Олимпия ойындарына 41 елден 96 балуан қатысады. Бұлардың ішінде екі мемлекет қана толық құраммен қатысады. Олар – Ресей мен Иран. Қазақстан құрамасы алты салмақтың бесеуінен жолдама алды. Бұл көрсеткіш бойынша АҚШ құрамасымен қатар тұрмыз. Өзбекстан, Жапония, Үндістан, Түркия сияқты күрес түрлері жақсы дамыған елдердің өзінде төрт жолдамадан ғана бар. Сондай-ақ Беларусь пен Алжир елдерінің балуандары да төрт салмақта белдеседі. Ал Әзербайжан, Қытай, Куба, Грузия, Моңғолия сияқты елдер Олимпиадаға үш салмақта ғана балуандарын әкелген.
Дегенмен біз үшін жолдаманың саны емес, сапасы маңыздырақ.
* * *
Еркін күрес балуандарының 1996 жылдан бергі нәтижелеріне көз салсақ, тек соңғы Олимпия ойындарында ғана қоржынымыздың бос қайтқанын байқауға болады. Мәселен, Атлантадағы алғашқы Олимпиадада Мәулен Мамыров қазақ елін қола медалімен қуантты. Одан кейін Сиднейде Ислам Байрамуков күміс медаль алса, 2004 жылы Геннадий Лалиев тағы да тұғыр биігінен көрініп, Қазақстан құрамасына күміс медаль сыйлады.
2008 жылы Қытай астанасында Марид Муталимов қола медальға ие болды. Арада төрт жыл өткенде Ақжүрек Таңатаров пен Дәулет Шабанбай дәстүр сабақтастығын бұзбай Лондон төрінде қоржынға қола медаль салды.
* * *
Еркін күрес – әлемде қарыштап дамып келе жатқан күрес түрлерінің бірі. Әсіресе Ресей, АҚШ, Иран, Жапония, Әзербайжан сияқты елдерде еркін күрестің еңсесі басқа күрес түрлеріне қарағанда жоғары. Олимпия ойындарында алты салмақтың медалін «көкпарға» салатын да осы елдің балуандары. Қазақстандық балуандардың басты қарсыластары да осылар екені даусыз.
Осыдан екі жыл бұрын Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатында қола жүлде алған Нұрислам Санаев Токиода медаль алуы мүмкін деген үміткерлеріміздің бірі. Нұрисламның басты қарсыласы – сөз жоқ, ресейлік Заур Угуев. Ол – әлемнің екі дүркін чемпионы. Сондай-ақ кілем қожайыны Юки Такахаси де «Олимп шыңына шығамын» деп белді бекем буып отыр. Осыдан он бір жыл бұрын жапон спортшысы жасөспірімдер арасында өткен Олимпия ойындарында топ жарғаны есімізде. Содан бері ересектер арасында әлем чемпионы атанды. Азия ойындарының қола жүлдесін жеңіп алды. Азия чемпионы деген атағы тағы бар. Жасы 27-де. Қысқасы, жапондық балуанның тәжірибесі толысқан, нағыз бабындағы кезі.
Орда бұзар жасқа жеткен Нұрислам Санаев та осал емес. Рио Олимпиадасының қарсаңында Қазақстан азаматтығын алған балуан содан бері халықаралық аренада еліміздің атын шығарып жүр. Бразилия астанасында жолы болмады демесеңіз, Азия чемпионы, әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері атанды. Көптеген күрес маманы Токио Олимпиадасының бас жүлдесін Угуев пен Санаев сарапқа салады дегенді айтады.
Токиода үміт артып отырған балуандарымыздың бірі – 74 килодағы Данияр Қайсанов. Бірден айтайық, егер Даниярға Жапония жерінде жүлде бұйырып жатса, шығысқазақстандық балуан үшін бұл үлкен жетістік болар еді. Өйткені 74 килода кілең мықтылар топтасқан. Барлығына жеке-жеке тоқталмай, үш балуанның ғана есімін атайық. Олар әлем чемпионатының екі дүркін жеңімпаздары – Франк Чамизо (Италия), Заурбек Сидаков (Ресей), Кайл Дэйк (АҚШ).
Олимпия ойындарында бозкілемге шығатын бес балуанның ішінде Дәулет Ниязбеков сияқты тәжірибелі балуандарымызбен қатар Әлішер Ерғали, Юсуп Батырмұрзаев сияқты жас балуандарымыз да бар.
Еркін күрсе балуандары қашан белдеседі?
4 тамыз. Нұрислам Санаев (57 кг)
5 тамыз. Данияр Қайсанов (74 кило), Юсуп Батырмұрзаев (125 кг)
6 тамыз. Дәулет Ниязбеков (65 кило), Әлішер Ерғали (97 кг).