Руханият • 02 Тамыз, 2021

«Сәтемір хан» кім?

1270 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ыбырай Алтынсаринның «Сәтемір хан» деп аталатын әңгімесінде жеті жасында жетім қалған Сәтемір деген бала далада ойнап жүріп бір аяғы ақсақ құ­мырс­қаның үйдің төбесіне қа­рай өрмелеп бара жатқанын кө­реді. Құмырсқа үйдің төбесіне көтерілгенше, екі рет құлап тү­седі. Соған қарамай ол тырмысып, бар күшін салып үшінші рет ұм­тыл­ғанда барып қисая-мисая үй­дің төбесіне шығып кетеді.

«Сәтемір хан» кім?

Сәтемір «Құдай-тағаланың жа­рат­қан жан-жануарларының ең кіш­кентайы құмырсқа да тынбай жұмыс жасап жүр; өзі ақсақ, бір тырмысып, екі тырмысып, жығылып, сонда да қоймай, ақырында дегеніне жетті. Менің жұмыс істемей ойнап жүргенім бекер екен», деп ойланып, қалаға барады. Онда бір оқымысты адамның үйін сыпыруға жалданып, тапқан ақ­шасына оқып білім алыпты.

Әңгіме «Ақырында сол Сәтемір ас­қан данышпан, айдай әлемге патша болған» деп түйінделеді. «Қобыланды батыр» жырының Ережеп Тілеу­ма­ған­бетұлы нұсқасында Сәтемір хан Қо­быланды батырдың беліне қару байлап, астына ұшқан құспен тең тұл­пар мінгенін, күш-қайратының тасып, Ақ­құртқадай сұлу да ақылды қызға үйленгенін көре алмай, оны мүлде жоқ етуді ойлайды. Сөйтіп Ноғайлының елінен қырық жігітті таңдап алып, қару-жарақ беріп Қобыландыны өлті­руге жұмсайды. «Өлтірсеңдер бе­се­уің бек боласыңдар, біреуің қарын­да­сы Хансұлуды аласың, біреуің Аққұрт­қа­дай сұлуға үйленесің, қазынаға қа­рық болып қаласыңдар», дейді. Қобы­ландыға хабар жібереді. Ол батырға келіп:

...Елден қырық қашқын

қашып тұр,

Патша жаман сасып тұр.

Ханды қайғы басып тұр,

Ақылдарын шашып тұр.

Алсын деп еді батырды-ай,

Қырық қашқынның артынан

Қырық жігіт бір шықты,

Бұлар қалды бата алмай.

Өзің қуып бармасаң,

Патшаң жатыр жата алмай, –

дейді.

Аңқау батыр бұған нанып, бір өзін мыңға балап, қырық қашқынның соңынан қуады. Қуып жетіп бірін найзамен шаншып, бірін садақпен атып, жиырмасын өлтіреді. Өлмей тірі қалғандарын ұстап алып, мұрындарын тесіп, кесіп Сәтемір ханның алдынан тізіп айдап өтеді.

Мұны көрген Сәтемір хан сасып, зәресі ұшып оны енді өзі Қаратаудай, көзі шаңырақтай, мұрты сабаудай, ұрты шұбар қаптай, тістері тастан соққан қаладай Барсакелместегі Қоз­ғалмас деген дәуді өлтіруге жұм­сай­ды. «Қырымның қырық батыры» кіта­бындағы «Едіге» жырында Сәте­мір қалмақтың ханы. Едіге:

Мен кетермін, кетермін,

Сәтемірдей қалмақтың

Еліне іздеп жетермін.

Сәтемірдің елінде

Шұбарды үш ай бағармын.

Осы отырған қолыңды

Ордада басын алармын.

Үш ай, тоқсан күн болғанда,

Осы ордаға жетермін,

Келерде хабар етермін, –

дейді.

Венгрия Ғылым академиясы Этно­графия институтының ғылыми қыз­меткері, доктор Дәуіт Қара Шомбай «Дала мен қала» газетінің тілшісі Ақ­­­еділ Тойшанұлымен сұхбатында: «Мен «Едіге» жырында аты аталатын бас­­қа жұрттарды арнайы зерттедім, – дей­­ді. – Мәселен, «Қырымның қы­­рық ба­тырындағы» Едігенің жауы қал­мақ деп аталады. Бірақ тек­сер­сеңіз, Ал­тын Орда дәуірінде қал­мақ пен қазақ соғыспаған. Міне, қы­зықты жайт, айталық Едігенің басты қарсыласы Сәтемір ханды жыршы қалмақ деп таныстырады. Ал шын мәнінде Сәтемір маңғыт руынан шық­қан нәсілі түркі, әйгілі қолбасшы Ақсақ Темір емес пе?! Осындай тұс­қа келгенде еуропалық көптеген ға­лым­дар қате пікір айта­ды. Қазақ эпо­сындағы қалмақты жоң­ғарлар деп ұға­тындар бар арамызда. Бү­кіл қазақ жырларында жаудың бар­лығы қалмақ деп айтылады, бұл – шын мә­нісінде фольклорлық санадағы тип­тік жау. Тереңірек зер салсаңыз жыр­ларда негізінен кәпірлер мен ел­дің сыртқы жауының барлығын қалмақ деп атау қазақ эпосындағы фор­мула­ның бірі болу керек».

Сәтемір – Ақсақ Темір, Орта Азия­ның билеушісі. Халық Әмір Темір, Те­мірлан деген. Орта Азияны билеп тұрған заманда оны және оның ұрпақ­тарын ұлықтай түсу мақсатында сол кез­дегі ғылым, білім тілі – парсыша Әмір­зада деп те атаған. Әмір – қа­зақ тілінде бұйрық, жарлық, үкім, билеу­ші, зада – нәсілі, тұқымы, негізі жақсы адам дегенді білдіреді. Түркі тайпалары өз тілдерінің заңдылықтарына орай, «Әмірзада» сөзінің екі жағындағы дыбыстарды келе-келе «жұтып қойып» мырза дегенді ғана айтатын болған. Дулат тайпасынан шыққан қазақ Геро­доты атанған тарихшы ғұлама ға­лым, ақын әрі мәмлегер/дипломат/ Мырза Мұхаммед Хайдари /1499-1551/ өзін Мырза Хайдар деп қысқаша атағанды қалаған. Бабыр /1483-1530/ оны Хайдар Мырза деп көрсетеді. Ал Мырза Мұ­хаммед Хайдарға баба­сының есімі бе­ріліпті. Бұдан мырза сө­зінің Әмір Темір заманынан бері айты­лып келе жатқанына көз жеткізе түсеміз.

1927 жылы Қ.И.Сәтбаевтың ал­ғы сөзімен КСРО халықтарының Орта­лық баспасынан қазақ тілінде араб әрпі­мен теріліп басылып шыққан «Еді­­ге» жырында да Сәтемір – өзге ел­­дің ханы.

Едіге Сәтемір ханның қызын іздеп келе жатып бір көк шатырға кездеседі. Астындағы атын қасында бірге келе жатқан 17 досына қалдырып шатырға келсе, өзі іздеп жүрген Сәтемір ханның қызын Дәудің ұлы Қабантын алып келе жатыр екен. Қыз Едігеге Дәудің ұлы зорлықпен алып келе жатқанын айтады. Едіге алыпты өлтіріп, қызын аман-есен Сәтемір ханға алып келеді. Сәтемір үлкен той жасап, қызын Еді­геге қосады. Айы жетіп, күні тол­ған соң ол ұл туады. Оның атын Нұра­лын деп қояды. Нұралын айбатты да қай­ратты батыр болып өседі. Екеуінің ара­сында түсініспестік те болып, ке­йін әкелі-балалы батырлар бір-бірімен табысып, татуласады.

Қ.Сәтбаев осы «Едіге» жырының алғы сөзінде Едіге батырдың әңгіме­сін Шоқан Уәлиханов бірінші рет 1841 жылы Аманқарағай округіндегі «Күр­леуіт қыпшақ» тобынан шыққан Жұ­мағұл дейтін ақыннан естіп, Жұма­ғұлдың айтқандарын тағы да заты қыпшақ Арыстанбай деген ақынның сөзімен салыстырып, әкесі Шыңғыс екеуі 1842 жылы қағазға түсіргендерін айтады.

Ы.Алтынсарин «Едіге» жырының бұл нұсқасын естіген де, тіпті оқыған да шығар? Өйткені екі жыршы да, қып­шақ руынан, Аманқарағайдан, ру­лас, жерлестері, Ыбырай олармен та­ныс та болуы мүмкін.

Сондай-ақ Қ.Сәтбаев «Жырда кез­­де­сетін кірме сөздердің бәрі де пі­­шін­­дерін бұзып қазақшаланып кет­­кен. Мысалы: Шатемір-Сәтемір» сияқ­тылар», дейді.

Шад – парсы тілі, қазақша – қуа­ныш, шат деген ұғымды білдіреді. Яғни Сәтемір емес Шат Әмір - қуа­ныш­­ты билеуші болуы мүмкін. Өйт­кені парсы тілінде темірді «аһән» дей­ді. Темір деген сөз жоқ.

Ғалым «Едіге батырдың әңгімесі XIV ғасырдың ішінде басталуы ке­рек», деп ол кезде «қазақ» елі өз бе­тінше жеке отау тікпегенін, бір шеті Алтай мен Тянь-Шань, екінші шеті Бал­қан тауларының Шығыс бөктері ара­лығындағы ұлан-байтақ жерде түр­лі түрік қауымдары ерсілі-қарсылы жөң­кіліп көшіп жүргенін, бұл қауым Ақ орда, Көк орда, Алтын ордаға бөлі­нетінін баян етеді. Сөйтіп, Ұлы хан Алтын ордада тұратынын, жырдағы Тоқтамыс – осы Алтын орданың ең соңғы ханы, Сәтемір – атақты Ақсақ Темір екенін айтады.

Әмір Темір (1336-1405) – Тему­рид­­тер империясының негізін қала­ған ­айтулы, ерен тұлға. Жоғарыда Ма­жар­стан ғалымы «Маңғыт руынан шық­қан» депті. Шындығында ол Бар­лас руынан шыққан. Барлас тайпасы­ның биі Тарағай бектің баласы. Барлас руы түркі тілдес тайпаларға жатады. Олардың ұрпақтары өзбек халқының құрамында. Барластар Шыңғысхан жорығы тұсында Моңғолиядан Орта Азияға қоныс аударған. Әмір Темірдің арғы атасы – Қаражар, одан Ижил, одан Әйлеңгір, одан Берекел, одан Мұхаммед Тарағай, одан Әмір Темір.

Темір барластардың бір бөлігінің бегі еді. Кейін өзіне басқа бектерін қаратты, Шағатай ұлысының хандары – Моғолстанның билеушілеріне қарсы көтеріліс бастаған. Темір бас­қар­ған жігіттер керуендеріне ша­буыл жа­саған, сондықтан оны жасында бас­­пашы болды дейді. Бектердің бегі бо­лып, Шағатай ұрпақтарынан тә­уел­сіз мемлекет құрған. Бірақ Шың­ғыс­ханның тікелей ұрпағы болмаған­дықтан, өзінің лауазымы «хан» емес, «әмір» еді.

Ыбырай әңгімесінде «хан» делі­неді. Балаларға түсінікті болуы үшін әрі көне эпостарға сүйеніп солай ата­ған болуы керек.

Әңгімесінде суреттелген құмырсқа ақсақ. Соған қарағанда, ұлы ұстаз Ақсақ Темір өмірі мен іс-әрекетінен жақсы хабардар болған. Яғни Ақсақ Темірдің бала кезінен ақсайтынын білгенге ұқсайды.

Темір жайында аңыз-әңгімелер де, деректер де көп. Солардың бірі Ибн Арабшахтың дерегінде әкесі кедей ұс­та екен, Темір қой ұрлап жатқан сәт­те оған садақтың жебесі тиіп жара­лан­ғандығы туралы айтылады.

М.М.Герасимовтың Темір мәйітін зерттеу қорытындысы бойынша оның бойы шамамен 172 см құрағанын және физикалық жетілген өте мықты тұлға болғанын, аяғы бала кезінде құрт ауруымен (туберкулез) ауырғандықтан бүгілмей қалғанын көрсетті.

Ыбырай шығармасында Сәте­мір­дің жасында бір ауқатты адамның үйін сыпыруға жалданғаны әңгіме бола­ды. Шығыстанушы ғалым Әбсаттар Дер­бісәлі: «Атақты «Зафарнаманың» (же­ңіснама) авторы Шараф ад-Дин Иазуи (?-1454) Ақсақ Темірдің құра­мында Қожа Ахмет Ясауидің де ғимараты бар арнайы қорға (вакуф-Ә.Д.) арнап қолхат қалдырғанын айта­ды, – деп жазады. – Онда ол қор­ды «ешқандай» жағдайда сатуға, жеке­меншік секілді ұрпақтан-ұрпаққа қал­ды­руға, қандай болмасын сылтаумен базбіреуге сый ретінде уақытша немесе түбегейлі беруге болмайтынын қат­ты ескерткен.

Қолхатта қорға тиесілі жерлер ау­қымы белгіленіп, одан түскен табыс­ты бөлу жайлы да дәл айтылған. Кі­ріс, табыстың бір бөлігін Ақсақ Те­­мір Әзірет Сұлтанға, яғни Қожа Ах­­мет Ясауиге бейсенбі, дүйсенбі күн­­дері Құран оқитын екі қарыға бе­­ру­ге бұйырса, ал кесененің іс жүр­­гі­зушісі (Мутауалли-Ә.Д) етіп ұлы ақын ұрпақ­тарының бірі Мір Әлі Қожа шай­қыны тағайындаған. Даңқ­ты қолбасшы кесененің су тасушысы мен сыпырушысы, бағбан, шырақшыларының міндеттері туралы айтуды да естен шығармаған».

Әмір Темір осы аманатында «Бұл қасиетті зират жанында жергілікті жа­мағат ішінен су тасушы және сыпы­ру­шының міндетін атқаратын екі адам болуға тиіс. Олар бұл міндетті қо­лынан келгенше мүлтіксіз, мінсіз ат­­қарып, орындарында дайымы бо­лып, өз істеріне қамқорлықпен қа­рауы қажет», – десе, тағы бірде: «Осын­­да айтылған шарт бойынша қор­­ды айтылмыш шайқы Мір Әлі қо­жа мұқият және мүлтіксіз басқарып, екі қарының күнкөрісі үшін жыл са­йын астық өнімінен 150 батман би­дай­лық азық-түлік сушы, бағбан, сы­пырушының әрқайсысының күнкө­рісі үшін бөлінсін», – деп аманаттауы да Ыбырайдың «Сәтемір жасында сы­пырушы болды» дегенін растай тү­сетін сияқты.

Әмір Темірдің бұйрығымен 1396-1399 жылдары Қожа Ахмет Ясауи қа­бі­рінің басына тұрғызылған Түркіс­тандағы кесене – ортағасырлық сәулет өнері ескерткіштерінің тамаша туындысы.

 

Серікбай ОСПАНҰЛЫ,

ақын, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры