15 Қаңтар, 2014

Нарынқол назардан тыс қалып барады

524 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Ерекше назарды шекарамен шектес аумақтарға аударған жөн. Олардың әлеуеті әлі толық ашылған жоқ. Оларды өмір сүруге қолайлы ете түсу қажет. Үкімет облыстардың әкімдерімен бірлесіп 2013 жылы шекарамен шектес аудандарды дамыту жөнінде қосымша шаралар кешенін әзірлеуі қажет», деп «Қазақстан-2050» Cтратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында атап айтты. Жолдаудың жалпы тапсырмалары Алматы облысында жүзеге асырылғанымен, бір проблема – Қытай Халық Республикасымен шекаралас Нарынқол ауылы біртіндеп болашағы жоқ елді мекендер санатына қосылып, жастар жұмыссыз қалып, орта буын оңтүстік астананы бетке ала көшіп, тек кәрі-құртаң қарт адамдар мекеніне айналып отыр. Кіндік қаны тамып, өз қолдарымен қалалық үлгіде салған ауылда зейнетақыларымен күн көріп отырған аға буын өкілдерінің ұстанымы: «Ел шекарасын халық күзетеді, біз сол елдігімізден таймаймыз, әгәрәки бақилық болсақ туған жерден топырақ бұйырса ризамыз» дегенге саяды. Міне, сол өңірге арнайы барып жағдайды көрдік, қарапайым халықпен тілдестік. Әңгіме төркіні төмендегідей.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Ерекше назарды шекарамен шектес аумақтарға аударған жөн. Олардың әлеуеті әлі толық ашылған жоқ. Оларды өмір сүруге қолайлы ете түсу қажет. Үкімет облыстардың әкімдерімен бірлесіп 2013 жылы шекарамен шектес аудандарды дамыту жөнінде қосымша шаралар кешенін әзірлеуі қажет», деп «Қазақстан-2050» Cтратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында атап айтты. Жолдаудың жалпы тапсырмалары Алматы облысында жүзеге асырылғанымен, бір проблема – Қытай Халық Республикасымен шекаралас Нарынқол ауылы біртіндеп болашағы жоқ елді мекендер санатына қосылып, жастар жұмыссыз қалып, орта буын оңтүстік астананы бетке ала көшіп, тек кәрі-құртаң қарт адамдар мекеніне айналып отыр. Кіндік қаны тамып, өз қолдарымен қалалық үлгіде салған ауылда зейнетақыларымен күн көріп отырған аға буын өкілдерінің ұстанымы: «Ел шекарасын халық күзетеді, біз сол елдігімізден таймаймыз, әгәрәки бақилық болсақ туған жерден топырақ бұйырса ризамыз» дегенге саяды. Міне, сол өңірге арнайы барып жағдайды көрдік, қарапайым халықпен тілдестік. Әңгіме төркіні төмендегідей.

Медетхан АБИЫРОВ, На­рын­қол ауылының тұрғыны, зей­неткер: Нарынқолдың кез келген көшесімен жүрсеңіз қақпадан «үй сатылады» деген жазуды көресіз. Есік-терезесі бекітілген. Ауылда қалған шал-кемпірдің ең жасы мен 71-ге толдым. Қиын болса да бес-он тұяқ малды бағып, ұлтарақтай жер телімін күтіп, қаладағы балаларымның азығын қамдап отырған жайым бар. Төрт жыл бұрын «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Нарынқол ауылының тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету үшін жер астынан су шығару жұмысы басталған еді. Оның ұзындығы 54 шақырым болатын. Әр үйге жеке су тартылып, барлық жағдай жасалады деген-тін. Сол жұмыс басталып, 19 шақырым жерге жетті де аяқсыз қалды. Су шығару үшін көшелерді қазып, астан-кестеңін шығарып тастады. Ол жерлермен автокөлік түгіл, жаяу адамдардың жүруі мүмкін емес. Ауыл көшелерінің ортасында шодырайып, құдық қақпасы жатыр. Сол құдықтан әр үй тұрғыны өзіне арық қазып су желісін тартып алуы керек екен. Ауыл тасты жерде орналасқан. Зіңгіттей жігіттер көтере алмайтын сол тастарды кемпір-шал қалай көтеріп, қазып үйіне су құбырын тартып алмақ. Бұған тиісті орындар не айтар екен? Нарынқолға «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ауызсу тартуға жарияланған тендерді жеңіп алып, әлгіндей әрекетімен елдің есінде қалған «Қарасай құрылыс» ЖШС өкілі ме, басшысы ма Нарынқолға алғаш келгенде қолында күрегі де жоқ болатын. Жұмыс істеу тәсілі солай болу керек, арада аз уақыт өткенде ол екінші фирманы жалдады, сосын әлгі фирма үшінші фирманы жалдады. Не керек содан әлгі басталған жұмыс аяқсыз қалды.

Менің жеке үйім бар, зей­нет­кермін. Ауылдың жағдайын кө­теріп, Парламент Мәжілісінің депутаттарын да құлағдар еттім. Шыны керек шекараны халық күзетеді. Мына заставадағы 30 сол­дат оны күзете алмайды. Ке­зінде Нарынқолда 14 мың халық тұрған еді. Қазір небәрі 6,5 мың ғана адам қалды. Дәл осы жағдай өзгермесе, енді аз уақытта Нарынқолда ел қалмай, көшіп кетеді. Бұл шекаралық ауыл ғой. Көрші ел олай істеп отырған жоқ. Қайта ауылдарын үлкейтіп, олардағы адам санын көбейте түсуде.

Бекболат БІРБАЕВ, Алматы облыстық мәслихатының депутаты: Кіндік қаным Нарынқолда тамып, осында өсіп еңбек етудемін. Елдің арманы шекаралық ауданды қайта ашып, оның орталығы етіп Нарынқолды бекітсе деген тілек. Сонда байырғы тұрғындар қайта көшіп келіп, күнкөріс қамын күйттеп жұмыс іздеп кеткен балалар мен қыздар да оралары анық. Шыны керек, оралмандар кел­гелі ауылда тіршілік нышаны байқалуда. Бірақ олардың ең­бек етіп, табыс табуына жағдай жа­сал­мақ түгілі, тыныштық беріл­меуде. Жұмыссыз болған соң жас­тар жел сөзге ергіш келеді. Бір­де ауыл жастары мен оралман ағайындар арасында қақтығыс бол­ды. Ол шекісуді басатын құ­қық қорғау қызметкерлері жоқ. Бү­кіл ауылдық округтегі жалғыз по­ли­цейді ешкім тыңдамайды. Сон­дықтан біз ел азаматтары жина­лып барып әлгі қақтығысты әрең бастық.

Нарынқол өңірінің тағы бір проблемасы трактор мен ком­байнның жетімсіздігі. Ел арпа-бидай егіп өсіреді. Сол өнім піскен кезінде жинай алмайды. Қардың астында қалады. Еңбек зая кетеді. Былтыр өзім велосипедке мініп, ауылды аралағанымда 200-ден астам үй сатылады деген жазуды оқыдым. Сөйтіп ел кетсе, мына шекараны кім күзетеді?!

Мемлекеттік шекарамыз қа­рау­сыз қалды. Бұрын бірінші линия ретінде сызылып, тартылған тікен темір үзілген. Одан арғы не­гізгі шекарада тікен темір аты­мен жоқ. Оны өз көзіммен көр­дім. Бірде-бір сигнализация орнатылмаған. Он жылдан астам уақыттан бері көрші ел жақ­тан келетін мал ұрлығы пай­да болды. Алдыңғы жылы сондай жымысқылар Таутай деген ақсақалдың 25 жылқысын Қы­тай­ға қарай айдап кетті. Із-түзсіз жоға­лып жатқан мал өз алдына. Екі мемлекеттің ортасында түйісу деген бар. Сол белгіге біз «Газ 66» маркалы автокөлігімен жете алмаймыз. Ал арғы беттегі Қытайдың жолы тақтайдай тегіс. Жеңіл көліктер жүйткіп жүреді. Шекараның арғы бетіндегі салып жатқан қаласы анау. Сол қаладан шыққан музыка үні бізге жетіп, жарқылдаған электр жарығын көреміз. Ал біз жақ жым-жырт. Сонда біз ешкімге керек емеспіз бе?!

Жақсылық БАЙСЕРКЕЕВ, еңбек ардагері, зейнеткер: Ау­дан орталығының Нарын­қол­дан көшірілуі халық үшін дұ­рыс болған жоқ. Текес ауылында бұрын 6,5 мың халық тұрса қазір небәрі 4 мың адам қалды. Қандай да бір құжат үшін 90 шақырым жердегі аудан орталығы Кегенге барып келуге қаражат та, уақыт та кетеді. Оны көтеретін жағдайымыз шамалы. Халық тұрғын үйлерін бұзып, жарамды құрылыс материалдарын алып қалаға қарай көшуде. Ауыл тозып кетті. Азын-аулақ малымен, шағын жер телімімен ел көрер күнін ілдәлдалап көріп отыр. Байырғы әдетімізге басып ескірген техникамен болса да жер жыртып, тұқым сепкенімізбен бірде-бір рет суара алмаймыз. Кезінде өсірген өнімді қозыкөш жердегі Байынқол өзенінен суаратынбыз. Қарлы таудан басталып көктемде таситын ағыны қатты өзен бойында шынжыр табанды алып трактор тұрақты тұрып, тасыған өзен суын Қытайға жібермей біздің арналарға аударып тұратын. Ал қазір ол техника жоқ. Тасыған су шекарадан арғы жаққа кетіп жатыр.

Абай ИСАБАЕВ, Нарынқол ауылының тұрғыны, зейнеткер: Ауыл шекарадан 3 шақырым, тіпті, кей тұстары 1 шақырым ғана жерде орналасқан. Салыстырмалы түрде алсақ шекараның арғы бетіндегі қытайлар дәл іргемізге сән-салтанаты артқан он қабатты үйлерді салып, көшелерін жар­қыратып қойды. Ал шека­ра­ның түбіндегі Нарынқол ауылының халқы Алматы қаласына қарай үдере көшіп жатыр. Оның себе­бі, әлеуметтік мәселелердің дұ­рыс шешім таппауы болып отыр. «Дип­ломмен – ауылға!» бағдар­лама­сы бойынша жастар ауылға келгенімен, олар тұратын баспана жоқ. Жиындарда, мінберлерде айтылғанымен былтыр да, биыл да ешқандай тұрғын үй салынбады. Ауылдағы мәдениет үйі мен кітапхананы сан рет ағымдағы жөндеуден өткізді. Бірақ әлі күнге шаруасы көп. Мұны елдің алдында үлкен жиындарда айтсақ жексұрын көрінеміз, бірақ бәрібір айтып та жүрміз. Қысқасы ауылда жағдай нашар.

Бақберген ЖЕЛДІКБАЕВ, На­рынқол ауылдық округі әкі­мі­нің орынбасары: Қазақстан Республикасының, Алматы облы­сындағы Райымбек ауданының Нарынқол ауылы тұсындағы мем­лекеттік шекара мен Қытай елінің Текес аймағы қатар орналасқан. Көршіміз күннен-күнге мал басын көбейтіп келеді. Онда, әсіресе, тау бөктеріне орналасқан халықтың саны көбейіп, жайылымдық жерлерге тұрғын үй салғызып, әртүрлі демалыс орындарын көбейтуде. Соның бәрін көріп Қы­тай елі неге шекаралық айма­ғын дамытып келеді деген ой түйеміз. Нарынқолдан небәрі 15 шақырым жердегі қалашықта 5,6,10 қабатты тұрғын үйлер ас­қақ­тап, шекаралық аймақ күшею­де. Ал, біздің елде қозғалыс жоқ. Ше­каралық аймаққа кө­ңіл бө­лін­бесе болашағымыз бұлың­ғыр ғой. Түптің түбінде жақсы­лыққа апара қоймас.

Шаруа қожалықтары заң­дас­тырып алған жерлерін тас­тап кетулерінің бірінші себебі, ауыл­да жұмыс орны жоқ. Екін­шіден, шекаралық аймаққа кө­ңіл бөлінбей, аудан орталығы Ке­ген өзіміз сөз етіп отырған На­рын­қол ауылынан 100 шақырым жер­де болғандықтан, түрлі қажет­ті­ліктерге барып келу қиындығы туып, халық көшуде. Жерін тас­тап, үйін сатып кетуінің тағы бір себебі, әлеуметтік жағдайдың нашарлығы. Шекараның ішінде 2500 гектарға жуық жайылымдық жер бар. Сол егістік жерлерде былтыр жұмыс жақсы жүрді. Әйткенмен, бейтарап аймаққа кіріп-шығу кестесі біздің көңі­лімізге қонбайды. Негізі күн сайын таңғы сағат 8-ден кешкі сағат 20-ға дейін ашық тұратын ше­карамен арадағы бейтарап зона­ны әскерилер түскі мезгілді сыл­тауратып 3-4 сағат жауып тас­тайды. Бұл заңнамаға сай ма, сай емес пе оны ешкім ашып айтпайды. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінен келген адамдар «бұл шекара бекеті тұрақты ашық тұру керек» дейді. Ал, іс жүзінде әлгіндей жағдай орын алып тұр. Райымбек ауданында орын алған келеңсіз жайдың тағы бірі шекарадағы Нарынқол – Байынқол – Қаратоған – Текес – Қызылшекара – Жамбыл – Сүмбе және тағы басқа ауылдар арасындағы көлік жолдары өте нашар. Малын баға алмаған зейнеткерлер тоғайға айдап жіберсе сол малы ұры-қарының қолында кететіні тағы бар.

Тілші түсініктемесі.

Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасының Панфилов ауданы шекарасындағы жағдай мүлдем бөлек. Рас Райымбек ауданы мен Панфилов ауданы әлеуетін салыстыруға еш келмейді. Өйткені, Панфилов ауданы аумағында ел кеденінің күретамыры Қорғас бекеті орын алған. Тағы бір артықшылығы дәл шекарадан 15 шақырым жерде Нұркент қалашығының бой көтеруі болып отыр. Қазақстан теміржолы акционерлік қоғамы қаражатымен салынған бұл қалашық аталған ұжым иелігіне жатады. Көп қабатты тұрғын үй­лер тұрғындары пайдаланған ком­муналдық қызмет ақыларын Қазақстан теміржолы акционер­лік қоғамы төлеп, сол үйге керекті жиһаз, тіпті, ыдыс-аяққа дейін алып берген. Халықтың жағдайы өте жақсы болғандықтан, аталған ұжым арқылы жұмысқа орналасып, Қарағанды, Қызылорда об­лыстары мен Алматы облы­сы, Алакөл ауданындағы Дос­тық кеденінен Нұркентке келу­ші­лер баршылық. Елбасының шека­ралық өңірлерді өркендету, көркейту сынды сарабдал саясатына сәйкес, бұл өңірде жүйелі жұмыс жүруде. Небәрі бір жыл­дың ішінде теміржол төселіп, Ал­тынкөл стансасы салынды. Нұр­кент қалашығында 2500 халық тұрады. Бұрын жұмыссыз жүрген адамдардың барлығы теміржолда түрлі мамандықтарды меңгерген. Жұмыссыз адам жоқ. «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 100 млн. теңге бөлініп, Қорғас ауылындағы ауызсу мәселесі шешімін тапты. Шекара болған соң сауда-саттық та жақ­сы дамыған. Ауыл азаматтары ше­телдік паспорттарымен ар­наулы автобустарға отырып ешқандай визасыз бір күнде кіріп-шыға ала­ды. Нұркентте жаңадан монша, тұрмыс қажетін өтеу комбина­ты, 500 орындық орта мектеп, 150 орындық балабақша, 100 орын­дық амбулатория салынып, жұ­мыс істеп тұр. Бір сөзбен айтқан­да, халықтың әлеуметтік жағ­дайы күннен-күнге жақсарып келе­ді. Тағы бір айта кетер жайт, жүр­гі­зу­шілік куәлігі бар азаматтар күн сайын шекарадан өтетін жүз­деген көліктерді фирма басшыларымен келісіп, Алматы, Ақтау қалаларына тіпті, Ресейге дейін айдап апарып беріп, қаражат табуда.

Қытай Халық Респуб­ли­ка­сы­мен шекаралас жатқан Алакөл ауданында да халықтың жағдайы жақсы. Бір қуанарлығы бұл ауданнан шыққан қалталы азаматтар халыққа жақсы көмектесуде. Аталған ауданның орталығы Үш­арал қаласының күннен-күнге дамып келе жатқаны соның жарқын дәлелі. Лепсі өңіріндегі көлік жол­дарын қайта жөндеуден өткізуде танымал кәсіпкер Бауыржан Ос­панов зор еңбек сіңі­руде. Тұтастай алғанда, Алакөл ау­данындағы шекарамыз берік.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасын бекіту туралы» 2012 жылғы 25 мамырдағы № 683 қаулысында « Ірі қалалардан және негізгі көліктік дәліздерден шалғайлығы (75 шақырым және одан артық немесе 1 сағаттық қолжетімділік)», «Соңғы 10 жылдағы көші-қон сальдосының теріс серпіні (халық санының азаюы негізінен жоғары білікті еңбекке қабілетті халық есебінен іске асады)», «Су, электр, жылу инфрақұрылымының тозуы 80 %-дан, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет объектілерінің тозуы 70 %-ға түседі», «Жұмыссыздық деңгейі» сынды критерийлерге сәйкес келетін моноқалалар экономикалық әлеуеті төмен қалаларға жатады. Осы критерийлерге сәйкес әлеуеті жоғары және төмен қалалар қатарына кірмеген моноқалаларды облыс әкімдігі әлеуеті орташа елді мекендер тізіміне енгізеді деп көрсетілген. Рас, Нарынқол ауылы бұл критерийлерге кірмек түгілі жоғарыда аталған бағдарламасы жасалған 47 моноқала тізіміне де, тіпті, әлеуеті орташа елді мекендер қатарына да енгізілмеген. Жоғары жақтың нұсқауынсыз, тілдей қағазынсыз атқарушы билік мызғымайтынын, елдің мұң-зарына назар аудармайтынын жазып, мәселенің мәнісін басқа арнаға аудармаймыз. Елбасының айтқаны қалай да заңнама шеңберінде жүзеге асуы керек. Бұл – талап. Сондықтан, ел шекарасын нақтылай түссек, Нарынқол өңірінің өзекті мәселесін тиісті орындар назарына ұсынамыз. Елбасының саясатына сай әрекет ете білсек, 1997 жылы мемлекеттік мәселеге қатысты көп жайт ескерілмей (бұрынғы Нарынқол ауданын) Райымбек ауданы құрамына қоса салған шекаралық өңірдің бағы жанар. Ең бастысы, ел шекарасы бекіген үстіне бекіп, күллі қазақстандықтар бейбіт өмір сүретіні анық.

Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,

«Егемен Қазақстан».

Алматы облысы,

Райымбек ауданы,

Нарынқол ауылы.

Соңғы жаңалықтар

Қала көркіне айналмақ эко-парк

Экология • Бүгін, 13:23