ти­ді. Осыны пайдаланып, ел ішіне іріт­кі салғысы келетін, тіпті сол­түстік аймақты көрші мемлекетке қо­суды көздеген арандатушылар да бас көтерген-ді. Олардың «Новь Приишимья», «Знамя свободы», «Вознесенский проспект» және басқа газеттерінің сарыны осы бағдарды ұстанған. Ал «Глас» деген газет тіпті ашық күреске шақыруға дейін барды. Міне, осындай өткенді көксейтін сепаратистік пиғылдағы басылымдармен заңды тұрғыда мемлекет атынан біліктілікпен күресе алатын мамандар қажет болғанда облыстық ішкі саясат басқармасына қызметке кірген Көпжасардың тәжірибесінің пайдасы тиді. Арандатушылардың кей­біріне сот арқылы айыппұл салы­нып, қайсыбір басылымды бел­гілі мерзімге жабу туралы ше­шім­­дер шығарылды. Сондай-ақ ол Ресей қа­лаларынан жеткізілетін пор­ногра­фия­лық басылымдарды, жеке адамдарды қаралаған, ар-на­мыс­қа тиетін дүниелерді тәркілеп, ондай ақпарат ағынын шектеуге белсене атсалысты.

Кейін Көпжасар Күйеубаев Бас­пасөзде және басқа бұқаралық ақпа­рат құралдарында заңдылықтың сақ­талуын бақылау жөніндегі об­лыс­тық инспекция құрылғанда соның басшысы болып тағайындалды. Мұнда да ол Қазақстан заңнамасына қайшы келетін баспасөздегі бұра тартушылықтарды әшкерелеп отырды. Адал да абыройлы еңбегі үшін облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Қазір Көпекең зейнет демалысында. Әбден тәртіпке, ре­жімнен ауыт­қымауға үйреніп қалған ба­сы қашан көрсең, қымбат уа­қы­тын жоғалтпауға тырысып, аз әң­гі­мелесіп, асығып тұрғаны. Дене шынықтырумен де жалықпай айналысып, қолындағы екі таяғын ескекше сермеп, таза ауада серуендеп жүргенін жиі көреміз.